Сот бұйрықтары
Бүгінгі күні сот жүйесіне халықтың сенімін арттыруға және сот жүктемесін оңтайландыру бағытында сот саласында көптеген жұмыстар атқарылуда.
Әсіресе соңғы жылдары халықтың әуре-сарсаңын азайтып, уақытын тиімді пайдалануға түрткі болатын өзгерістер жиі қолға алынып жатыр. Соның ішінде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 1-кіші бөлімінің, 12-тарауында қарастырылған бұйрық арқылы іс жүргізудің тиімділігін атап өтуге болады.
Сот бұйрығы қалай шығарылады? Оның ерекшелігі не?- деген сұрақтар азаматтарды мазалауы мүмкін. Осы орайда, сот бұйрығының шығарылу тәртібіне қысқаша тоқталып өткен жөн.
Ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын асырау алимент төлеу міндеттемелерінің ең бастысы болып табылады. Ата-ана кәмелетке толмаған балаларын табиғи түрінде де және заң бойынша асырауға міндетті. Бұл міндет «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 19 - тарауында көзделген.
Егер кәмелетке толмаған балаға алимент өндіріп алудың басқа даулы жағдайлармен байланысы болмаса, яғни баланың ата-анасының әкелігін тану, үшінші тұлғалардың қатысу қажеттілігі болса, заң бойынша сот бұйрығы шығарылуы мүмкін. Азаматтық процестік кодексі кәмелетке толмаған балаларға оңайлатылған тәртіппен алимент өндіріп алуды көздейді, яғни сот талқылауынсыз соттың бұйрығы негізінде (Азаматтық процестік кодексінің 12 - тарауы «Бұйрық арқылы іс жүргізу»).
Ең алдымен бұйрық арқылы іс жүргізу жеңілдетілген сот өндірісіне жататынын ұмытпауымыз керек. Себебі, бұл азаматтардың өз құқықтарын қорғаудың қарапайым түрі, қаражаты мен уақытын үнемдеудің сенімді тетігі.
Сот бұйрығы жауапкер және талап қоюшыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай және сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша жауапкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы талап қоюшының арызы бойынша, сондай-ақ заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді орындау туралы талап қоюшының арызы бойынша электрондық нысанда шығарылатын сот актісі болып табылады.
Сот бұйрығы сондай-ақ сот актісі болып табылады. Осы құжаттың көмегімен талап қоюшыға оның нақты құқықтары түсіндіріледі және оларды сот тәртібімен растайды. Ал борышкер сот бұйрығын өзі орындамаған міндеттемеге қатысты биліктің ескертуі деп қабылдауы керек.
Сот бұйрығы мен сот шешімінің арасында айтарлықтай өзгешеліктер болады. Себебі сот бұйрығы мазмұны бойынша сот шешіміне қарағанда айтарлықтай қысқа. Онда сипаттау және дәлелдеу бөлігі жазылмайды. Даусыз талап түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде судья сот бұйрығын шығарады және жауапкер сот бұйрығының көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде заңды күшіне енеді. Тараптарға уақыт жағынан тиімді тұсы осы болып табылады. Өйткені егер осындай даусыз талаптар жалпы негізде азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралып, шешім қабылданар болса, тараптар қабылданған шешім заңды күшіне енгенге дейін уақыт жоғалтар еді. Айта кетсек, шешім заңды күшіне бір ай мерзімде енеді.
Сот бұйрығы шыққаннан кейін келесі күні жауапкерге тапсырылуы тиіс. Егер жауапкер Азаматтық процестік кодекстің 142-бабына сәйкес, талапқа қарсылық білдірсе, судья сот бұйрығының күшін жояды. Ал егер белгіленген мерзімде сотқа жауапкерден қарсылық түспесе, сот бұйрығы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындауға жіберіледі.
Н.ЕлшібековШиелі аудандық соты әкімшісінің
бас маман-сот отырысының хатшысы