Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫМЫЗ САУДАСЫН ҚЫЗДЫРҒАН

ҚЫМЫЗ САУДАСЫН ҚЫЗДЫРҒАН

Қамбар ата түлігін баптап, бие сауып, қымыз ашыту - екінің бірінің қолынан келе бермейді. Керделі елді мекенінің тұрғыны Күлзина Абдуваитова шағын ғана аулада бие байлап, қазақтың ұлттық сусыны қымызды өндіріп отыр. Бүгінде кейіпкеріміз аядай ғана атакәсіпті табыс көзіне айналдыруда.
Сүлейлердің соңғы тұяғындай болған Нартай Бекежанов ауылында Әбілдаевтар отбасы тұрады. Олар нағыз қара еңбекпен еңсесін тіктеп келе жатқан әулет. Үйдің отағасы Архарбек Әбілдаев егін шаруашылығымен айналысса, отанасы Күлзина қымыз баптаушы.
– Қымыз – қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметтісі. Ол тек қана бие сүтімен ашытылады. Бие сүті – сондай дәмді, адам ағзасына шипалы сусын. Сауынға байланған биені шошытып-үркітіп алмай, жуасытқан тиімді. Биені сауған соң 1,5-2 сағат ішінде қайтадан желініне сүт толады. Биелерді күніне 4 рет, әрбір 2 сағат сайын сауамын. Бір сауым сүт жарты немес бір литрге дейін береді. Таңғы сауым 10:00-де, содан кейін кешкі сауым 17:00-де бітеді. Саумал жаңа сауылған сүт пен ашытылған қымыздың арасындағы өтпелі сусын. Егер сіз биебаудың басынан сүт ішкіңіз келсе, жаңа сауылған сүт керек деп айтқан абзал. Алайда «саумал» деп айтуға дағдыланып кеткенбіз. Саумалды ауылға демалуға келген балаларым, немерелерім ішеді. Әсіресе мамыр айының саумалы денсаулыққа өте пайдалы, – дейді Күлзина апа.
Дәмі таңдай қақтырар қымызды дайындау үшін оны күріш немесе тары суымен, айранның сарысуымен, сиыр мен ешкінің сүтімен сұйылтудың қажеті жоқ. Оған су құйсаңыз – құрттым деп санаңыз. Мұндай сусын зиян. Осы бір маңызды ақпаратты Күлзина Абдуваитовамен тілдескенде естідік.
Ұлдары мен келіндеріне қымыз дайындаудың қыр-сырын үйретіп, қазақтың салт-дәстүрін айтып отыратын осы шаңырақтың ұйытқысы болып отырған ақ жаулықты анамыз бие сауып, қымыз баптаудың да өзіндік машақаты барын жасырмады.
– Қымыз – төл мәдениетіміздің бірегей бөлігі деп ауыз толтырып айта аламыз. Қымызды ашыту – машақаты көп жұмыс. Оған жақсылап дайындалу керек. Биені бие көнекке немесе ағаштан жасалып, ысталған шелекке сауады. Оның алғашқы ашытқысын «қымыздың қоры» деп атайды. Жаңа сүтпен қорды араластырып, ірімтігін жазады. Ашуын басып отырады. Біріншіден, бие сүті ағаш күбіде ашытылуы керек. Өйткені темір ыдыста сүттің құрамы өзгеріп, пайдалы заттар жойылады. Тіпті дәмі де өзгереді. Болмаса жылтыр сырлы кәстрөлде дайындауға да болады. Күбіні қайың ағашымен ыстаймын. Екіншіден, сүтті біркелкі сапырып отыру керек. Қымызды көп сапырғанда оған оттегі көп сіңеді, – дейді.
Қымыздың 1 литрін 1000 теңгеден сатады. Күлзина апамыз көпбалалы ана. Жолдасы Архарбек екеуі қазіргі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 14 немере сүйіп отыр. Осындай еңбексүйгіш жандар барда қазақтың атакәсібі өлмейді. Бұл сүйсінуге тұрарлықтай.

С.Мадиярова
28 қараша 2023 ж. 270 0