Қолына шипа дарып, ем қонған
Сейсенбі күні. Күнделікті күйбең тіршілікпен редакцияға бағытталдық. Қарашаның ызғары тіпті өн бойыңнан өтіп кететіндей суық. Қоңыр күздің соңғы айы екенін табиғат ана сезіндіріп тұрғанға ұқсайды. Алайда қанша аяз болса да көңіліміз, жанымыз суымайды. Сондай жақсы көңіл-күймен жұмысқа келіп іске кірісе бастадық. Біздің мақалаларымыз оқырманға өтімді болсын деп, басылымға ерекше кейіпкерлерді жазуға тырысамыз. Басылымның бұл санындағы кейіпкеріміз – Тұрғанай Сәдуқызы.
Біз тіршілік ету арқылы өмір сүреміз. Яғни жұмыс істеп, тіршіліктің қамын күйттейміз, қозғалыста жүреміз. Ал адамзат баласы үнемі қозғалысты денедегі сүйектер көмегімен іске асырады. Ересек адамда 206-ға жуық, кішкентай балада 300-дей сүйек болады. Сүйек сынғыштығы кальцийдің жетіспеушілігінен болса, кейде оқыс қимылдап сындырып аламыз. Осындай кезде ғылыми медицина «травматология» мен атадан сіңген ұлттық медицина «сынықшылық» көмекке келетіні сөзсіз.
Біз тіршілік ету арқылы өмір сүреміз. Яғни жұмыс істеп, тіршіліктің қамын күйттейміз, қозғалыста жүреміз. Ал адамзат баласы үнемі қозғалысты денедегі сүйектер көмегімен іске асырады. Ересек адамда 206-ға жуық, кішкентай балада 300-дей сүйек болады. Сүйек сынғыштығы кальцийдің жетіспеушілігінен болса, кейде оқыс қимылдап сындырып аламыз. Осындай кезде ғылыми медицина «травматология» мен атадан сіңген ұлттық медицина «сынықшылық» көмекке келетіні сөзсіз.
Халықтың ыстық ықылысына бөленіп жүрген Тұрғанай Сәдуқызының бойында сынық салу қасиеті бар. Ол Ы.Жақаев ауылының тумасы. Аяулы ана, үлгілі әже. Бар өмірін білім беру ісіне арнаған ардагер ұстаз. Бұл қасиет нағашы атасы Қозыбайдан дарыпты.
– Мектеп кезден сынық салсам да, оған мән берген емеспін. Уақыт өте келе атамнан осы қасиеттің қонғанын ұқтым. Екінші қызымның сүйегі тез сынғыш болатын, қайта-қайта сынықшыға жүгіріп жүрген күндер еді. Енем – көрегенді кісі, үйге қонақ болып келген шешемнен бір күні «тұқымдарыңда сынықшылық жоқ па еді, кейінгі кездері үйдегі қыздың (немересі) сүйегінің шығуы, сынуы көбейіп кетті» деді. Анамның әкесі сынықшы болғанын айтқанда, «әкесінен қызына қасиеті келейін деп жүр екен, мойын бұрмай жүрген өзі екен ғой», – деді. Содан бір күні қызымның мойыны шығып кетіп, өзім салмаққа бекіндім. Әп-сәтте қолым шыққан сүйектің өз орнын тауып сала қойды. Айтып отырсам мұндай оқиғалар жетерлік. Жұрттың алғысын алмасам, қарғысына қалған емеспін, шүкір, – деді Тұрғанай Ысқақ.
Айта кетейік, кейіпкерімізге тек Шиеліден ғана емес, еліміздің басқа қалаларынан да келеді. Қашан да жәрдемдесуге даяр тұратын сынықшы талайдың таңдайын қақтырған деседі. Неге десеңіз? Аяғы ота алдында тұрған жігіттің жуан саннан сынған сүйегін салып, сынықтың дәл орныққандығы сонша рентгенге түсірген кезде сызат байқалмаған. Бұл дегеніміз – атадан дарыған үлкен қасиет.
Сонымен қатар Тұрғанай Сәдуқызы сұлулықты, әдемілікті жақсы көреді. Гүл баптап, өсіргенді жаны сүйетінін жасырмады. Тіпті орталық базарда гүл сататын дүкені бар. Жасы 73-те болса да, күніне бір рет гимнастика жасаумен айналысады. Бос уақытында буын жүйесі туралы хирургтардың кітабын қарайтынын да тілге тиек етті.
Халқына қалаулы, еліне елеулі кісінің жақсылығы әрқашан құрметке лайықты. «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр» демекші, сауап жолындағы кейіпкеріміздің өзі жасаған қайырымдылығы туралы айтпаса да, оның жақсылығын көргендер жар салып айтып жүр. Әсіресе спорт мектебінің балалары тұрақты келіп, сынық салып кетеді екен.
Расында, сынықшылық көбінесе қолдың ептілігі мен сынықшы адамның сезгіштігіне сүйенеді десек, ғажайып бір тылсым күштің болатынына осындайда қалай сенбейсіз?! Ісіңіз алға басып, халыққа пайдаңыз тие берсін деп қолы шипалы, жүрегі мейірімді шипаргермен сұхбатымызды аяқтадық.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ