Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аурухана орнына мектеп соғыла ма?

Аурухана орнына мектеп соғыла ма?

Жақын арада редакциямызға бір әйел кісі хабарласып, жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан күндерін есіне алып, әсерімен бөлісті. Ол керемет ахуалдан алшақтау жағдайды суреттеп, Жаратқаннан ауруханадан сақтай гөр деген мінәжатын жеткізді.
Есімін өзгертуді өтінген Анар атты тұрғынның осы талап-арызынан соң, қолға қалам алмасқа болмады. Сөйтіп, аудандық жұқпалы аурулар бөлімінің жай-күйін жазуға бел будық.
Аталған бөлімнің орналасқан мекен-жайы, бүгінгі келбеті сіз бен бізге етене таныс. Кескіні кеткен ғимарат. Кедір-бұдыр жол. Тозығы жеткен керуеттер мен еңсесі түскен есіктер. Есіңді қашыратын түстерге боялған палаталар. Бірде істесе, енді бірде істемейтін әжетханалар. Ара-тұра судың тоқтап қалуы тағы бар. Бұның бәріне көз жеткізу үшін ескі ғимаратқа біз де бас сұқтық.
Осыдан бірнеше апта бұрын ауада үлкен-кішіні таңдамайтын вирустың түрі жүріп, жұқпалы аурулар бөліміне түскен науқастардың саны күрт артты. Одан бөлек ол жерде инфекцияның түр-түрін жұқтырғандар жатады. Жарты жылға дейін емделуге мәжбүр болатындардың (туберкулезге қарсы күрес мекемелеріндегідей) немесе шалғай ауылдан жолдама бойынша келіп ем қабылтайтындар да табылады. Инфекциялық ауруларға көбінесе балалар тап болатындықтан, ескі ғимаратта ем қабылдап жату қалай тиімді болсын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өткені белгілі. Шындығында қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Иә, Шиелі ауданында да медициналық мекемелер жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Алыс-жақын елді мекендер дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етілуде. Бүгінгі жұқпалы аурулар ауруханасының жай-күйі көпшілікті алаңдататыны жасырын емес. Осы тұста Президенттің Жолдаудағы сөзін басшылыққа ала ­отырып, жаңадан жұқпалы аурулар ауруханасы салынса деген тұрғынның тілегін жеткізуді жөн санадық.
Аудан орталығындағы 1974 жылы салынған орталық аурухананы жаңа типтегі, заманауи құралдармен жабдықтап, 2019 жылы 150 орындық аурухана ел игілігіне берілген-ді. Аурухананың ескі ғимараты бүгінде бұзылып, орнына «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық ғасырлық тарихы бар №45 «Ақ Орда» мектеп гимназиясы бой көтермек. Осы хабарды естіген аудан тұрғыны: «Әрине, мектеп соғылатынына қуаныштымын. Мектептің саны көбейе берсін. Бірақ түрлі ота жасалып, науқастар түсіп, қан төгілген жерге білім ордасын соғу құптарлық деп ойламаймын». Бұл құрылыстың оң-солын, дұрыс-бұрысын сараптайтын аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, аудан әкімдігі келешек зерттей жатар. Біздікі тек редакцияға хабарласқан тұрғынның тілегін жеткізу.

Сұлушаш МАДИЯРТЕГІ
03 қазан 2023 ж. 189 0