Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «TIK-TOK»: рекке шығам деп текке кеткен уақыт

«TIK-TOK»: рекке шығам деп текке кеткен уақыт

Тренд – заманнан қалмау және соған ілесе отырып сұраныста болу. Бүгінде Қытайдың «ByteDance» компаниясына тиесілі Тик-ток желісі әлемде танымал, қолданушылары да көп. Елімізде тик-ток желісіне тіркеліп, видео жүктегендердің көптігіне байланысты компания біздің жерімізде офис те ашамыз деген. Ал сол желіде ­жастарымыз не түсіріп, кімді трендке шығарып, қай видеоны рекке айналдырып жүр? Бүгінгі күннің сауалы осы.
Сонымен «Тik Tok» желісінен азуын айға білеген Американың өзі қауіптеніп, АҚШ президенті әйгілі Қытай компаниясына тиесілі желіні жабу керектігі жайында мәлімдеме жасағаны есімізде. Демек, бұдан «Тik Tok» қазірде тек балалар ғана қызықтайтын желі ғана емес, ауқымды масштабты қамтитын қауқары бар саяси аренаға айналып бара жатқанын аңғаруға болады. «Тik Tok»-тың трендке айналған бейнежазбалары – бүлдіршін балалар мен көкөрім жастардың түрлі дене қимылына құрылған билері. «Билегенде тұрған не бар?» дерсіз. Бірақ психологтардың айтуынша, осы 1-2 минуттық түсірілім кезінде баланың жүйке жүйесіне айтарлықтай салмақ түсіп, тіпті денсаулығына да қауіп төнеді екен. Мәселен, өз бейнежазбасын құрбыларынан асырып түсіремін деген оймен бірнеше мәрте қайталайды. Олай етуіне себеп көп: дайындығы болмайды немесе үй ішінде ата-анасы, бауырлары тарапынан кедергілер болады, қолындағы смартфонының ақауы да әсер етуі ықтимал. Ал, енді сол қайталанған әрекеттерінен кейін бейнежазба жақсы шықса құба-құп. Ештеңе өндіре алмай, сапасыз шықса, баланың жүйке жүйесінің бір талшығы өлді дей беріңіз.
Тик-ток желісі – талай таланттың елге белгілі болып, өнерін, шеберлігін ел арасында шынайы бағалауға таптырмас құрал болды. Қалағанын қарап, ұнағанына «лайк» басып жүргендер нағыз шеберлерді де шет қалдырмады. Мәселен, Асыл Ахметова есімді қыз желіде үйір-үйір жылқы бағып, жұртқа ауылдың өмірін көрсету арқылы танымал болса, Данияр Сеңгірбай математикалық есептерді оңай шешу жолдарын көрсетіп берді. Миллионнан астам жазылушысы бар Ұлан Үсенов тұрмыстық жағдайдағы түрлі лайфхактар ұсынумен ерекшеленіп жүр. Ән айтып, би билеп үлкен сахнаға жолдама алғандары қаншама?! Бұл турасында оқушы Айман Еркінова «Арнайы аккаунттар арқылы сабақты түсіндіретін қысқа видеоларды көрсе, онда ол пайдалы. Ал жағымсыз тұсына үңіле берсе, зиян» дейді.
Жалпы ғаламтор қолдана білгеніңе қарай пайдасын тигізеді, болмаса зиян келтіреді. Сол сияқты Тик-ток желісінен шетелдің қаңсығын таңсық қылып, тренд деп тәрбиесіздікті төрге оздырып жүргендер де бар. Мәнсіз ән мен мағынасыз видеоларды да көптеп кездестіруге болады. Екі ауыз сөзінің бірі былапытқа толы трендтер де толып жүр. Тікелей эфирде жарысып, жеңілгендері беті-басына жазу жазып, жеңгеннің әртүрлі миға сыймайтын тапсырмаларын орындауда. Өкінішке қарай, соларды қарайтындар да аз емес. Әр сөзінен артық кету көрініп тұратын Сампо, Ханата сынды жағымсыз жандардың да желіде жанкүйерлері жетерлік. Ондайды көргенде ішің қынжылады. Қоғамдық орындарда айтқан әр былапыт сөз үшін айыппұл төлеу туралы Заң әлеуметтік желіде отырып алып аузына келгенін сөйлейтіндерге де қолдануы керек сыңайлы.
Қысқа бейнероликтері арқылы қаралымы көбейіп, аудиториясы да кеңейіп, лезде «жұлдызға» айналып шыға келгендер көп. Бұл аталған желіге көптеген елдер тыйым салыпты. Әрине, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін, қоғамның тыныштығы үшін осындай қадамға барған. Кейбір елдердегі талдаулар қорытындысында аталған желі мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін қатерлі сипатқа ие болған. Ал біздің қоғам бұл жайында әлі жақ ашпайды. Керісінше баласының әрбір бейнеролигіне басбармақпен баға беріп, қолпаштап отыр. Бүгінгі күні әлеуметтік желі бөлек әлемге айналды. Осыған байланысты шынайы өмірден ­виртуальды әлемге «көшкен» адамдардың қатары мыңдап саналады. Өйткені таңның атысынан кештің батысына дейін телефонға телміріп, жаңадан пайда болған челлендждерді мүлт жібермей, өзіне желілік достар жинаудан ләззат алатын үрдіс пайда болды.
Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыздың басым көпшілігі Instagram мен Tik-Tok желісінде отыратынын және соларға арнап ел тарихы бойынша арнайы парақшалар ашып, үлкен жобалар жасау керегін айтқан. Тик-Ток желісінде бүгінде Президенттің әр сәтін қысқа-нұсқа видеомен баяндайтын ресми парақша да бар. Тарих турасында, ел мен жер жөніндегі бейнелер де жақсы қаралым жинайды, алайда рекке (желідегі танымал видео) айналғаны сирек. Өйткені, бүгінгі күні аузы былапыт сөзге толы жастардың бір-бірімен әлемжеліде ырылдасып ­отыруы, миға қонымсыз іс-әрекеттерді жасауы өтімді контентке айналып тұр. Өкініштісі де сол!
Орыстың атақты әскери қолбасшысы Александр Суворовтың «Ақша қымбат, адам өмірі одан қымбат, ал уақыт бәрінен қымбат» дегені бар. Кез келген желі уақытты тиімсіз өткізіп алудың бірі сияқты көрінеді. Өз ісімізбен уақытты дұрыс бағытқа арнауға тырысуымыз керек. Әр видеоны қызық деп қарап отыра беріп, уақыттың қалай, неге кеткенін аңғармай қалудан абай болайық!

Г.ӘБДІХАНИ
22 тамыз 2023 ж. 208 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930