Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәртіп пен әділдік барда әсемдік пен ізгілік бар

Тәртіп пен әділдік барда әсемдік пен ізгілік бар



Өткен жылы Үкімет жарлығымен 24 маусым – «Судья мен сот қызметкері күні» болып белгіленді. Кәсіби мерекенің негізгі мақсаты – сала ардагерлері мен қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне құрмет көрсетіп, өрісті өнегесін паш ету.

Сонымен бірге бұл күннің өзі де кездейсоқ таңдалмағанын атап өткен жөн. 1992 жылы дәл осы күні «Қазақ КСР Сот құрылысы туралы» Заңға сот төрелігін тек соттың ғана жүзеге асыруы жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Аталған заңның сот тарихында ерекше орны бар. Сонан бері сот талай реформаларды бастан кешті, жаңғыртудың бірнеше кезеңдерін артта қалдырды.


Биылғы жыл да еліміздің сот жүйесін реформалаудағы кезекті жаңалығымен басталды. Осыған дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі болып қайта құрылды.


Сот жүйесі биліктің үш тармағының бірі болса, оның аппараты да басқа билік органымен теңелу керек болғандықтан осы шаралар қабылданды. Тиісінше, Сот әкімшісінің аумақтық органдарының құрылымы департамент болып өзгеріп, қазіргі таңда Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті деп аталып, аудандық және оған теңестірілген соттардың кеңселері сот әкімшісі болып өзгерді.


Осыған сәйкес департаменттің құзыреті кеңейді және жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Ережеге сай департамент жергілікті және басқа да соттардың қызметін үйлестіреді. Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметін, облыстық сот төрағасының, облыстық сот органдарының, соттардың жұмысын кадрлық қамтамасыз ету, судьялардың, сот қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, соттардың инфрақұрылымын дамыту сынды бірқатар жұмыстарды ұйымдастырады.


Міндетті жұмыстардан бөлек сотқа келушілерге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 2022 жылы ғимаратқа жүргізілген күрделі жөндеу нәтижесінде сот жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қолайлы орта қалыптастыру мақсатында фронт-офистер талапқа сай қайта жасалды. Келушілер үшін күту залы, жеке жұмыс жасау секторы, ақпарат орталығы, адвокаттар мен медиаторлар орны, соттардың кіріс кеңсесі, балалар ойын алаңқайы жасақталды. Күту залына LED экрандар орнатылды. Цифрлық кезеңге қадам басқан елімізде барлық деректер электронды форматта болуы қажет. Сондықтан LED экрандағы үздіксіз бейнежүгіртпелер арқылы қажетті ақпараттармен, оның ішінде татуласу келісімдерінің маңыздылығы, мемлекеттік баж алымдары, Жоғарғы Сот пен облыстық сот басшылығының жеке қабылдау күндері туралы мәліметтермен, QR код арқылы талап қою үлгілерімен және басқа да сот жұмысын ұйымдастыруға қатысты ақпараттармен танысуға мүмкіндік туды. Бұл – халық қажетті мәліметті әр жерден іздемей,  бір ғана экраннан алады деген сөз.


Сонымен қатар нысанның инфрақұрылымы мен коммуналдық жүйелері бұрынғыдан едәуір жақсарды. Жылу, кәріз жүйесі жаңаланып, электр сымдары мысқа ауысты. Барлық бөлмеге салқындатқыш алынып, сыртқы беті қорғаныш қораптарымен қапталды. Асхана, автотұрақ қайта жөнделіп, қосымша көлік жуу орны салынды. Сот ғимаратының ішкі және сыртқа ауласына асфальт төселді. Ғимарат ішіне су тазалау қондырғысы қойылып, қызметкерлер мен сотқа келушілер таза ауызсумен қамтамасыз етілуде.


Әрқашан да тарихқа, өткен өмірге құрметпен, ізетпен қарау – азаматтық парызым. Кешегі күн – бүгінгі тарих. Қазіргі сот жүйесі де кеше ғана пайда болған жоқ. Тіпті қазіргі қолданысқа еніп жатқан қазақтың дау шешу өнерінің тамыры тереңде жатыр. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген тәмсіл бар. Мұның астары сөзге, уәжге тоқтау, әділдікке бас ию дегенге саяды. Сол бір қасиетті қағиданы қанат қылған бүгінгі сот билігі де шешендік өнер, сотта татуласу сынды жұмыстарды қолға алған. Осы мақсатта тарихымыз жаңғырсын, ұрпақтар сабақтастығы орнасын деген ниетпен облыстық соттың ғимаратына билерден бастап бүгінгі сот жүйесіне дейінгі тарихтан үзінді ретінде музей аштық. Сонымен қатар би, шешен, ғұламаларымыздың тәрбиелік мәні бар қанатты сөздері де арнайы әрленіп, ғимараттың барлық қабаттарына ілініп, көрік беріп тұрғанын да айта кету керек.


Жүріп өткен жолдары кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген оймен мұражайға өмірден өткен әріптестеріміз бен сот ардагерлері туралы мәліметтерді жинадық. Осы мақсатта сот ардагерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатқанымызды айтқым келеді. Біріншіден, ардагерлердің кейінгі буынға үйретері мол болса, екіншіден, сот жүйесінің дамуына ерен үлес қосқан. Сондықтан сот ардагерлерін ешқандай шаралардан қалдырмай, сый-құрметімізді аямай келеміз. 


Мемлекеттік қызметте жұмыс жасау үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі белгілі. Осы тұрғыда ұжымда парасат-пайымы жоғары, қазақы болмысты азаматтарды ауызбіршілікте тәрбиелеу басшы ретінде негізгі міндеттерімнің бірі деп санаймын. Әрбір қызметкер жұмысына қуанып барып, жұмыс аяқталған соң отбасын сағынып қайтуы керек деген пікірдемін, ол үшін ұжымда қолайлы орта қалыптастыру керек. Ұжымда жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалынып, қолайлы ортаның болуы ол ең алдымен ұжымдағы ауызбіршіліктің, «бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» қағидасын берік ұстанудың нәтижесі. Мұның барлығы мемлекеттік қызметшіге деген құрмет.


Осы орайда өз қызметін үлгілі атқарған мемлекеттік қызметшілерді марапаттау бойынша департаментте арнайы комиссия қызмет атқарып отырғанын, онда қызметшінің жұмыс өтілін, қызметтік көрсеткіштерін жан-жақты қарап, қызметіне адал әрі ұқыпты қараған сот қызметкерлері әділ түрде марапатталатынын, бұған қоса меритократия қағидаты бойынша үздік қызметкерлеріміз жоғары тұрған бос әкімшілік лауазымға көтермеленетінін айта кеткен жөн.


Сот әкімшілігі департаменті әрқашан да қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Осыған дейін түрлі деңгейдегі мәдени шаралармен қоса сот қызметкерлері арасында интеллектуалдық және шығармашылық сайыстарды ұдайы өткізіп отыру қолға алынды. Биыл наурыз мерекесіне орай, «Тәрбие – ұлттың қазығы» деген атаумен шығармашылық сайыс өтті. Оған Қызылорда соттарынан жиырмаға жуық жас қызметкер қатысып, ұлттық  мазмұндағы эссе жазу, өз өнерін көрсету және сұрақ-жауаптан тұратын сыннан өту бойынша жарысқа түсті.


Әрбір сот қызметкері өз ұлтының көркем тілін, терең ділін білсе игі, олай болмаса оның сөзінде құн қала ма? «Халқының жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор» деген екен қазақтың аймаңдайы Міржақып Дулатов. Жас қызметкерлер арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінің қаншалықты маңызды екені осы сөзден де түсінікті.


Осындай шараларда шыңдалған біздің қызметкерлер түрлі зияткерлік сайыстардан жүлделі орын алып келеді. Былтыр сот қызметкерлерінен құралған дебат командасы облыста жүлделі екінші орын алса, биыл Байқоңыр қалалық сотының бас маманы Нұргүл Нұрбайқызы «Ең үздік мемлекеттік қызметші» сайысында облыста топ жарып, республикалық жарысқа жолдама алды.


Сондай-ақ, қызметкерлер арасында бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын ұстануға ден қою басты назарда тұр. 2021 жылдан бастап жылына екі рет судьялар мен сот қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада өткізу қолға алынды. Алғашқы сайысымыз «Алтын күз» мерекесіне арналса, 2022 жылы Наурыз мерекесіне орай өткізілді.


Биылғы спартакиада Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығына арналды. Дәстүрлі түрде өтетін спорт бәсекесіне шағын футбол, волейбол, арқан тарту, гир көтеру, эстафета, қол күресімен қатар қазақша күрес, асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ сынды спорттық ойындарды да қосып, ұлттық ойындарға да аса мән бердік. 


Сот қызметкері қашан да денсаулығы мықты, күш-жігер бәсекесіне қабілетті болуы тиіс. Оның ақыл-ойы әрдайым сергек күйде жүруі керек. Мемлекет басшысы салауатты ұрпақ еліміздің болашағы екенін талай мәрте айтып жүр.


Біз айтып отырған сайыстар арқасында іріктеліп, сот қызметкерлерінен құралған команда футбол, волейбол, тоғызқұмалақ ойындарынан жыл сайынғы облыстық біріншілікте топ жарып келеді. Былтыр біздің футболшыларымыз мемлекеттік органдар арасында өткен сайыста топ жарып, республикалық супер лигада өнер көрсетті. Бұл сайыста қарсыластарымыздың әскерилендірілген құрамалар болғанын айтсақ, біздің команданың осы жолда төккен терінің зая кетпегені көрінеді.


Ал биылғы облыстық спартакиадада сот командасы қазақша күрес пен волейболдан бірінші, шағын футбол, тоғызқұмалақ, жүзу спорттарынан екінші орын алып, жалпы есепте бас бәйгені жеңіп алды.


Алдағы уақытта халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуда, халық үнін еститін мемлекет тұжырымдамасын іске асыруда жоғарыда аталған жұмыстар жалғасын таба береді дегім келеді.

Сағатбек СҮЛЕЙМЕН,
ҚР Сот әкімшілігі Қызылорда
облысы бойынша 
департаментінің басшысы
22 маусым 2023 ж. 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930