Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұқтаж жанға қолдау көп

Мұқтаж жанға қолдау көп

Мүгедектер арбасын заң бойынша қалай алуға болады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа Әлеуметтік кодекс әлеуметтік саланы жүйелеуге бағытталған. Оның қабылдануы бүгінгі күнге дейін қолданылып келген түрлі 17 заңның күшін жояды. Мәселен, қазір мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бес заңмен реттеліп келсе, 1 шілдеден бастап ол бір ғана Әлеуметтік кодекске арқа сүйеді. Сондықтан жаңа құжат әр отбасыны нығайтуға және қолдауға бағытталған жаңа әлеуметтік саясатты құруға сеп болмақ. Айта кетейік, онда адамның дүние дидарына келгенінен бастап, зейнетке шыққанға дейінгі өмір жолындағы мемлекет беретін әлеуметтік кепілдіктер анық көрсетіледі.

Әлеуметтік кодекс жобасында отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту саласындағы тың тәсілдер, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру секілді бағыттар толық қамтылған.

Бұл ретте қазіргі барлық әлеуметтік кепілдіктер сақталатынын тілге тиек еткен жөн. Яғни, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін зейнетақы, жәрдемақы мен төлемдер бұрынғыдай жасала береді. Тіпті, жаңадан енгізілген көмек түрлері де бар. Айталық, жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектігі бар адамды жетектеп жүретін 30 мыңға жуық жеке көмекші міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтылады. Бұл дегеніміз – әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жеке көмекшінің қордан төленетін әлеуметтік төлемдерге құқығы болады дегенді білдіреді. Сонымен қатар сақтандыру пакеті шеңберінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Бейнетінің зейнетін көретін шақта базалық зейнетақы үшін еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы төлеміне құқығы болады.

Кодекс күшіне енетін 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылар мен төлемдер 14,5 процентке көбейеді. Бұл төлемдер биылғы жылғы 1 қаңтарда 8,5 процентке өскенін ескерсек, жәрдемақылар мен төлемдердің жылдық мәні 23 процентке ұлғайғанын аңғартады. 

Бүгінде ауданда 2349 мүгедектігі бар адамдар өмір сүреді. Оның ішінде І топтағы – 179, ІІ топтағы – 732, ІІІ топтағы – 926, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 512-ні құрайды. Бұдан бөлек асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен төлемдер де 14,5 процентке артады. Мұндай көмекті республика бойынша 182 мыңға жуық отбасы алатын көрінеді. 

Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бастап бар. Ол еңбекке қабілеттіліктен, асыраушысынан, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына әлеуметтік тәуекелдердің алты түрі бойынша сақтандыруды көздейді.
16 мамыр 2023 ж. 76 0