Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашалығы – салмақты сала

Ауыл шаруашалығы – салмақты сала




«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Расында да, еңбек еткеннің көп белесті бағындырары анық. Еңбекпен есейген мұқым елдің баласы мұны жақсы білсе керек. Иә, сондай ерен еңбек пен маңдай терді қажет ететін саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы тиіс ауыл шаруашылығының қазіргі халі қалай? Аталған салаға бағытталған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие саланың тамырына қан жүгірте ала ма? Осыны білмек ниетте аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Шайтмағанбетұлын әңгіме тарттық.

– Ауыл шаруашалығы – салмақты сала. Жуырда қабылданған жағымды жаңалық көпті қуантқаны анық. Ауылдағы
ағайынның табысын арттыруды мақсат тұтқан тың жобаның шарттарына тоқталып өтсеңіз…
– Бұл бір көптің көңіліне қуаныш ұялатқаны рас. «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру үшін 2023 жылға облысқа 3 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Бағдарлама әкімшісі облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы. Жоба Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 ақпандағы «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» №47 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

Микрокредиттерді беру үшін сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ белгіленіп,  бөлімшесі «Өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ арқылы іске асырылатын болады. Микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 (мың айлық есептік көрсеткішке дейін, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін – 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды.

Несие аларда кепіл қамтамасыз етудің болуы міндетті. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеудің болуы да маңызды. Бұдан бөлек, микрокредиттер беру тәртібі, микрокредитті қамтамасыз етудің негізгі шарттары, тәсілдері, үміткерлердің санаттары, қарыздардың мерзімдері мен сомалары сенім білдірілген өкілдің шешімімен белгіленеді және кредиттік шартта көрсетіледі.

– Иә, кәсіп қылғысы келетіндерге арзан несиенің шын мәнінде зор көмегі болатынын ұғындық. Енді аталған несиені кімдер ала алады? Қандай талаптар қойылады?
– Баса айта кетерлік жайт, сол ауылдың тұрғылықты тұрғыны болуыңыз керек. Жеңілдетілген несие алу үшін кепіл мүлкіңіз, несие тарихыңыздың жақсы болуы және бизнес жоспарыңыздың нақты әрі тыңғылықтылығы аса маңызды. Өйткені, несие берілерде осы үш критерийге жіті назар аударылады. 

Көп тұрғынның басты мәселесі – ақшаға қол жеткізсем болды деп ойлайтынында жатыр. Бизнес бастаймын деген жанның алдымен нақты бизнес жоспары болуы керек. Мақсатты жұмсалған қаражат өз жемісін береді. Екіншіден, ойға алған кәсібін жүзеге асыруға қажетті құрал-жабдықтарын сайлап, оның маркасын, бағасын, қайдан сатып алуға болатындығын алдын ала зерттеп, зерделеп алған жөн. Кепіл мүліктің несие алушының атында болуы міндетті емес. Несие алушының жобаны жүзеге асыратынына сенімді серіктесі, туысы немесе таныс-достары жылжымайтын мүлкін сенімгерлікпен кепілге қоя алады. Кепіл мүліктің құқықтық құжаттары, техникалық паспорты міндетті түрде заңға сәйкес болуы шарт. Сондай-ақ несие тарихының таза болуы маңызды. Яғни, соңғы 1 жылда 90 күннен аса кешіктірілген төлем болмауы тиіс. Көбіне онлайн жылдам несие алғандарға кедергі көп кездеседі екен. Себебі несиесін жапқанымен, анықтама алмағандықтан несие тарихында «қарыз» деген ақпарат қалуы ғажап емес. Осы бастан несие тарихыңызды шығартып алып, тескеріп қойғаныңыз жөн.

Жоғарыда айтып өткенімдей, несиелер бойынша мерзімі өткен жарна болмауы керек. Мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы да маңызды. Несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс. Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлар – жер телімі, қорасы болуы керек. ӘКК-мен бірлесе құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу тиіс. Қазіргі таңда «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру мақсатында аудан әкімінің өкімімен жұмысшы топ құрылып, құжаттарды қабылдап, тексеру жұмыстарын жүргізуде.

– Үміткерлерді кім таңдайды? Сонымен қатар қай бағытқа басымдық берілуде?
– Микрокредиттерді беру үшін сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ белгіленіп,  бөлімшесі «Өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ арқылы іске асырылатын болады. Несие өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыруға беріледі. Оларға жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы жатады. Бұдан бөлек өсімдік және мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтаймын деушілерге де несие беріледі. Басқа бағыттағы бизнес жобаларда қаржыландырылмай қалмайды. Қажетті қаражатқа қол жеткізген соң асыл тұқымды ірі қара малды, етті, сүтті, құсты және басқа да жануарларды өсіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсібімен айналыса аласыз. Мәселен, наубайхана, кондитерлік өнімдер, сүт жинау секілді қызметтерді халыққа ұсынсаңыз болады. Сондай-ақ қызмет көрсету, туризм және басқа да бизнес түрлерін дамытамын деушілердің де жобаға қатысуға мүмкіндігі бар.

– Алған қаржының көлемі аз болмайтыны белгілі ғой. Мақсатымен жұмсалуы үшін қандай да бір шаралар атқарыла ма?
– Әлбетте, алынған қаржы өз бағытында жұмсалуы тиіс. «Өңірлік инвестиция орталығы» жобаға қатысушыларды қадағалап отыратын болады.

– Ал, «қара тізімге» ілінгендерге 2,5 пайыздық несие беріле ме?
– Жобаға қатысушы азаматтың немесе азаматшаның (ерлі зайыпты болса екі кісініңде несие тарихы қаралатын болады) басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы қажет. Яғни, жобаға қатысушы азаматтардың соңғы 3 жылдағы мерзімі өткен жарналары 90 күннен аспауы тиіс.

– Бұл қанатқақты жоба алғаш Жамбыл облысынан басталғаны мағлұм. Енді осы пилоттық жобаны Мемлекет басшысы күллі қазақ елі болып қолға алуды тапсырды. Бұдан біз не ұтамыз?
– Бұл жобаны іске асырудағы мақсат – ауыл халқының табысын арттырып, әл-ауқатын көтеру болып табылады. Нақтырақ айта кететін болсақ, осы жоба арқылы жаңадан жұмыс орындарын аша отырып, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайтуды көздеп отырмыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!
04 мамыр 2023 ж. 76 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930