Шиелі неге Скобелев атанды?
«Казахстанская правда» газетінің 17 қарашадағы (1998 жыл) №215 (22686)-дегі Генадий Кругляковтің «Стальная колея Шелкового пути» деген мақаласы менің осылай ойлауыма түрткі болды: «1888 жылы Орта Азияда өзіндік мәні мен мағынасы Александр Македонскийдің Согди-ана мен Бактрияны жаулап алғанынан кем түспейтін оқиға болды. Ол Самарқан қаласын Каспий теңізінің шығыс жағалауымен жалғастыратын Закаспий темір жол құрылысының аяқталуы еді. Бұл темір жолды соғу генерал М.Скобелевтің 1879 жылы түркімендердің бірнеше бекінісін қатар басып аламын деген шабуылының сәтсіз аяқталғанынан кейін туған еді.
1881 жылы генерал М.Скобелев Геок-Топені басып алғаннан кейін Орта Азияға шабуылдар қандай бір болмасын әскери экспедиция тиылған болатын еді», – деп жазады ол осы мақаласында. Автордың Ресейдің отарлау саясатын әшкерелеуді айналып өтуі және оны екінші қырынан көруі белгілі жай ғой. Сонда патшалық Ресейдің қол астына түбегейлі қарату үшін ержүрек түркімен халқын қанға бөктірген генерал Скобелевтің Шиеліге қандай қатынасы бар? Мүмкін ол Шиелі топырағында, қазақ мүддесін қорғап, бү дүниеде есте қаларлықтай ерлік жасаған болар? Қошеметшіл жандар қазірде де бар ғой, генералдың есімі мен ерлігін ұнатып қалып ескерткіш болсын дегендей...
Советтік үлкен энциклопедияның 23-томының 513-бетінен шиеліліктерге жұмбақ белгісіз Скобелевтің өмір тарихын тапқандай болдық. Ресей империясының қанды қол отарлаушысының өмір тарихы шын мәнінде ерлікке толы екен. 1843 жылы Петербургте офицердің отбасында дүниеге келген Михаил Дмитрович Скобелев 1878 жылы генералдық дәрежесіне дейін өседі. 1868 жылы Бас штабтың академиясын бітірді. 1873 жылы Орта Азияға Хиуа жорығына қатынасып, Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан 1873-76 жылғы Қоқандықтардың көтерілісін аяусыз басады. Сөйтіп, сол 1876 жылдан Ферғана облысының әскери губернаторы болды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа баланып, түкірігі түспей тұрған ол, Орта Азия отарлау саясатының белсенді қол шоқпары, яғни сенімді тұлғасына айналды. 1877-78 жылы орыс-түрік соғысында Кавказ казактары бригадасының қолбасшысы болды. Осы соғыстағы оның кең көлемді ірі жеңістері М.Скобелевке Ресейде, Болгарияда үлкен бедел әкеліп, абырой-қосты. Нақ осы тұста Ресей мен Отар елдері көптеген қалалардағы көшелерге, саябақтарға, алаңдарға оның есімі берілді. Бұл кездегі Шиеліге М.Скобелевтің аты беріле қояды дейтіндей Шиелі әлі іргелі елді мекенге айнала қоймаған-ды, әрі теміржол соғылмаған еді. Шіркеулеткен орыс поселкесі ол кезде қазіргі «Гигант» колхозының орнында қоныс тепкен болатын. Сонда оның есімі Шиеліге қай кезде берілді? Ол жөнінде қандай деректер бар? Тек болжам әңгімеге сүйенеміз бе?
М.Скобелев 1878-80 жылдары Армия корпусына басшылық жасады. Сөйтіп, 1880-81 жылдары Түркістанға 2-Ақалтеке экспедициясын бастап апарып, оларды асқан қаталдықпен алаңсыз тізе бүктірді. Сөйтіп, Ресейдің Түркіменстанды отарлауы толық аяқталды. Түркіменстанға жорық кезінде ол Каспийді Самарқанмен жалғастыратын теміржол соғу идеясын ұсынған еді. Кейіннен Орынбор-Ташкент теміржолын соғу мақсаты осы идеяның заңды жалғасы болуы да ықтимал. Өйткені, Ресей Орта Азиядан айырылмауы керек. Түптің түбінде Үнді мұхитына шыға қалса, ең тиімдісі осы теміржол болады емес пе? Оның есімін ел ішінде тарихта қалдыру осындай ұлы идеясы үшін туындауы әбден мүмкін. Әйтпесе, оның жолы Шиеліге түскен емес. Ақмешіт, Жөлек, елді мекендерін генерал Перовскийдің, Түркістан, Шымкент, Әулие-Ата, Ташкент қалаларын генерал Шерняевтың отрядтарының басып алғаны белгілі. Ал, соңында Скобелев есімі мұнда қайдан жүр деп тағы амалсыздан ойланамыз. Орта Азияны Ресейдің қол астына қарауына ықпалын тигізген әрі ұлы мақсаттарға жол ашқан генералды император Александр ІІІ қалай ұмытсын.
Барынша ұлтшыл генерал өз қызметінде Ресейдің мүддесін адамгершілік ахуалдан жоғары қойды. Бұған қазақ қанындағы өжеттік, мансапқорлық, намысшылдық та қамшы болғандай. 1882 жылы ол Парижде жүріп балкан халықтарының мүддесін қорғап, Германия мен Австро-Венгрияның басқыншылық саясатын айыптады. Бұл үлкен дау-дамай туғызып, халықаралық сахнадағы жағдайды өте шиеленістіріп жіберді. Император Александр ІІІ оны Ресейге амалсыз шақырып алуға мәжбүр болды. Бұл өр кеуде ұрда соқ генералдың жүйкесіне қатты әсер етті ме, әлде жазықсыз төгілген елдің қаны жібермеді ме, ол 1882 жылдың 25 маусымында аяқ астынан қайтыс болды. Сонымен, Ресейдің мақтанына айналған генерал Мәскеуде дүние салды. Қолға ілінген тарихи деректер осылай деседі. Бірақ, оның есімі Шиеліге қай кезде берілді? Оған қолда дәйекті дерек жоқ. Қалай десек те Шиеліге балықшы Скобелевтің, балташы Скобелевтің есімі емес, генерал Скобелевтің есімі берілгені анық. Тек патшалық Ресейдің өзінің қанды қол азаматының есімін қазақ жерінде мәңгілік қалдыру ниетін 1919 жылдың 10 мамырында жас Түркістан Республикасының үкіметі тарихтан мүлдем өшіріп тастады. Шиеліге қанымызға жақын өз атауы қайтарылды.
№56 5 желтоқсан 1998 жылғы «Өскен өңір» газетінен алынды.