Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Таяққа сүйенбе», «аяқты айқастырма»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі

«Таяққа сүйенбе», «аяқты айқастырма»: қазақ ырым-тыйымдарының түсініктемесі

1513164228 news b 1

Қазақтың тыйым сөзі – ұлттық тәрбие көзі. Ырым-тыйым көбінесе балаларды жаман әдеттен, жат пиғыл, ерсі қылық, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды рөл атқарады.

Осы орайда Turkystan.kz этнограф Зейнеп Ахметованың халық арасында кең таралған тыйым сөздерге берген түсініктемесін оқырман назарына ұсынады.

«Таяққа сүйенбе»
Қайраты қайтып, жүрісі ауырлаған қарт адамдар беліне таяныш ретінде таяққа сүйенеді, мүның жөні бөлек. Ал «Талдан таяқ жас бала таянбайды…» деп халық әнінде айтқандай, жастар таяқ таянбайды. Себебі адам өмірден өткенде оның ет-жақындары белдеріне ақ байлап, үлкен-кіші демей, барлығы таяққа сүйеніп далада тұрады. Бұл – қаралы да ауыр көрініс. Сырттан келгендер «кім, қайда» деп абдырамай бірден таяқ ұстап тұрғандармен көрісіп, көңіл айтады. Содан кейін ғана үйге кіреді. Күні бойы келген елді қабылдап, жылап-сықтап тұру кімге болса да жеңіл емес. Қанша қиын дегенмен өлімге көрсетіліп жатқан құрметтің, артын күтудің бұл да бір ұлтымызға тән өзіндік салты. Әне, сол кезде таяқ адамдарға кәдімгідей сүйеу, тіреу қызметін атқарады. Ал күнделікті қарапайым тұрмыста себепсіз таяқ таяну жаман ырым саналады.

«Аяқты айқастырма»
Қазақтар аяқты айқастырғанды алдағы басып өтер жолын тұйықтау, өзіне-өзі тосқауыл қою санап тыйымдаған. Сонымен бірге аяқты бір-біріне мінгестіруді тұрпайы әдепсіздіктей қабылдаған. Әсілі, бұлай отыру ертедегі көне қазақ қоғамында болмаған екен. Бұл өзі ағаш орындыққа шоқиятын елдерден келген әдет. «Ауру – астан, әдет – достан» дегендей, ешкімді жат көрмейтін кеңқолтық халықпыз, өзгелермен достасқан сайын еліктей бергенбіз ғой. Енді, міне, бүгінде ер-әйел, жасөспірім бала, қыз-қырқын демей, кез келген орында аяқты айқастырып шіренетін болды.

«Үлкеннің алдын кесіп өтпе», «үлкеннің сөзін бөлме»
Қазақ халқының үлкенді ерекше сыйлауы жазылмаған, бірақ орындауға тиіс заңы деуге болады. Мұны кез келген саналы ата-ана баласы ес білгеннен құлағына құйып, жетесіне жеткізген. Өйткені үлкен кісі өмір көрген, тіршіліктің бұралаң бұрылыстарынан өткен, ұрпак өсірген. Оның жасына жеткенше алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің, керек болса, болжай алмайсьң. Сондықтан тексіздік танытып үлкеннің назасына қалғанша, ықыласына бөленіп алғыс-бата алсаң, өзіңе шарапаты тиеді. «Ісек қойдың басы үлкен болғанымен, саулық қойдың жасы үлкен», – деуші еді қариялар, бұл да бір есте ұстайтын мазмұнды сөз. Сөздің қысқасы, қазақтың тәрбие-талғамының үлкен бір саласы болып табылатын тыйым сөздер өте көп. Соның бәріне жеке кітап арнамаса, бұл жерде түгел қамту мүмкін емес. Тек бала кезден санаға құйылып, зердеге қонақтап қалғандарын, онда да ел ішінде жиі айтылатын кейбіреулеріне ғана тоқталып өттім.

«Қолыңды артыңа айқастырма»
Тұтқынға түскен адамның қолы артына қайырылып байланып, бұғауланады. Кейбір белі ауыратын карт кісілер сүйеніш ретінде қолын артына ұстайтыны болмаса, былайғы адамдар, әсіресе жастар бұл әдеттен аулақ болған. «Жамандық шақырады» дейтін осы тыйымның ертеден қалған өзіндік астары бар… Тағдыры мың бүктеліп, мың сілкінген халқымыздың басынан небір алақұйын аласапыран дәуірлер өткен. Елі шабылып, жері таланып, ұл-қыздары байланып-маталып жау қолында кеткен зар-замандарды көрген. Мынау жарық жалғанда адам үшін бостандықтан, азаттықтан артық қымбат қазына жоқ екенін білсе, қазақ білсін! Кіріптарлықтың не екенін жан-жүрегімен түсінгендіктен: «Алла пендесін еркіндігінен ажыратпасын!» – деп тілек тілеп, «Қолыңды артыңа айқастырма», – деп тыйым айтқан. Бүгінде қайсыбір жап-жас бастықтардың, қалтасы қалың бай жігіттердің қолын артына ұстап, иегімен нұсқап сөйлейтіндерін көріп жүрміз. Осының өзі, түсінген кісіге – кесірлік. Бұл дүниенің баянсыз базары кімнің басынан өтпеген дейсің, алдыңда не күтіп тұрғанын қайдан білесің? Тағдыр шіркін қолды артқа байлатып, кісен салғызбасын деп тілейік…
21 сәуір 2023 ж. 340 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930