Инфляция: өсіре ме, өшіре ме?
© коллаж: Елдар Қаба
Сонымен, Мәжіліс сайланды, Үкімет жасақталды. Енді инфляция не болмақ? Бұған дейінгі болжамдардың орындалатын түрі бар ма? Өйткені, қымбатшылық та ырыққа көнер түр көрсетпейді. Үкіметке ең бірінші кезекте азық-түлік бағасы уайым боп тұр. Бір анығы – мұнда кешенді шаралар жоспары қажет. Бірінші кезекте ол – делдалдармен күрес болуы тиіс.
Наурыздағы инфляция – 18,1%
2023 жылдың наурызында еліміздегі инфляция бір жылда 18,1%-ды құрап, 3,2%-ға баяулаған. Ақпан айында бұл көрсеткіш 21,3% болған еді. Соның ішінде, бір жылда азық-түлік тауарлары – 20,5%-ға (2023 жылғы ақпанда – 26,2%), азық-түлік емес тауарлар – 18,1%-ға (2023 жылғы ақпанда – 20,5%), ақылы қызметтер 14,4%-ға (2023 жылғы ақпанда – 15%) қымбаттапты. Мұндай ақпаратты осы аптада Ұлттық статистика бюросы таратты. Десе де, азық-түлік бағасы түспей тұр. Былтырғы наурызбен салыстырғанда пияз – 55,1%, консервіленген сүт – 47,1%, күріш – 43,8%, қияр – 40,9%, макарон өнімдері – 35,1%, ұн – 33,2%-ға өскен. Тек қырыққабат қана тең жартысына (51,1%) арзандапты. Наурыз айы сарапшылар қауымы үшін бұрынғы болжамдарын қайта қарау кезеңі боп тұр. Сайлаудың алдындағы ақпан айында олар ең жоғары инфляция 2023 жылы 11,8%, 2024 жылы – 8%, 2025 жылы – 7% болады деген еді. Енді 2023-2025 жылдары кезек ретіне қарай 12,2%, 8,8% және 7,2% болады деп отыр. Ал өз кезегінде вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин инфляция сәл де болса ырыққа көнгенін, бірақ әлі де болса қиын болатынын мәлім етті.
«Менің осы қызметке келген кезімде алдымызға қойылған басты мақсат – инфляцияны ауыздықтау еді. Біз оны орындай алдық. Міне, ақыры, инфляция баяулады. Бұл Үкімет өзіне жүктелген міндетті еңсере алып отырғанын білдіреді. Әйтсе де тоқмейілсуге әлі ерте. Өйткені сәуір, мамыр айы және маусым айының басы қиын болмақ. Өйткені, бұл – егін піспеген маусымаралық кезең. Сондықтан да біз оған алдын ала дайындық жасап, 33 мың тонна картоп, 11 мың тонна сәбіз, 7 мың тонна қырыққабат пен пияз сатып алып қойдық», – дейді ол.
Экономист сарапшылар инфляцияны бағалаған кезде барлық шешуші факторларды кешенді түрде қарастыру қажеттігін айтады. Мәселен, базалық ставка мен теңгенің бағамы, ЖІӨ мен тұтыну бағасының индексі, мұнай бағасы мен экспорт-импорт көлемі де ескерілуі керек. Ұлттық банктің соңғы жүргізген сауалнамасы бойынша алдағы үш жылға мұнай бағасы мен ЖІӨ көлемінің болжамы өзгермеген болса, базалық ставка болжамы 2023 жылға 15,7%, 2024 жылға 11,7% болып артқан. 2025 жылға керісінше 9% болып төмендеген. Сондай-ақ, мамандар тауарлар мен қызметтердің экспорты 2023 жылы 91,6-дан 89,3 млрд долларға, 2024 жылы 93,9-дан 93 млрд долларға төмендеуі мүмкін екенін айтады. 2025 жылға сол 90,7 млрд доллар боп қалып отыр. Импорт бойынша да осындай төмендеу болады деген болжам бар. Ал доллар бағасында ахуал жақсарады екен. Теңге бағамы 2023 жылы 472 теңге, 2024 жылы 496 теңге, 2025 жылы 516 теңге болмақ. Осының алдындағы ақпан айында жүргізілген сауалнама кезінде сарапшылар 1 доллар биыл – 477,8 теңге, келер жылы – 500,0 теңге, арғы жылы – 515 теңге болады деген болатын. Макроэкономикалық көрсеткіштерді зерттеу мен болжам жасаумен айналысатын халықаралық ұйымдар, зерттеу институттары мен рейтинг агенттіктері сынды нарықтың кәсіби қатысушыларынан тұратын 12 ұйым арасында өткізілген бұл сауалнама ағымдағы ахуалдың объективті бағасын беруге, тұжырым жасап, шешімдер қабылдауға таптырмас құрал.
Реттеушілік әдісті сынаушылар көп
Еліміздегі инфляцияның бір себебі – сыртқы факторлар екені рас. Өйткені, былтырғы рекордтық 20,3%-ға геосаяи ахуал, соның ішінде логистикалық тізбектің өзгеруі мен импорт көлемінің артуы қатты әсер еткен болатын. Енді еліміз ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыруға тиіс екенін түсініп отыр. Үкімет өзіне алған міндеттемелерге сәйкес ел азаматтарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қолжетімді бағада қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мақсатта тіпті ол өз қаулысымен 19 атаудан тұратын тізімді бекітіп, бағаны ұстап тұру үшін 100 млрд теңге бөлуге шешім шығарып та қойды. Мәселен, бүгінде таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны белгілі бір диапазонда ұстап тұру үшін мемлекет үш тетікті қолданады екен. Десе де мұндай реттеушілік әдісті сынаушылар көп.
«Біріншіден, кәсіпкерлерге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 0,1% мөлшерлемемен несие береді. Бірақ оның бекітілген бағамен жұмыс істеу туралы шартымен өндірушілердің барлығы бірдей келісе бермейді. Ал келісімін бергендері шринкфляцияны өте жиі қолданады, ол дегеніміз, баға өзгермей сақталып қалады да, өнімнің сапасы, салмағы, көлемі кемиді. Екінші жолы – форвардтық келісімшарттар. Бұл жағдайда болашақ өнім үшін аванстық төлем жасалады. Әйтсе де, мұнда жүзеге асыру механизмінің өзі шикі, сондықтан да кәсіпкерлердің өз міндеттемелерін орындамай қалу қаупі зор. Мәселен, форвардтық келісімшарттарды жасау кезінде көкөністердің көлемі көрсетіледі. Оны ӘКК Үкіметке есеп беру үшін пайдаланады. Осындай өнім көлемі бар деген есепті Премьер-министр өз кезегінде Президентке береді. Бірақ, мұндайда 50% тауарлар тек қағаз жүзінде болып шығады да, келісімшарттар орындалмаған, ал қаражат басқа схемаларға жылыстап кеткен жағдайлар көп кездеседі. Үшіншіден, азық-түліктерді экспортқа шығаруға тыйым салу. Бұл – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді дамытпайтын, оларға өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік бермейтін, ал қыруар несиесі бар ауыл тұрғындарын құрдымға батыратын үкіметтің ойлап тапқан ең бір жабайылау әдісі. Билігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жан-жақты ойластырып, жауапкершілікпен әрекет ететін ауыл шаруашылығы тұрақты әлемнің бір де бір елінде мұндай механизм жоқ», – дейді «Ұлттық мәдениетті қорғау» ҚБ төрағасы Асқар Омар.
Делдалдар деструктивті рөлге ие
Қоғам белсендісінің айтуынша, пиязды егістіктен сатып алғанда оның бағасы келісіне 50 теңге шамасында болады екен, оны сақтау үшін 20% қосылады, кептіру мен салмақ жоғалтқаны үшін тағы 2% есептеледі, міне осы сомаға 15%-дан көп емес үстеме ақы қосуға болады, яки заңында баға осылай қалыптасуы тиіс. Ал нақты өмірде тауарды бастапқы сатып алу кезінде көбіне көп келісімшарттар жасалмайтындықтан және қаржылық құжаттар берілмейтіндіктен, әуелгі бағаны анықтау мүмкін болмай отыр. Бұл делдалдар үшін шексіз мүмкіндік. Олар фермердің өз өнімін тікелей сатуға құқығы жоғын пайдаланып, тауар құнын бірнеше есеге көтеріп жібереді. 15%-дан артық қоса алмайтындықтан олар тауарды әуелі бір-біріне сатады. Осы тізбектегі делдалдар көп ретте бір отбасының мүшелері немесе жақын туыстар болып келеді. Бірақ, тексеріс барысында антимонополия қызметкерлері бұған түсіністікпен қарайтыны таң қалдырады.
«Шындығында да бүгінде еліміздің экономикасында делдалдар деструктивті рөлге ие боп отырғанын ерекше атай өткен жөн. Бір ғана мысал: былтыр олар қантқа қатысты жалған ақпарат таратқанда, Coca-Cola сынды ірі өндірушілер елең етті де, өздеріне керек қанттың алты айлық қорын бір-ақ сатып алды, ал делдалдардың өздерінде бар тауарларын сатпай қалып, халық арасында дүрлігіс туғызған еді. Осы кезде өңірлердегі резервте қант көлемінің 1-1,5 айлық шектеулі қоры ғана қалған болатын.
Олардан кейінгі сату тізбегінде әлеуметтік дүкендер тұр. Олардың өздері де ықпалды адамдарға тиесілі. Әуелгіде ашқан да солар. Осы сауда нысандарына арзан бағамен келіп түсетін әлеуметтік маңызы бар тауарларды дүкен иелерінің өздері сатып алады да, нарықтық бағамен қайта сатады. Сондықтан да азаматтарды өмірлік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін келесідей шарттар орындалуы қажет:
Біріншіден, су ресурстары мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс, өйткені барлық су айдындары мен су қоймаларын ықпалды адамдар иеленіп кеткен. Олар суды ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге өте қымбат бағамен сатады, ал бұл міндетті түрде өнімнің өзіндік құнын арттыратыны сөзсіз. Мемлекет су ресурстарын пайдалану мен мұндағы тарифтерді өз бақылауына алуы тиіс, өйткені сумен қамтудың ең өзекті мәселеге айналып кету қаупі жоғары және бұл жерде мемлекеттік көзқарас қажет. Екіншіден, диқандардың жерге қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет, бүгінде жер жыртып, егін салып жүргендер ол алқаптарды түрлі жолдармен қарпып қалып, енді онда жұмыс жүргізбей-ақ, тек жалға беріп табыс тауып отырғандардан жалға алуға мәжбүр. Мұндайға түбегейлі жол беруге болмайды! Өйткені бұл астықтың өзіндік құнына өте қатты әсер етеді. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудағы барлық тыйымдарды алып тастау қажет. Фермер экспорттық мүмкіндіктерді ескере отырып жұмыс істеуі керек, сонда ғана оның өнімділігі бірнеше есе арта түседі. Шаруаның маңдай тер, табан ақысы өнімі лайықты бағада сатылып алынуы тиіс. Оның 100% сақталуы қамтамасыз етіліп, ешқандай да делдалдардың қатысуынсыз, тікелей тұтынушыға сатылуы керек», – дейді Асқар Айсаұлы.
Қоғам белсендісінің сөзінің жаны бар. Ал делдалдарға қарсы соғыс жарияланып, паразиттік тізбектің тамырына балта шабылуы керек. Сонда ғана, инфляция не өсіретінін, не өшіретінін болжамсыз анық айтатын боламыз.