Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалың қалай, көрші?

Қалың қалай, көрші?

Бұрын жасы 90-нан асқан әжем тапшанда отырып, көше бойында орналасқан биік-биік қақпаларымен қоса үй төбесі әзер көрінетін қаңылтырлы қоршаумен қоршаған көрші ауласына қарап, басын шайқап отыратын.
– Ой, әже, қазіргі заман талабына сай безендіріліп жатыр ғой, ауылдың сәнін кетіретін ескі ағаштан, жыңғылдан жасалған қоршауларға қарағанда осы әдемі емес пе?!
– Әй, шырағым, мәселенің бәрі ескі қоршауда тұрған жоқ. Бұрын көше тұрмақ, іргелес тұрған үйдің ортасында қора болмайтын. Қазір не? Бәрі қоршаланып алған. Көршілер бірінің үйіне бірі кірмейді. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» демей ме, – деп күрсінетін әжем.
Иә, сол кездегі әжемнің күрсінгенін енді ұғынып жатқандаймын. Ес біліп, оң-солымызды танып қалған шақта кешқұрым көршілер бірінің үйіне кіріп, шай ішіп, еменде жарқын тілдесіп, үйге келген көршіге төрден орын беріп, амандық саулық сұрап жататын. Қазіргідей көгілдір отын жоқ кезде айналадағы көршілер таң бозарып атқанда қолдарына балталарын алып, отын асарына баруға дайын тұратын. Ал қазір ше? Қазір мүлдем керісінше. «Асар» дейтін сөздің қалыс қалғаны қашан? Дайын тұрған отынды көлікке тиеу үшін әр адамға кем дегенде 3-4 мың теңге беруіңіз керек. Ақша бере алмайсыз ба, онда көршілік, ағайындық деген ұғым жоқтың қасы.
Енді біздің қасиетті дінімізде көрші ақысы туралы не дейді? Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Расулла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» деп сұрағанда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Есігі ең жақын орналасқанына» деп жауап беріпті. Бірде Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жанындағы көршісінің аш жатқанын біле тұра, өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес» дейді. «Көрші қақысы – Тәңір ақысы» деген осыдан шығады. Көршіменен келісті қарым-қатынас жасай білу де бір өнер.
Еңбекші ауылдық округінің тұрғыны Қанат Мырзахметов:
– Иә, үйі іргелес көршің сенің ең жақын адамың. Қуанышыңа, қайғыңа бірінші болып жететін де – жақын көрші. Бетін аулақ қылсын, бір қиындыққа тап болсаңыз, әуелі көршің келіп, басыңды сүйейді. Ендеше, жақын көрші – жақсылық жасауға лайық көрші. Мысалы, бір жаққа қыдырып бара жатсаңыз да бала-шағаңды, мал-мүлкіңді көршіңе табыстап кетесің. Ол сен оралғанша аманатыңа адал болып, бала-шағаңа, мал-мүлкіңе бас-көз болып отырады. Сондықтан өз басым көрші-қолаңмен жақын араласқанды құп көремін. Жасыратыны жоқ, кейбір көршілерімнің жағдайы қалай, не істеп жатқаны беймәлім. Дәл қазіргі уақытта көршілердің шекара шебі шегенделіп бара жатқандай көрінеді – дейді.


P.S.
Бағзы бабаларымыз «Көршіңнің ала жібін аттама», «Қонақ келсе құт», «Алыстағы ағайыннан ауылы бірге көрші артық», «Отты үрлей берсең өшірерсің, көршіні күндей берсең көшірерсің» деген сөзді текке айтпаған. Күндей берсең, көрші көшеді, жүндей берсең, келінің де кетеді. Сондықтан Құдай қосқан көршімен қашан да тату болу керек-ақ.
Ал сіз көршіңізбен қалайсыз, оқырман?

Дархан БАЙТІЛЕС
07 сәуір 2023 ж. 253 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930