Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақының зейнетін компания көре ме?

Зейнетақының зейнетін компания көре ме?

Қазір әр азаматты зейнетақы жи­нағындағы қаржысының жай-күйі толғандыратыны белгілі. Осы тұста та­ғы бір жаңалықтың шеті шығып тұр. Биылдан бастап азаматтар зей­не­­тақы жинағындағы ақшаның 50 пайы­зына дейінгі бөлігін жеке ком­паниялардың басқаруына беру­ге мүм­кіндік алуы мүмкін. Яғни, азаматтар зейне­та­қы жинақтарының бір бөлігіне компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алып, ке­ле­шегіне инвестиция жасай алады. Дегенмен көп­шілікке таңсық дүние тиім­ді ме? Осы сауал алаңдатпай қоймайтыны анық.

зейнетақы

«Тек тұрмасынның» тетігі
Әуелі мәселенің кей тұсына тоқталсақ. Зей­нетақы активтерін басқару мүмкін­дігі­не ірі акционері шетелдік саналатын ком­паниялар да ие болуы ғажап емес. Қаржы на­рығын реттеу және дамыту агенттігі әзір­леген нормативтік-құқықтық актілер­ге енгізілген өзгерісте осы мәтін ойып тұ­рып орын алыпты. Енді заң жобасы жү­зеге асу үшін Президенттің қол қоюын күтіп тұр.
Құжатта зейнетақы активтері есебінен са­тып алуға рұқсат етілген қаржы құ­ра­лына шағын немесе орта кәсіпкерлікке жат­қызылған субъектілер шығарған мемлекеттік емес борыштық бағалы қа­ғаз­дар енеді. Бағалы қағаздар қор бир­­жа­сының ресми тізіміндегі «Борыштық ба­ғалы қағаздар» секторындағы «негізгі», бол­маса «балама» алаңына енгізілуі керек және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры­ның және Қазақстан Даму банкінің кепіл­дігі болғаны жөн. Ол осы облигациялардың номиналды құнының кемінде 50 пайызын жаба алатындай мүмкіндік береді. Заң жобасын әзірлеушілер бұл шара зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың ин­вестициялық мүмкіндіктерін арттыра­ды деп санапты. Зейнетақы активін бас­қарушы шағын және орта компаниялардың облигацияларына зейнетақы активтерінің жалпы құнының 3 пайызынан аспайтын сомасын ғана сала алады.
Зейнетақы активтері есебінен сатып алу­ға болатын қаржының қолданыстағы тіз­бесіне Қаржы министрлігі немесе Ұлт­тық банк шығарған мемлекеттік бағалы қа­ғаздары, сондай-ақ Үкіметтің кепілдік етуі­мен шығарылған бағалы қағаздар ене­ді екен. Бұларға әкімдіктер мен Ұлттық банк­ке толық тиесілі заңды тұлғалар шы­ғарған облигациялар да жатады. Енді баса на­зар аударар тұс, БЖЗҚ-дан басқа, зей­не­тақы активтері жеке компаниялардың басқаруында да болуы мүмкін. Қазір Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі талаптарына мынадай ком­паниялар сай келіп отыр: First Heartland Jusan Invest (Jusan Bank-тің еншілес ком­паниясы), BCC Invest, «Сентрас Се­кьюритиз», Halyk Global Markets және Halyk Finance (екеуі де Halyk Bank-тің ен­ші­лестері). 1 наурызда бұл компа­ния­лар­ға 5,9 мың қазақстандықтың жалпы со­масы 8,8 млрд теңгені құрайтын шекті ме­жеден асқан зейнетақы жинақтарының бір бөлігі аударылып үлгерген екен. Мә­се­леге қатысты қаржы мамандары көзқа­ра­сын жеткізуде. Мәселен, экономика са­­­рапшысы Мақсат Халық бұл тәсілді дұ­рыс деп санайтынын жеткізіп отыр.

«Азаматтар зейнетақы жинағының бел­гілі бір бөлігін басқаруға мүмкіндік ала­ды. Әрине, қазір қор нарығына шығу не­месе ақшасын құнды қағаздарға жұ­мылдыру арқылы халық біршама пайдаға кенеле қалады деп айта алмаймыз. Кері­сін­ше әлемдік қор нарығында бүгіндері үл­кен өзгерістер болып жатыр, құлдырау бар. АҚШ-тың өзінде бірнеше банк бан­крот­­тыққа ұшырап, дүдамал жағдайлар туын­дап жатыр. Дәл қазір ол пайда бере қой­мас. Бірақ болашақ үшін мұндай мүм­кін­діктің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Аза­маттар өз жинағын басқаруға беру ар­қылы қадағалай алады, қалай өсіп жат­қанын, өзгеріп жатқанын біледі. Бұл шара халықтың қаржылық сауаттылығының дамуына да өзіндік үлес қосады. Сон­дық­тан шараны қолдаймын», – деді ол.

Әйтсе де, маман шекті межеге қатысты сы­ни көзқараста екенін жасырмайды. 2022 жылы жеткілікті шекті қатты өсіріп жі­берген, соның салдарынан адамдар зей­нетақы ақшасының бір бөлігін пай­да­лана алмайтын болып қалған. Сарапшы бұған қарсы. Жыл өткен сайын жеткілікті шек­ті өсіріп отыруға болады, бірақ оны адам­дардың жалақысы секілді аздап кө­теру қажет. Ал бірден өсіру ақылға қоным­сыз қадам екен. Қалай дегенмен де өз жи­нағы болғандықтан, қажеттілік үшін бір бөлігін азаматтарға пайдалануға бер­ген абзал.

Ескінің жарықшағы «жаңашылдық» па?

Шынын айтқанда, зейнетақыдағы қаржының бір бөлігін компаниялардың бас­қаруына беретін мұндай мүмкіндік бірінші рет емес. 2021 жылы да осындай құ­қық берілген. Сол жылы жазда Зей­нет­ақы қоры ең жоғары табыс – Jýsan Invest АҚ еншісінде екенін хабарлады. Бас­қаруын­да 1,2 млрд теңге жатқан. Айнал­дыр­ған 1 айдағы өсімі 83,31 пайызды құра­ған. Зейнетақы жинағы портфеліндегі не­гізгі үлесті Exchange Traded Funds баға­лы қағаздары алды. Жыл бойы есептелген инвестициялық табыс мөлшері 30,24 млн тең­геге жетіп, соның 25,37 миллионы ба­ға­лы қағаздарды нарықтық қайта баға­лау­дан түскен. Зейнетақы активтерінің та­быс­тылығы 3,69 пайызды құрапты. Де­ген­мен бұл тәсілдің тиімділігіне күмәнмен қа­раушылар бар. Соның бірі – қаржыгер Айдар Әлібаев.
«Зейнетақы активтерін басқару бойын­ша жекеменшік компанияларға қо­сым­ша мүмкіндік ашылады. Мұндай нәр­се бізде бұрын болған. Жекеменшік ком­панияларға елдің зейнетақы ақша­сы­ның бір бөлігін құнды қағаздарға салуға мүм­кіндік беріледі. Сондықтан бұл арада тың бір жаңашылдық көріп тұрғаным жоқ», – дейді маман.

Оның айтуынша, БЖЗҚ-дағы зейне­т­­ақы жинақтарының көлемі 14,6 трлн тең­ге, ал бұл бағыттағы жекеменшік ком­па­ниялардың басқаруындағы ақша бар бол­ғаны 9,36 млрд теңге. Барлық жинақ­тың тек 1 пайызын құрайды.

«Былтыр Ұлттық банктің бас­қаруын­дағы БЖЗҚ активінің өсімі 6,55 пайыздан ас­қан. Ал инфляция 20,3 пайыздан жо­ға­ры. Демек, зейнетақы 14-15 пайыз теріс та­бысқа ие! Осыны басқару деп айтуға бо­ла ма? Әрине, мәселе бар. Соның ше­шімі ретінде осыны тың дүние ретінде ұсы­нып жатқан жайлары шығар. Бірақ жаңа­шылдығы айналып келгенде, ұмыт қал­ған бұрынғы ескі дүние. Басқа түк те емес. Мұны шарасыздық демей не дей­міз?», – деді Әлібаев.

Түйіндейтін болсақ, зейнетақыдағы қар­жының компаниялардың басқарылуы­на берілуін тиімді не тиімсіз қадамға балай алмаймыз. Көрерлік пайда да, зияны да жоқ секілді дүние. «Қаржы текке жатпа­сын» деген ойдың шеті де аңғарылғаны жа­сырын емес. Әйтпесе азаматтар жары­тып пайда табамыз деп дәмеленбегені аб­зал.
01 сәуір 2023 ж. 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930