Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналистің көзі, жұмысшының қолы

Журналистің көзі, жұмысшының қолы

Әне-міне дегенше дала жұмыстарына дайындық та басталады. Мұндай маусым көптеген адамдардың ісіне сеп. Себебі егін егіп, шаруашылықтан табыс тауып жүргендер жұмыстың ауырлығына қарамай, адал жолмен нәпақасын табуға асық. Алайда біздің елде көп жағдайда қарапайым жұмысшының еңбегі ескерілмей, еленбей қалып жатады. Оны – жалақының аздығынан-ақ аңғаруға болады. Содан да болар жұртшылық жат елден жұмыс қарастырып, қалталарын томпайтуға машықтанып алған. Бірі егістік алқабында жүріп құлпынай теріп табыс тапса, енді бірі саңырауқұлақ, мақта теріп күн көріп жүр. Тиісінше өзге елде өмір сүріп, тұрмыс-тіршілігін түзегендер қара жұмыс істегендері үшін өкінбейді. Себебі «Ол жақ адал еңбегіңді бағалайды» дейді олар. Осы жандардың қатарында медиа саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен, қаламы қарымды, дарынды қыз Әйкерім Асқарқызы да бар. Кейіпкеріміздің шетел асып, жұмыс істеп келгеніне біршама уақыт болып қалыпты. Біз де өзге елде өмір сүріп, тіршілігін түзеп, табыс тауып жүрген жанды әңгімеге тартып көрдік.
– Қайырлы күн, Әйкерім! Білуімізше, екеуміз әріптеспіз. Осы саладан кетіп, шетел асып, нәпақа табуыңызға не түрткі болды?
– «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» демекші, экс-журналиспін деп айтайын десем, он жылдық тәжірибем бар, журналистикада қалыптасқан дағдыларды ұмыту оңай емес. Сол себептен болар фермадағы жұмысқа журналистің көзімен қарап, жұмысшының қолымен әрекет еттім. Алғашқы сұрағыңызға келетін болсақ, нәпақа деп өзіңіз айтып отырсыз, болашағыма сенімді болайын, артымда мүлкім, астымда көлігім, үйімде азығым болсын деп теңіз астым. Бір қаламмен, міне, «7-20-25» пен саған үй бере қояйын деп ешкім айтпайды. Бұрынғыдай алғашқы жарнаға 3 млн қазір түкте емес екенін өзіңіз білесіз. Кем дегенде 6-8 млн-ыз болуы керек. Ал өмірімнің 15-20 жылын несие төлеп отыруға мен келіспеймін.
– Көбіне қай елдің азаматтары шетел асып, жұмыс көздерін іздейді?
–Жауабы анық! Жағдай жақсы болса, елден ешкім кетпейтіні де анық. Мысалы, көрші Қырғыз елінің ішкі өнімі төмендегенін, бұрынғыдай сыртқы сауда айналымы жоқ екені, көрші Тәжік елінде жұмыссыздық бұрыннан белең алғанын, елдің дамуына ішкі және сыртқы көптеген факторлардың әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсы емес екенін сіз де, мен де, барлығы да біледі. Англияда міне, осы елдің азаматтары жұмысшылардың 50 процентін құрайды десек болады. Қазіргі Ресей мен Украин елінің арасындағы саяси жағдайдан кейін, орыс ұлтын жұмысқа алу тоқтатылған. Оның орнына қазақ азаматтары жұмысқа келуде. Ал Украин елінің азаматтарын «босқын» ретінде Біріккен Патшалық қабылдап, екі жылға елде емін-еркін қозғалуына жағдай жасалған. Ал жалпы алатын болсақ, қазақ азаматтары бірең сараң, бірақ осы 2023 жыл басталғалы Англияның фермаларына қызығушылық танытып, өтінім тастаған қазақтардың саны күрт артқан.
– Тіл білу шарт па?
– Тіл білу шарт емес. Неге десеңіз, Ұлыбританияға 2023 жылға дейін Болгария Республикасының халқы визасыз кіріп, емін-еркін жұмыс істеп жүрген, тіпті екі елдің арасына бір жаққа билет 5500-10800 теңге (10-20 фунт стерлинг) тұрады. Сонау 852-889 жылдары христиан діні мемлекеттік дін болып қабылданып, мемлекетте славяндану процесі жүріп, славян тілі мемлекет пен шіркеу тіліне айналғанын тарихтан білеміз. Сондықтан болса керек қазір бұл елдің, яғни болгар азаматтары орыс тілінен алшақ емес. Англиядағы жұмыс орнымызда болгар азаматтары супервайзер қызметінде болып, жұмыс процесі орыс тілінде түсіндіріледі. Біз түрік тілдес халықтар да бір-бірімізбен өз тілімізде сөйлесіп, түсінісіп, қолдау көрсетіп жүрдік. Ал жалпы алатын болсақ, қосымша тіл білу ешқашан артықтық етпейтіні анық. Қаншалықты жан-жақты болсаңыз, соншалықты еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болатыныңызды, мен айтпасам да, білесіздер.
– Тек Англия емес, Корея, Ресей елдеріне кетіп, жұмыс істеп жүрген жастар бар. Қазір олардың елге келгісі де жоқ. Бұған себеп? Барлығы сол табысқа келіп тіреле ме?
– Бұл сұрақтың да жауабы түсінікті. Осы тұста айта кеткім келіп отыр, Корей елінде заңсыз жүрген қазақ азаматтары өте көп. Бұл елдің шекарысының талабы жоғары, қазіргі уақытта. Сонда да әрекет етіп жатқандар баршылық. Корей елі мен Англияны алатын болсаңыз жалақы көздері шамамен бірдей. Айына қолыңызға таза 370.000 мен 1.200.000 теңге көлемінде түседі. Мысалға, Англияда ең төменгі жалақы мөлшері шетел азаматтарына заңмен белгіленген. Ол сағатына 10.40 фунт стерлинг (5500 тг шамамен). Жарты жылдың ішінде алып көрген ең төмеңгі жалақымыз айына 537.000 тг болды. Бұл үйдің, машинаның арендасынан және коммуналдық қызметтерді алып тастағанда, қолға таза түскені. Бұл ақша сіздің ештеңеден қысылмай керемет тамақтануыңызға, ай сайын қажетті, тіпті қажетті емес те киім кешегіңізді алуға, елдің басқа бір қаласын аралап келуге және ақша жинауыңызға толықтай жетеді. Әрбір үш ай сайын демалысыңызға бөлінетін ақша беріледі, шамамен 260.000 тенгеден басталады. Елде етті қоспағанда, барлық азық-түліктер Қазақстанмен бірдей, тіпті кейбір түрлері өте арзан (ел астанасын қоспағанда). Не себепті, өйткені бұл ел Европадағы ауыл шаруашылығымен айналысатын үздік ондыққа кіреді. Ел шаруалары жерінің 80 процентін осылай игеріп отыр. ЕО жыл ­сайын ауқымды қаражат та аударып отырады. Сол себептен шаруалардың тең жартысы субсидияға жүгініп те, әрекет жасап, қысылмай отыр. Елдің негізгі қажеттіліктері толықтай өтелуде деп айтуға келеді. Ауа райы да шаруашылықпен айналысуға өте қолайлы. Кейде қыстың күні ауа температурасы тіпті +12, +15 градусқа дейін барады. Англиядағы фермаларда жұмыс істеймін десеңіз, визаның «сезондық жұмысқа» арналған түрін ұсынады. 6 ай көлемінде осы елде заңды түрде қызмет ете аласыз. Осы тұста ескертуім керек, жұмысқа тұрғызамыз деп, қосымша қаражат сұрап, алаяқтық танытып, жоқ болып кетіп жатқандар жетерлік. Тек консульский сбор төлеп, барар және қайтар билетіңізді ғана өз қалтаңыздан төлейсіз. Оның өзі шамамен 500.000 теңге.
– Жұмыс уақытын есептегенде, бір түсініспеушіліктер болып, сағаттар жетпей, ақшаңызды қиған кездер болды ма?
– Өте орынды сұрақ. Өйткені әбден сенуден қалғанбыз. Кім қай жерден жеп қалады екен, алдап кетер екен, үстіне қосып тұрған жоқ па деген түсінікпен өмір сүріп келеміз. Фермаға алғаш келгенде өзіміз қосымша уақытымызды есептеп жазып жүрдік. Бірақ басшылықтың есептеген уақыты артығырақ болды. Бұл кісілер сенің жұмыс уақытыңның секундына дейін санайды екен. Басшылықтың айтуы бойынша, еңбек нарығындағы заң бұзушылықтар Ұлыбритания елінде қатты жазаланады екен. Сондықтан сіздің маңдай теріңізбен тапқан нәпақаңыз үшін уайымдамасаңыз болады. Біз үйреніп қалған, төленбейтін жұмыстан тыс уақыттар, жеке басшылықтың шаруалары деген дүние жоқ!
– Қазақта «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген тамаша тәмсіл бар. Британдықтарға қызығып, біздің елге де осыны енгізсе керемет болар еді деген тұстарды тілге тиек ете кетсеңіз...
– Айтатын болсақ өте көп. Бірақ, сол есімде қалып, түртіп алып, керемет-ай деген бір дүние бар. Ел азаматтары қаншалықты табыс көп табады, соншалықты салық көп салынады. Бұл дегеніміз– біздің елдегідей бай мен кедейдің арасындағы алшақтық үлкен емес деген сөз. Яғни бай байығанның үстіне баи бермейді. Бұл басшылармен араласқанда да өте қатты байқалады. Мен басшымын, баймын деп ешкім шіреніп отырмайды. Сенің қасыңда жүгіріп жүріп, бірге әрекет етеді. Балшық-балшық боп жүрген кісінің басшы екені ойымызға да кіріп-шықпаған. Сол себепті алғаш фермаға келгенде «Big boss»-тың кім екенін де білмедік. Тағы да бір қызығы, бұл кісімен емін-еркін сөйлесе аласың, қажеттіліктеріңді жеткізіп, өз пікіріңді білдіресің. Көп фермаларда басшылар әр ай сайын стол жайып, тағамдар алдырып, жұмысшыларының демалуына жағдай жасайды.Әңгіменің соңында айтарым: әртүрлі адам, әртүрлі салт-дәстүр мен мінез болады. Әр адамның өзінің жинақтаған тәжірибесі бар. Журналист Әйгерім сөй дейді, бүй деді, Англия керемет екен деп, барлықтарыңыз теңіз асып кетіп қалмаңыздар. Алаяқтарға алданып қалмаңыздар. Әрбір келген тиын маңдай тер. Жұмыстың жеңілі жоқ. Кез келген тұста тәуекелге дайын болуыңыз қажет. Ал еліме айтарым: барлығымыз атсалысып әрекет етуіміз қажет. Бір Қ.Тоқаев мырза бар екен деп, ел болашағына бей-жай қарамайық. Ұстазсыз ба, айналдырған бес балаға сабақ берсеңіз де, сапалы беруге тырысыңыз. Елге мықты бес тұлға қажет болады. Асханада істейсіз бе, сол бес балаға қарайлаңыз, қарны тоқ болсын. Мектепте қарауылсыз ба, сол бес баланың аман-есен үйіне оралуына әрекет жасаңыз. Көршісіз бе, «Құдайы көрші болыңыз». Мемлекеттік қызметте істейтін де әрбір азамат осылай әрекет етсе, дамыған елдер жолда қалайын деп отыр. Тәрбие мен білім ұштасқаннан артық ештеңе жоқ. Біреулер айтып отырғаның утопия, ертегі бұл, әркім өз басын ойлайды деп айтып отырған боларсыз. Бірақ, жақсылықтың еселеніп қайтарынан барлығымыз хабардармыз, соны ұмытпайық. Әдемі ел болашағын құруда барлығымызға сәттілік!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан

Сұлушаш МАДИЯРОВА
27 ақпан 2023 ж. 254 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930