БІРТУАР СӘУЛЕТШІ
Балалық шақтың базарында жүріп бәрімізде арманшыл болдық. Мектеп қабырғасында ұстаздарымыз мамандық таңдау бойынша қызықты тәрбие сабақтарын, кештер ұйымдастыратын. Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары инженер мамандығы алдыңғы сапта тұрды. Одан соң заңгер, мұғалім, келе-келе агроном, зоотехник, көп ұзамай дәрігер, гидротехник болуды қалағандар шыға бастады. Ал архитектор (сәулетші) мамандығын кешеге дейін естімегеніміз рас. Осындай сирек кездесетін мамандыққа қол жеткізу кімнің болсада арманы шығар.
Ауылдың қарадомалақ балаларынан нені болса да күтуге болады. Ел ішінен тума таланттардың шығуы – өмір заңдылығы, тарихи шындық. Қазақ жерге бай. Кең-байтақ даламыз бар. Аумағына бес Франция сыйып кетеді деп мақтанамыз. Байтақ жеріміз Батыста айдынды Атырау мен шығыста асқар Алтай арасын, терістікте Қызылжар қаласы мен түстікте Шымкент арасын алып, көсіліп жатыр емес пе? Мемлекеттің бірінші байлығы – адам. Ана шеті мен мына шетіне құс қанаты талатын кеңістікте қала салынады, ұлттық демографиямыз дамиды, халық саны өседі.
Ауылдың қарадомалақ балаларынан нені болса да күтуге болады. Ел ішінен тума таланттардың шығуы – өмір заңдылығы, тарихи шындық. Қазақ жерге бай. Кең-байтақ даламыз бар. Аумағына бес Франция сыйып кетеді деп мақтанамыз. Байтақ жеріміз Батыста айдынды Атырау мен шығыста асқар Алтай арасын, терістікте Қызылжар қаласы мен түстікте Шымкент арасын алып, көсіліп жатыр емес пе? Мемлекеттің бірінші байлығы – адам. Ана шеті мен мына шетіне құс қанаты талатын кеңістікте қала салынады, ұлттық демографиямыз дамиды, халық саны өседі.
Тарихқа зер салсақ, қазақ даласында құрылыс ерте заманда-ақ дамыған. Оған кең байтақ жеріміздің қай өңірінде болмасын, ежелгі және ортағасырлық қалалардың орын тепкені толық дәлел бола алады. Осынау бабалар дәстүрін жалғастыру қазіргі заманғы сәулетші, құрылысшылардың міндеті болғаны анық. Мені таңғалдырып отырған жайт, Шиелі өңіріндегі Жеміс-жидек (Алмалы) ауылында туып-өскен Яхия балаға кім «архитектор мамандығын таңда» деді екен? Мүмкін өзі шығар. Қазақтың тума таланттар деген сөзінің жаны бар секілді. Расында, Яхия Күлбаев Шиеліден шыққан биік талант иесі, қолтаңбасы айрықша сәулетші екенін енді біліп жатқандаймыз. Егер оның туған ағасы Қыдырия Күлбаев бастаған бауырлары, Яхияның ұлдары мен Кенже апайлар «Ханшатыр» мейрамханасында аудан ардагерлерін шақырып, 2016 жылы дүниеден озған бауырлары Яхияға арнап ас бермегенде, қариялардың батасын алмағанда, оның кім болғандығынан неғайбыл екенімізді білдік. Оны сол жерде алғаш сөз алған Рахым Мауияұлы ағамыз да ағынан жарылып жеткізді. «Осындай талантты шиелілік ұл-қыздарымыз сыртта көп. Оларды зерттеп, аудан халқына таныстыру – журналистердің еншісі. Ауданның зиялы азаматтары, ардақты ардагерлері жайлы молынан жазылып жатыр. Мына Яхия ініміз қандай керемет істер атқарған. Оны халық білуге тиіс» – деген еді. Иә, көнекөз қарияларымыз әрқашан даналық жолынан таймаған, кесіп тұрып айтқан.
Яхия Күлбаев 26 желтоқсан 1958 жылы Жеміс-жидек (қазіргі Алмалы) ауылында дүниеге келген. Осындағы №181 қазақ орта мектебінің түлегі. Яхия жастайынан көркемөнерге құмар болып өседі. Сурет салады, домбыра тартып, ән де айтады. Сымбатына іс-қимылы сай жас жігіт арман қуып, Шымкент қаласына барады. Мақсаты – архитектор болу. Мектепте сызу сабағынан алдына жан салмайтын Яхия 1976 жылы Шымкенттегі Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне түсіп, 1980 аяқтайды. 1980-1982 жылдары ол алғашқы еңбек жолын Шиелі кентіндегі аудандық халыққа қызмет көрсету комбинатында сәулетші-әрлеуші жұмысынан бастайды. Бойдағы тума талант қойсынба, оны ауылға, ауданға сыйғызбай, алыстағы Ресей қаласынан бір-ақ шығарады. 1982-1988 жылдар аралығында Я.Күлбаев Ленинград қаласындағы Репин атындағы көркемсурет академиясында оқып, сәулетші мамандығын алып шығады.Студент кезінде ата-анасына салмақ салмай, күндіз сабақ, түнде қара жұмыс істеп, керек болса, өзіне жеке баспана да сатып алған студентті кім көріпті? Күшті қабілетінің арқасында ол оқу-тоқумен, жұмыспен ғана емес, қазақ әдебиетімен, Отан тарихымен, музыка өнерімен сусындап отырған. Оларды сүйіп, бағалай білген. Ол жас кезінен бауырмашыл, үлкенге абзал іні, кішіге аяулы аға болып қалыптасқан асыл азамат болатын. Я.Алиасқарұлы 1988 жылы Алматы «Гипрогор» мемлекеттік жобалау институтында сәулетші қызметін атқарады. Барынша қарапайым, көркем мінезді, сабырлы жігіт Яхия 1995-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік суретшілер академиясында «Мүсін» кафедрасында «Сәулет» сабағынан аға оқытушы болып қызмет етеді. Ал 1999 жылдан 2016 жылға дейін Алматы қаласы Сәулет және құрылыс басқармасының «Жобаларды келісу» бөлімінің басшысы, бас архитектордың кеңесшісі, орынбасары қызметтерін абыройлы атқарып, өмірінің соңына дейін бедел шыңдарынан көрінеді.
Я.Күлбаев 2016 жылы ауыр науқастан 58 жасында дүние салады. Осындай биіктерге көтерілген шағында күтпеген жерден сұм ажал бақилық етті. Қазақстанның архитектурасы үлкен қазаға ұшырады. Қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы, сәулетші Я.Күлбаев келмеске кетті. Артында сүйген жары Мейрамкүл, тұлпардың тұяғындай қос ұлы қалды. Үлкені Еркебұлан – Алматы қаласында қызметкер. Кішісі Нұрсұлтан – әке жолын жалғастырушы,архитектор мамандығын таңдаған. Екі-үш немересі өсіп келеді. Абзал азамат, жерлесіміз тірі болғанда, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін әлі де қоса берер еді. Оның Алматы, Қонаев қалаларындағы көпқабатты үйлердің ғимараттарын безендірудегі орасан еңбегі ешқашан ұмытыла қоймас. Я.Күлбаев адал әрі сәулетті еңбегінің арқасында «Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі», «Мәдениет саласының үздігі», Сәулетшілер одағының «Алтын дипломы», «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» , «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарының иегері, Ресей, Астрахан облысының Мәдениет-мемориалдық фондына сіңірген еңбегі үшін «Алғыс хат» деген атақ-дәрежелер мен мемлекеттік марапаттарға ие болған.
Газет оқырмандары жерлестерінің авторлық жобаларымен де таныс болғанын жөн көрдік. Яхия Алиакбарұлының қолымен сызылып, ойымен дүниеге келген керемет сәулет өнерінің туындыларына таңданбасқа болмайды. Олар: Алматы қаласы, Самал-2 ықшам аудандағы 1200 оқушыға арналған орта мектеп, ҚР Президентінің резиденциясы, «Марапаттау залы», Ақтау қаласындағы «Бекет ата» орталық мешітінің авторы, Қапшағай қаласының спорттық-сауықтыру кешені, Сарыөзек қаласының мешіті, Шиелі ауданындағы М.Шоқай ескерткіші, «Жаназар батыр» кесенесі, Астана қаласындағы «Бәйтерек» монументі жобасының кеңесшісі, жобаға қатысқан Сәулетшілер тобының мүшесі, Қызылорда қаласындағы «Сыр бойы батырлары» монументі, «ҚР Тұңғыш Президенті» саябағы, фонтан аллеясы мен «Қазақстан» монументі жобасының кеңесшісі, авторлар мүшесі, «VII Қысқы Азия ойындарының» ашылуына қалған күндерін есептеу стелласы, Ресей Федерациясы, Астрахан облысы, Камызяк ауданындағы Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған ескерткіш, Жаңақорған ауданындағы «Алпамыс батыр» монументтік комплексін жобалау конкурсының жеңімпазы. Жалпы, 1999-2016 жылдар аралығында Алматы қаласында салынған барлық ірі жобалар жерлесіміз, сәулетші Яхия Алиакбарұлының келісімімен, нұсқауымен, кеңесімен жүзеге асырылып отырған. Сондай-ақ, ол мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған пантусты ойлап тауып, құрылысқа енгізген автор ретінде де бізді мақтанышқа бөлейді. Асқа жиналған ардагерлер осынша нәрсені естіп, экраннан көріп, таңданыспен тарады. «Япыр-ай» деп те жатты. Қуанышпен өкініш жүздескендей, Шерханша «бір кем дүние» дегендей кейіп білдірді.
Қаншама тарихи тұлғаларды, батырларды, әулиелерді «тірілтіп», ескерткіш, кесене, мешіт жобаларын жасап тұрғызған архитектор Я.Күлбаевты жерлестері неге еске алып, құрмет көрсетпеске? Өмірден жастай озған, тірі болғанда үстіміздегі жылы 65 жасқа толатын көрнекті сәулетші Яхия Күлбаевқа Шиелі кентінен бір көше атауын беру сұранып тұрғандай. Бұл өте сирек мамандық иесіне жасалған құрметтің бірі болып қалар еді.
Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы