Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МОБИЛОГРАФ МАМАНДЫҚ ПА?

МОБИЛОГРАФ МАМАНДЫҚ ПА?

Бүгінде бәріміздің қолымызда бір-бір сымсыз құрылғыдан бар. Иә, бұл күнде сыңарымызға айналып үлгерген смартфонның адамзат баласына тигізіп жатқан зияны жоқ емес. Алайда тимді тұстары да бар. Мәселен, кез келген уақытта қалтафонның көмегімен қалағанымызша сәтті кадрларды түсіре аламыз. Осындай қолда бар дүниенің қадірін арттырып, жансыз дүниеге жан бітіріп, әрбір кадрдан креативті әрі әдемі көрініс істей алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі қазір камераға керемет түсірудің өзі кәдімгі бір мамандыққа айналған. Сұлулықтың бәрін смартфонға сыйдыра алатындарды заманауи тілмен айтқанда – мобилограф дейді. Сонымен, мобилограф мамандық па?
Шынымен, қазір жоғары сапалы видео түсіре алатын жастардың саны көбейді. Олардың бірі мейрамханалардағы тағамдарды тәбетіңді ашатындай етіп бейнелесе, енді бірі киім-кешекті сатып алғың келетіндей-ақ түсіреді. Десе де, трендте жүрген мамандықтың болашағы бар ма, жоқ па – осы тұсы белгісіз. Қазір сұраныста болғанымен, «жарқ» еткен дүниенің тез сөніп қалатыны тағы бар. Ал сіздің ойыңызша, мобилографияның ертеңі қандай?
Бүгінгі таңда ауданда трендтегі мамандықты игеріп жатқан жастар бар. Солардың бірі – Інжу Қасымханова. Кейіпкеріміз небәрі 1 жылдың ішінде ауданда өзіндік қолтаңбасы бар мобилограф ретінде танылып келеді. Ол қазіргі күні кенттің көрікті келбетін келістіріп, ауданның айшықты жерлерінен әсірлі кадрлар ұсынып, ресми және мерекелік кештерден түрлі видеоларды түсіріп, өз-өзін көрсетуде. Бұл бағыттағы білімін қатарластарымен бөлісіп қана қоймай, аудандағы 40-қа жуық мұғалімді мобилография курсы бойынша оқытып үлгерді. Жалпы Інжу үшін оқы әрі оқыту таңсық дүние емес. Себебі оның негізгі мамандығы – сандық ақпараттарды өңдеу. Бірақ бүгінде өз мамандығын смартфонға алмастырып, сапалы бейнелер түсіріп, ұсынып жүрген жайы бар.
– Мен Кентау қаласындағы «Арнаулы кәсіптік колледжін» тәмәмдаған соң, өз салам бойынша жұмыс істемедім. Туған жеріме келген соң аудандық «Жастар ресурстық орталығына» жұмысқа орналастым. Үнемі әлеуметтік желіде «Мобилографтың атасы» атанған Қыран Талапбектің жұмыстарын көріп жүретінмін. «Темірді қызған кезінде соқ» дедім де, «Adilet Art» курсын бірден сатып алып, оқыдым. Қосымша «yeldos.sun-ның» желідегі видеоларын қарадым. Содан біраз нәрсе үйрендім. Қазіргі таңда мобилографияға сұраныс жоғары және көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Бір сөзбен айтқанда бүгінгі күні камерасын серік еткен мықты мамандардың дәурені жүріп тұр, – дейді Інжу.
Иә, қазір «тас лақтырсаң» мобилографқа тиетін уақыт болған секілді. Себебі заман мен уақыттың талабына сай аталған мамандықты игерушілердің саны басым. Дей тұрғанмен, өнімді әрі сапалы жұмыс ұсынатындардың қатары санаулы. Інжудің сөзінше, осы салаға бет бұрған жандар тікелей мобилограф мамандарынан сабақ алып, көмегіне жүгінгені абзал. Түрлі «фишкаларды» меңгерген соң әдемі кадрларды қалт жібермеу әр адамның өзіне байланысты болады. Сәйкесінше, видеоға сай музыка таңдау да маңызды. Өйткені сіз жасаған роликте әуеннің алар орны ерекше. Осы тұста айта кетейік, Інжудің жасаған бейнежазбалары әлеуметтік желіде 20 мыңдай қаралым жинаған.
Байқағанымыздай, бұл сала жасқа қарамайды, талғамайды да. Мұны кейіпкеріміз де дәлелдеп отыр. «Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға» дейін мобилограф бола алады. Видеоны кімнің түсіргені емес, нені түсіргені маңызды. Тек болдым, толдым демей, үнемі тәжірибе жинап, түрлі байқауларда бақ сынап, курстар оқу қажет.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
15 ақпан 2023 ж. 419 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930