ҚАРҒЫН СУДАН ҚАУІП АЗ
Соңғы күндері ауа-райы күрт жылынып, қар ери бастады. Жығылғанға жұдырық дегендей, жауын-шашын мөлшері де молая түсті. Әсерінен көрші Түркістан облысының Кентау, Түркістан қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарының бірқатар ауылдарын су басты. Осы жағдайға байланысты Сыр жұртшылығының да мазасы қашты. Әлеуметтік желіде «Самарқанды су алдырған» хабарламалар көбейді. «Су тасқыны Жаңақорғанға жетіпті, сақ болыңдар» сынды жазбалар желдей есті. Ахуалды назарынан қалт жібермеген облыс басшысы Жаңақорғандағы қауіпті аймаққа арнайы барып, ахуалды өз көзімен көріп қайтты. Сөйтіп облыс тұрғындарына жағдайдың тұрақты, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.
Өткен апта соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы құрылған штаб мүшелерімен бірге Сырдария өзенінің жағалауын аралап, су деңгейін бақылады. Аймақ басшысы Қызылорда су торабында болып, одан соң жауапты мамандармен Жаңақорған ауданына барды. Түркістан облысымен шекаралас аумақтан бастап Сырдария өзеніндегі жағдаймен танысты. Бесарық елді мекенінде ауыл ақсақалдарымен кездесіп, өзендегі су деңгейі тұрақты бақылауда және барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынғанын айтты.
Өткен апта соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы құрылған штаб мүшелерімен бірге Сырдария өзенінің жағалауын аралап, су деңгейін бақылады. Аймақ басшысы Қызылорда су торабында болып, одан соң жауапты мамандармен Жаңақорған ауданына барды. Түркістан облысымен шекаралас аумақтан бастап Сырдария өзеніндегі жағдаймен танысты. Бесарық елді мекенінде ауыл ақсақалдарымен кездесіп, өзендегі су деңгейі тұрақты бақылауда және барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынғанын айтты.
– Түркістан облысында орын алған жағдайдың Сырдария өзеніне қатысы жоқ екенін ескеру қажет. Арыс өзенінен Сырдария өзеніне түсетін су көлемі болжам бойынша ағымдағы жылдың 3-4 ақпанында 100-150 м3/сек құрайды. Қазір Арал ауданынан бастап Шиелі ауданына дейін өзен бетінде толық мұз қатқан. Мұздың қалыңдығы 18-ден 52 см-ге дейін. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес облыс аумағына секундына 652 текше метр су түсуде.
Облыс аумағында Сырдария өзенінің бойында орналасқан стратегиялық маңызы бар Қызылорда, Айтеке би, Қазалы және Ақлақ су тораптары пайдалану Ережесіне сәйкес транзиттік режимге көшірілді. Штаб мүшелері Дария деңгейін күндіз-түні бақылауда, барлық қажетті техника мен құрал-жабдықтар жеткізілді, сондықтан уайымдаудың қажеті жоқ, – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 29 су басу қауіпі бар аймақ анықталып, оған 366 арнайы техника бірлігі және 1137 адамы бар 138 жауапты мекеме бекітілді. Су тасқыны болған жағдайда халықты эвакуациялау үшін 64 жинақтау және 78 қабылдау пункттері дайындалған. Облыстың барлық аумағында өзен бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда.
Оның ішінде шиелілік төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары да сақадай-сай екенін айтады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер алда-жалда аудан төңірегінде төтенше жағдай орын ала қалса, азаматтық қорғаудың 14 қызметі, 3 авариялық-құтқару құрамалары мен Шиелі трассалық медициналық-құтқару бекетін қосқанда 54 техника, 181 адам қызмет көрсетуге дайын. Одан бөлек Сырдария өзеніндегі су тасқыны қауіпі бар елді-мекендердің тұрғындарын көшіру үшін эвакуациялық 9 жинақтау, 10 қабылдау пункттері орналасқан.
Бүгінде Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне және жауапты мекемелерге төтенше жағдайдың алдын алуға тиісті тапсырмалар берілген. Жағдай тұрақты бақылауда. Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы штаб құрылып, 2 ай көлемінде жұмыс жасап келеді. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар бойынша 141,9 тонна жанар-жағармай және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Иә, «сәуір болмай, тәуір болмайтынын» ескерсек, әлі бірнеше ай бойы табиғи апаттан төнетін қауіптің сейілмейтіні белгілі.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ