Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖӨТЕЛГЕ ЖЕҢІЛ ҚАРАМАҢЫЗ

ЖӨТЕЛГЕ ЖЕҢІЛ ҚАРАМАҢЫЗ

Қылышын сүйретіп қыс келсе болды тұмаудың дендеп кететіні бар-ды. Кейде суық тиіп, тыныс жолының қабынғанын тұмаумен шатастырып аламыз. Бұрынғыдай емес, қазір балалар арасында ыстығы көтеріліп, жөтел күшейіп, одан құсу сынды белгілер көптеп кездесуде. Күн райының құбылуынан да адам ағзасы қолайсыз күйге еніп, жөтелден арыла алмай жүрген жандар да бар. Аталған дерт көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа да микробтардың әрекеті болуы мүмкін. Бұл – ақ халаттылардың пікірі.
Еңбекші ауылының тұрғыны Назерке Жұмағалиева тұмаудан әзер айыққандардың қатарында. Оның айтуынша, құрғақ жөтел, буындарының сырқырап қақсауы бір айналдырғанда шыр айналдырып, құтын қашырған. Сондай-ақ ол: «Бір айда туыстарымның жартысынан көбі (әсіресе балалар) тұмаумен ауырып шықты. Бірақ әркімде әрқалай өтіп жатыр. Әлі ауырып жатқандары да бар. Бірі кеудесін көтере алмай, жөтелуден жалықса, енді бірі ыстығын түсіре алмай әлек. Бұл жөтел баяғыдай емес, қайтуы қиын екен. Әсіресе түнде жөтел күшейеді. Мен өздігімнен суыққа қарсы дәрі-дәрмек ішіп, әзер сауықтым», – дейді.
Иә, бұл тек бір ғана тұрғынның пікірі емес, жалпы көптің көкейіндегі сауал. Сәйкесінше, медицина мамандарынан ­жауап іздеп көрген едік. Аудандық жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Әйгерім Әлсүгірованың айтуынша, қазіргі жағдайда жедел респираторлы вирусты инфекциялармен сырқаттанудың маусымдық өсуі байқалған. Оның негізгі көріністерінің басталуы алғашқыда дене қызуының көтерілуімен, бастың, дененің сырқырап ауруымен, жұтынғанда тамағының ауырсынуымен, мұрынның бітіп, көздің жасаурауымен басталатынын айтады. Осы айтылған алғашқы белгілер байқалысымен аймақтық дәрігерлерге көрініп, уақытылы ем алуды да тілге тиек етті.
– Жедел респираторлы ауру өз мезгілінде болып жатқан жағдай. Ол ауа тамшысы жолымен жұғады. Ауданда жұқпалы ­аурулар бөліміне күніне ең азы 5-6 науқасқа дейін түседі. Айта кету керек, қазіргі таңда жұқпалы аурулар бөлімі 30 төсекке арналған.
Бірақ маусымдық сырқаттануға байланысты қосымша төсек-орындар ашылып, халыққа барынша көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда 70-ке жуық науқас ем қабылдауда. Осындай аурудың көбейіп жатқанының бірден-бір себебі – маусымдық тұмауға қарсы екпелерді алмауы. Жасыратыны жоқ, қазір суық тию балалар арасында бірінші орында тұр. Олардың иммунитеті аталған аурумен өз бетінше күресе алмайды. Сол себепті күн суытып, ауа райы өзгерген кезде, ата-аналар балаларына аса мұқият қарағаны дұрыс. Баласы ауырып тұрса да, «менің жұмысым бар» деп, балабақшаға баласын жібере салатын ата-аналарды да кезіктіруге болады. Оның орнына баланы үй жағдайында емдеу керек немесе суықтың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дәрігермен кеңесу керек. Cондай-ақ ол әр үйдің дәрі-дәрмек салатын қобдишасында парацетамол міндетті түрде болу керек және көп мөлшерде су ішкені жөн. Қан тамырлары жүйесі аурулары барлар, диспанцерлік учетта тұратын, созылмалы өкпе аурулары бар жандар осы тұмауға өте сезімтал болып келеді.
Жөтел тек тұмау ғана емес, әртүрлі ауруларға шалдыққанда мазалауы мүмкін. Кей адамдар көбінесе дәріханадан жөтелдің дәрісін алып, өз бетінше емделгісі келеді. Мұндай қадам аурудың асқынуына әсер етеді.
Сонымен дәрігерге қандай жағдайда қараламыз? Егер жөтел 2 аптадан астам уақытқа созылса, тыныс алу жиілеп, ентігу пайда болған жағайда бірден дәрігер көмегіне жүгінген ләзім.
Ал білікті дәрігер Ә.Әлсүгірова егер ол жедел тыныс алу ауруының (ЖРВИ) симптомы болса, құрғақ жөтелмен өздігінен күресуге болатынын, егер жөтел ауыр патологияға байланысты пайда болса, онда емдеуді тек дәрігер тағайындай алатынын айтады. Науқастың жөтелі құрғақ болмаса, онда емдеу тактикасы сәл өзгеше болады. Дәрігердің айтуынша, науқас тым жылы бөлмеден сақ болуы керек. Егер бөлмеде +18°C+24°C температура сақталса, науқастың сауығуы айтарлықтай тиімді болмақ. Осы тұста бөлменің ылғалдылығы да маңызды. Сол үшін бөлме ылғалдылығы 60°C-тан жоғары болу қажет.
Анығында, тұмау – жас пен кәріні таңдамайтын қауіпті жұқпалы ауру. Сол себепті «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін даналық сөзін әсте естен шығармаған жөн.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
23 қаңтар 2023 ж. 387 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930