Ойын ойға жетелейді
Балалық бал дәурен шақты ойынсыз елестету қиын. Бір кездері қыздардың құмға су құйып, ыдыс жасағаны, анасының жарамсыз шұлығынан жасаған секірме резеңкесі, жерді сызып, тас лақтырып ойнайтын «галкасы», айналадағы бес-алты үйдің қыздарына ортақ жалғыз қуыршаққа жарыса киім тігетін ойындары қандай қызық десеңізші. Ал, ұл балалардың таң атқаннан қас қарайғанша үй бетін көрместен соқыр теке, ләңгі, аударыспақ, асық, шілдік, ханталапай ойнағандары бөлек әңгіме.Иә, осыдан бірнеше жыл бұрын балалар өз ойыншықтарын өздері жасап алатын. Ол кездері қазіргідей дүкен сөрелерінде толып тұратын ойыншықтар жоқтың қасы. Ғаламтордың не екенінен хабарсыз бейқам балалар сонда да ойынның түр-түрін білетін. Бірге жүгіріп, бірге күліп, эмоция алмасатын. Өмірдегі жеңу, жеңілу, күресу, құрметтеу, табандылық және сабырлы болу сияқты дүниелерді ойындар арқылы үйренетін.
Бұрынғыдай тәрбиелік мәні зор ұлттық ойындарды қайта жандандыру үшін қайтпек керек? Мүмкін, мектеп бағдарламасына енгізген дұрыс шығар. Денешынықтыру пәні мұғалімінің міндеті оқушыларды сапқа тұрғызып, бірінші-екіншіге санатқызумен ғана шектелмесі анық. Барлығына бірдей күйе жағудан аулақпыз. Десе де, денетәрбиесі сабағы көбіне ұзындыққа секіртіп, қашықтыққа жүгірту, баскетбол, волейбол, дойбы ойындарының аясында ғана өтетінін кімнен жасырамыз? Бала не нәрсені болса да ойын арқылы тез үйреніп, меңгеріп алуға мүмкіндігі мол екені ғылымда дәлелденген.

Кез келген мектеп маңында денешынықтыру сабағына арналған үлкен ойын алаңы бар. Ол тек футбол және баскетбол ойындарын ойнауға арналмаған болар. Қолдарына доп ұстатып, 40 минут бойы алаңқайға жүгіртіп жібергенше, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ойындарды бойына сіңіруге үлес қосқан абзал. Олай дейтініміз, баланың мектеп қабырғасындағы уақыты нағыз ойынның қызығына бататын шағы.
Мәселен, шілдік ойыны көп айтыла бермейтін, қалыс қалып бара жатқан ойындар қатарында. Оның қызығына батып ойнағандардың соңғы буыны бүгінде орда бұзар жасқа жеткен. Жерді ұзындығын 30-40 сентиметр, енін 4-5 сантиметрдей етіп қазады. Содан соң сәл ірілеу жыңғыл ағашын екі шетін қалам ұшындай етіп үшкірлеп, жаңағы қазған жерге бір шетін жоғары қаратып орналастырады. Енді ойыншы жалпақ ағашпен әлгі жердегі таяқты ұрып жоғары көтереді де ары қарай ұра жөнеледі. Мақсаты – таяқты алысқа лақтырып, жерге түсірмей қайта қағып алу. Таяқ жерге түсіп, жеңілсе, келесі ойыншы жалғастырады. Бұл ойын баланы жылдамдыққа, ептілікке, ұқыптылыққа баулитын таптырмас құрал.
Бүгінде тоғыз құмалақтың мектеп бағдарламасына енгені көңіл қуантады. Сол секілді жоғарыда айтылған ханталапай, шілдік, ләңгі секілді ойындарды да ұмыт қалдырмай, насихаттауды қолға алсақ екен. Мәселен, аптасына 3 мәрте болатын денешынықтыру сабағының бір күнін ұлттық ойындарға арнауға болатындай. Сонымен қатар, республикалық деңгейде жарыстар мен олимпиадалар ұйымдастырылып тұрғанын да қалар едік.
Қысқасы, ұлттық ойындардың беделін көтергеніміз абзал болар еді. Себебі халық ойындары – халықтық тәрбиенің басты құралы. Ал, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру бүгінгі қоғамның маңызды міндеті.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ