Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТАБЫСТЫ ҚАДАМДАР

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТАБЫСТЫ ҚАДАМДАР

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне отыз бір жыл толды. Әрине, тарлан тарих үшін бұл қас-қағым сәт болғанымен, үш ғасырға жуық бодандық езгісінде болған халқымыз үшін егемендік жылдары жаңа кезең, жаңа дәуір саналады. Сексен бес жылға жуық тарихы бар «Өскен өңір» газеті бүгін Шиелінің тәуелсіздік жылдарындағы табысты қадамдарына тоқталды.
Ауданның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері жетерлік. Алғашқы қадам өзге өңірлермен бірдей Шиеліде де мемлекеттік құрылымдардың жаңғыруымен басталды.
Тәуелсіздік алғаннан сәттен бастап еліміз бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріске бет алды. Соның бірі қала, аудан, елді мекен, көше аттарын өзгерту еді. 1992 жылы Шиелінің орталығындағы Пушкин көшесі де «Желтоқсан» болып өзгертілді. Ал 1994 жылы Жөлек ауылындағы мектеп пен №6 кен кентіндегі орталық көшеге Шахмардан Есеновтың есімін беру туралы шешім шығарылды. Артынша шаруашылықтардан келіп түскен талап бойынша «Авангард» – «Ақмая», «Гигант» – «Бидайкөл», «Шиелі» кеңшары – «Алмалы» кеңшары болып өзгертілді. Содан беріде кент пен ауылдардағы көше атаулары түгелдей жаңартылып, қаншама білім ордаларына қазақтың қайраткер тұлғаларының есімдері берілді.
Егемендікке қол жеткізген соң ерекше назар аударыла бастаған саланың бірі – білім ордалары мен рухани орындар болатын. Мәселен 1993 жылы Алғабас ауылының ұстаздары мен оқушылары 624 орындық су жаңа мектепте жаңа оқу жылын бастады. 2005 жылы Бала биде 900 орындық, 2014 жылы кентте жаңадан соғылған №270 мектепке Ғ.Мұхамеджановтың есімі берілді. 2016 жылы Ә.Тәжібаев ауылында №214 мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Одан өзге де кент пен ауылдардағы мектептер түгелдей дерлік заманауи үлгіде қайта салынып, күрделі жөндеуден өткізілді. 1999 жылы Қызылдиқанда Нұрсейіт мешіті, 2000 жылы Досбол би ауылында Оспан Ата мешіті, 2008 жылы Ш.Қодаманов ауылында, 2015 жылы Қызылқайыңда жаңадан Алланың үйі салынып, халықтың игілігіне табысталды. 2016 жылы кентте «Шиелі ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы ашылып, «Ардагер үйі» бой көтерді.
Ал өңірдегі кәсіпкерлік саласы тек 2000 жылдардан кейін ғана қарқын ала бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Телікөл кеңшарындағы құрылыс цехының ағаш ұсталары бесік, киім ілгіш жасауды қолға алғандығы жайлы ғана мәлімет бар. 2004 жылы Көкшоқы елді мекенінде полиметалл зауыты іске қосылып, жұмыс істей бастады. Сондай-ақ осы жылы «Казтекинвест» мекемесі Қарамұрын жерінен алтын өндіруді жүзеге асыра бастаған. Дәл осы уақытта Шиеліден «Сыр суы» сусыны шығарыла бастады.
Ауданда болған тарихи оқиғаның бірі – 2009 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөнінде өткен ауқымды форум еді. Оған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі арнайы келіп қатысты. Дәл осы жылы «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС «Қиыршық тас өңдеу» зауыты құрылып, жұмысын бастады. Араға бір жыл салып Еуропаның Монако қаласында өткен ірі кәсіпкерлердің дүниежүзілік форумында Шиелідегі «Арғымақ» ЖШС директоры Оразәлі Байділда жоғары бизнес және басқару институтының алтын медалімен марапатталды.
2015 жылы тәуелсіздік жылдарында аудандағы алғашқы жылыжай «Мөлдір және компанияның» бастамасымен іске қосылды. Алғашқыда 1500 түп көшет отырғызылды. Кейін бұл кәсіпорынның ауқымы кеңейіп, өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін шығара бастады. Бүгінде аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған кәсіпкерлік нысанның біріне айналған.
2016 жылы индустриалық аймақтағы жұмыстарды жандандыру мақсатында «Дапакс» корпорациясы» ЖШС жобалық құны 64 млрд теңге болатын цемент зауыты құрылысын бастады. Жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өндіретін кәсіпорын араға 2 жыл салып іске қосылды. Тура бір жылдан соң «Шиелі-Жолшы» ЖШС темір-бетон және асфальт-бетон өнімдерін өндіру зауыты өз жұмысын бастады.
Сонымен қатар 2019 жылы «Таң ЛТД» ЖШС жобалық құны 397 млн теңгені құрайтын «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасына 5 000 га жер телімі егіндік мақсатта табысталып, алғашқыда 1000 га жерге жоңышқа және мақсары дақылдары егілді. Одан бөлек Шиелі кенті орталығынан аумағы 8 гектар болатын өндірістік база мен «КазАгроФинанс» АҚ арқылы 5 дана ауыл шаруашылық техникалары сатып алынып, өндірістік базаны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Құрама жем өндірісіне қажетті заманауи жабдықтар сатып алынды.
Мұндай ірі өндіріс орындарынан бөлек соңғы бесжылдықта шағын кәсіпкерлік бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамыды. Әсіресе жұмыссыз жандарға мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, өз ісін дөңгелетуге жағдай жасалды. Бұл елде қабылданған «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Бизнестің жол картасы» секілді нәтижелі жобалар жемісі деп есептеуге болады.
Әрине, қай елде, қай жерде болмасын өңірдің ахуалы тұрғындардың әлеуметтік жағдайымен қатар, құрылыс нысандарының бет-бейнесінен аңғарылатыны анық. Бұл ретте де Шиелінің жетістігі жетерлік. Әрине тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары әлеуметтік нысандарды көптеп салуға мүмкіндік бола қойған жоқ. Әйтсе де әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақтанған соңғы бесжылдықта жаңа жаппай спорттық, дәрігерлік нысандарды салу жұмыстары қарқынды қолға алынды. Мәселен 2017 жылы Қызылқайыңда медициналық пункт, Ортақшылда әкімдік ғимараты жаңадан салынды. Сондай-ақ 2018 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған Алғабас елді мекеніндегі «БЕТА-К» ЖШС 116 млн 360 мың теңге, Ақмая елді мекенінде жеке кәсіпкер С.Жұмбеков 65 млн 368 мың теңге тұратын дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндері ашылған болатын. Мұндай кешең Еңбекшіде де бой көтерді. Дәл осы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Төңкеріс елді мекенінде жобалық құны 97 млн 300 мың теңгенің, Бестам елді мекенінде жобалық құны 42 млн теңгенің жабық спорт кешендері де пайдалануға берілді. Бидайкөл елді мекенінде «Бастау» жабық жүзу бассейні іске қосылды.
2019 жылы Н.Бекежанов пен Жөлек ауылдарынан дәрігерлік амбулатория мен дене шынықтыру-сауықтыру ғимаратын салу жұмыстары іске асты. Сондай-ақ Шиелі кентінен жобалық құны 135 млн теңге болатын жабық жүзу бассейінін салу жобасының құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Биыл да «Балалар жылы» аясында барлық ауылдар мен кенттің бірнеше жерінде балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді.
Аудан тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі саналатын ауыл шаруашылық саласында да жүйелі өсім байқалады. Мәселен 1999 жылы аудандағы жалпы егіс көлемі 28 мың гектарды құрап, оның 8 мың гектарына күріш егілсе, биыл 30 074,4 гектар егіс алқабының 10 750 гектары негізгі дақылға тиесілі болып отыр.
Жалпы соңғы отыз жылда аудан көлемінде атқарылған ауқымды жобалар да, жүзеге асқан нәтижелі бастамалар да жетерлік. Біз тек Тәуелсіздік күні қарсаңында еске түсіру үшін бір шолып өттік. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани қазынасын байытатын жүйелі істердің жалғаса беретініне сенім мол. Бастысы, бейбітшілігіміз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Гүлхан ЯХИЯ
19 желтоқсан 2022 ж. 306 0