Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «НЕКЕ БАҒЫ» НЕГЕ ЖОҚ?

«НЕКЕ БАҒЫ» НЕГЕ ЖОҚ?

Бар жиған-тергенін, тапқан табысын, тәтті-дәмдісін қонағының алдына қоятын халқымыз тойды қазынасына балайды. Тіпті, ішерге асы болмай қиналған кешегі ашаршылық заманда да кішкентай қуанышының өзіне көршісін шақырып бөліскен қазақ қазіргідей кең заманда даладай дастархан жайып, бір отбасы кемінде жылына бір той жасайтын дәрежеге жетті.
Содан да болар ауданымызда тойды дүркіретіп жасауға арналған мейрамханалар, түрлі дизайндағы көздің жауын алатын шақыру қағаздары мен сан алуан камераларымен қуанышты күніңізді кинофильм секілді сапалы әрлеп таспаға түсірумен айналысатын той орталықтары мен қалыңдықты әрлейтін сұлулық салондары күн санап көбеюде.
Қаражат болса керемет асаба, әнші мен бишілерді де табу қиын емес. Жалпы, өңірімізде той көбейген сайын ондағы көрсетілетін қызмет түрлерінің саны мен сапасы да артып келеді. Алайда, қуанышты күндегі маңызды сәттер мұнымен бітпейді.
Одан бөлек тойға бет алған жас¬тар қауымы серуен сәтін асыға күтеді. Кез келген некелесу рәсімі мұнсыз болмайды. Кентімізде жастар баратын орындар жоқтың қасы болса да әйтеуір көшені бермей, шулатып жүргенге мәз. Той алдында 3-4 сағат бойы күйеу жігіт пен қалыңдық достарымен бірге орталық алаңға, Жақаев атындағы саябақ пен Шиелі паспортының жанына барып суретке түседі, жас жұбайларға тілек айтылады.
Жалпы, той тек көңіл көтеру, бар тапқанын шашып, жұртқа мақтану үшін ғана емес, аз да болса қоғамға ой салатын, жастарға тәрбие беретін деңгейде өтуі тиіс. Біздіңше некелес¬кен жұбайлар бірнеше сағат уақытын анда-мұнда барып босқа өткізгенше тағылымы мол, өткені мен келешегін байланыстырып тұратын жақсы бір рәсімді дәстүрге айналдыруы қажет секілді. Осы орайда ұсынысымыз да жоқ емес. Егер көпшілік құптап, басшылық қолдап жатса ауданнан «Неке бағы» ашылса жөн болар еді. Жастар уақыттарын босқа өткізбей, қыдыру кезінде сол жерге барып тал отырғызса керемет емес пе? Мәселен, күйеу жігіт терек, қара тал, ал, қалыңдық жеміс ағаштарын ексін. Кейін ерлі-зайыптылар отбасылық өміріміз осы талдай жайқалсын деген ниетпен ағаштарды суарып, қурап қалмауын қадағалауды өздері-ақ әдетке айналдырады. Кім өз қолымен еккен ағашының өміршең болғанын қаламайды дейсің? Оның үстіне дәл көшет отырғызатын мезгіл күз бен көктем – нағыз тойдың қызатын шағы. Ал, қыста немесе жазда некелескендерге қобалжудың қажеті жоқ. Ерте көктемде арнайы бір күндерін «неке бағына» баруға арнаса еш сөкеттігі бола қоймас. Есесіне, кентімізде көпшілік демалатын тағы бір орын пайда болады. Пайымдауымызша, бұл орынды ашуға көп қаржы да жұмсалмайды. Тек алаңды қоршап, «Неке бағы» деп белгілеп, бағбанын сайлап қойсақ болғаны. Солайша жайқалған «Жасыл елге» жетуге бір қадам деп есептейміз.
Мәселен, жыл сайын ауданда 600-ден аса отбасы шаңырақ көтереді екен. Әр жұп 2 көшеттен отырғызғанда өңірімізде қаншама жайқалған талдар болады. Осылайша көрікті кентіміз одан әрі әрлене түсіп, дәстүріміздің жаңаша жаңғыруына алғаш болып жол ашар едік. Бұлай дейтініміз осыған дейін еліміздің ешбір жерінде «Неке бағы» болмаған.
Кім біледі, уақыт өте жұбайларға арналған мұндай орындарды әр ауылдан да аша жатармыз. Мұның пайдасы болмаса, зиянын байқамадық. Оған қоса, тұрғындар бақтағы талдардың көлеңкесіне демалып, жемісінен дәм татқанда оны еккен жандарға сауаптар еселеп жазылады емес пе?
Кейін жас жұбайлар балаларына, немерелеріне «мынау біздің неке қиғандағы еккен талымыз» деп көрсетіп отырса қандай керемет. Өз-өзімізді қолға алмасақ, өзге келіп көсегемізді көгертпейтіні анық. Сондықтан қажетсіз дүниелерден арылып, мағыналы істермен айналысқанымыз дұрыс.

Гүлхан ЯХИЯ
03 желтоқсан 2022 ж. 131 0