ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ ЫРЫСЫҢДЫ ҚАШЫРАДЫ
Қазақ қашаннан барға қанағат, жоққа сабыр еткен халық. Бабаларымыз жомарттықты, кеңпейілділікті, қонақжайлылықты құптағанымен, «Судың да сұрауы бар» деп, артық ысырапқа жол бермеу керектігін ұрпақтарының санасына сіңіріп кеткен. Хәкім Абайдың өзі «Бес асыл істің бірі – қанағат» екенін ескерткен. Алайда, бүгінгі қоғамның осындай игі қасиеттерден алшақтап бара жатқаны алаңдатпай қоймайды.
«Қазіргі қоғамдағы шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық пен қанағатшылық, қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді». Расында да, қазіргі бір бүйірден қысқан қаржылық дағдарыс жағдайында қанағатшылық, үнемшілдік жайы көпшілікті ойландыруы тиіс. Әрбіріміз ысырапшылдықтан арылып, қанағатшылдыққа бет бұрып, үнемдеуді үйренуіміз керек-ақ.
«Қазіргі қоғамдағы шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық пен қанағатшылық, қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді». Расында да, қазіргі бір бүйірден қысқан қаржылық дағдарыс жағдайында қанағатшылық, үнемшілдік жайы көпшілікті ойландыруы тиіс. Әрбіріміз ысырапшылдықтан арылып, қанағатшылдыққа бет бұрып, үнемдеуді үйренуіміз керек-ақ.
Біз осы күні бос мақтангершілік пен даңғазалыққа, ысырапшылыққа бойымызды үйретіп алдық. Осындай қырсыз кеселдердің кесірінен қоғамда болып жатқан сорақылықтар да аз емес. Адамдардың садақа мен тойды бәсекелестікке айналдыруы секілді оқиғаларды күнде естіп, көріп жүрміз. Қымбат киім киіп, соңғы үлгідегі телефон ұстауға, қарызға ақша алып той жасауға әбден құмарттық.
Қарап тұрсаңыз, бүгінде адамдардың бәрі ашушаң болып кеткен. Күйзелісте жүрген жандарды да жиі кездестіреміз. Мұның барлығы ысырапшылықтың әсері дер едік. Үйлерін кепілге қойып, пәлен процент өсіммен, бірнеше жылға несие алып той жасаған жан күйзеліске ұшырамағанда қайтсін?! Қуаныш иесі дәулетті болса сөз жоқ, ал, 50-60 мың теңге айлыққа қарап отырғандар үшін несие алып тыраштану артық болар.
Садақа-тойларда шамамен 150 адамдық үстелге 500 қонақты тойдыратын аста-төк дастарқан жайылып жатады. Ондағы желінбей қалған асты жұрт қалтасына салып, одан қалғанын қоқыс салғышқа төгетінін көзбен көріп жүрміз. Тіпті, кейбір қайғылы жағдайға ұшырағандардың өзі қарызданып жүріп мал сойып, дастарқандарын түрлендіріп жаятын болған. Арамызда «Анасы өлгенде, дұрыстап дастарқан да жая алмапты» деген сөзді айтатындар мен сол сөзге қалмауға тырысатындар да кездеседі. «Әкесі кезінде оқытып, шоқытып, жетілдіріп еді. Енді бала-шағасы құдайы асын жарытпай отырғанын қара» деп күлетіндер де жоқ емес. Біз алдымен осы түсінікпен күресуіміз қажет.
Әрине, «Байдың малын байғұс қызғаныпты» дегеннен аулақпыз. Бірақ, барды шектен шықпай ұқсата білу де өнер. Мәселен, бұрындары дүниеден озған адамның үйінде қазан асылып, дастарқан жайылмаған. Сол үйдің туыстары үйлерінен ас-ауқатын дайындап әкеліп, көрші үйге сырттан келген ағайынды тамақтандыратын болған. Қазір оның сарқыншағын да сезбейміз. Есесіне, қаржысын үнемдеп, көпшілікке қолындағы барымен қарапайымдау дастарқан жайған жанды автоматты түрде қалтасы жұқа адам немесе сараң деп қабылдаймыз.
Бұл тұрғыда тағы да ұлы Абайды үлгі еткен жөн. Құнанбай дүниеден озғаннан кейін оның өзге балалары «Қазақтың салты бойынша әкемізге ас берейік» дегенде Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ, ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасында оқып жүрген қазақ балаларына жәрдемге берейік», – дейді және осы айтқанын істейді де. Абайдың «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы», «Ғылым таппай мақтанба!» атты өлеңдері осы кезеңдерде туған. Құнанбайдың асына шығарылған мал саны нақты мәлім емес. Бір деректерде 100 жылқы, 200 қой делінеді. Абай олардың барлығын сатып, Семейдің интернатында оқитын қазақ жастарына беруі Құнанбайдың өзге балаларына да, ағайындарына да, көршілес елдерге де ұнамайды. «Құнекеңді атаусыз қалдырды» деп талайлар ренжіген.
Өкінішке орай, бүгінде көпшілігіміз қазақтың бас ақынының ысырапшылықты бес дұшпанның бірі деп бағалаған өнегелі сөзін емес, керісінше, «қазақ малын бір рет төгіп-шашып той жасау үшін жинайды» дегенді берік ұстаным етіп алғандаймыз. Егер шынында, байлығы асқан жан болса, тойына миллиондаған ақшаға әншілерді шақырғанша жоқ-жітіктерге үлестірсін. Қолымызда барды мұқтаж жандармен бөліссек несібеміздің одан сайын артатыны белгілі. Ата-бабаларымыз соғысты, аштықты көрсе де, ынсап пен иманды ұмытпаған. «Қырсыздың сылтауы қырық, епсіздің сылтауы елу» дейді қазақ. Айтпағымыз, қанағатты серік етіп, той-садақамызды қарызданбай, қолдағы барымызбен атқарсақ ысырап та, күйзеліс те болмас еді.