Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЙЛАР ЖЫЛАЙ МА?

БАЙЛАР ЖЫЛАЙ МА?

Мына жалғанда тұрмыс жағдайы төмен адамның өзі, сүріп жүрген өмірін дұрыстағысы келеді. Өзгелер секілді өмір сүру үшін талпынады, соған әрекет жасайды. Қу тіршіліктің қамы үшін еңбек етіп, үй салады, көлік алады. Осылай өмір өте береді. Дүниенің түбіне жеткен ешкім жоқ әрине. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда, қолында байлығы мен билігі бар адамдардың өзі пенде болған соң, кейде асып-тасып кетеді. Ағы мен қарасы қатар жүретін өмір жолыңда түрлі жандар жолығады. Бірі жомарт болса, енді бірі сараңдық танытады. Сараң демекші, осы орайда орыстың «богатые тоже плачут» деген сөзі есіме түсіп отыр. Қарап тұрсаң, тауып айтқан. Жасыратын несі бар? Бар болса, бере алмайтын. Жоқ болса, көре алмайтын қалтасы қалыңдарда бар арамызда. Бұл барлығына топырақ шашқаным емес. Дейтұрғанман, байлардың да жылағанын бүгінде өз көзімен жиі көріп жүрмін. Олардың қасында, қарапайым жандардың қолы ашық, жүрегі кең бе деп қаласың...
Екі мың он сегіздің қаңтар айы. Ол кезде мен студентіпін. Шымкенттік екі қызбен жатақханада бірге тұрамыз. Екеуі де ауылдың қарапайым қыздары. Үшеуміз ай сайын берілетін шәкірт ақымен күнелтеміз. Өздеріңіз білетіндей, Нұр-Сұлтанға қыс ерте түседі. Қараша айы бастала сала, өңменнен өтердей ызғар жел басталып, құтымызды қашады. Дала үскірік аяз болғандықтан, дегбірің қашып, жиі қарынымыз ашады. Студент болған соң, тиын-тебенмен күнелтетініміз анық. Қыстың күні үйдің тамағын сағынсақ, сенбі-жексенбі күндерін пайдаланып жатақхана маңайында тұратын туыстардың үйіне барамыз.
Қарын ашып жүргенде, көп күттірген сенбі де келіп жетті. Дәрісханадан шыға салып, бөлмеде тұратын үш қыз жан-жаққа тарастық. Мен жиеніме, екі қыз әпке-жезделерінің үйіне кетті. Жиендерім деп отырғаным, әкемнің екінші қарындасының қыздары. Екеуі егіз қыздар. Олардың үйіне апта сайын барып, асылған еттерін жеу әдетке айналған. Бұл жолы да мен келеді деп, «бешбармақ» жасап қойыпты. «Ет дегенде бет бар ма»? Кешкі асты ішкеннен кейін, күндегіден ертелеу ұйқының қамына кірістім. Келесі күн – жексенбі. Бұл күні барлық студенттер жатақханаға жиналып, ертеңгі сабақтың қамына кіріседі. Мен де әдеттегідей «студенттер үйіне» ертелеу келіп алдым. Баспалдақтан жоғарыға қарай көтеріліп бөлмеге кірсем, Мөлдір сабақ оқып отыр екен. Бірақ, Алтынай әлі келмеген. Ол келемін дегенше, Мөлдір екеуміз бөлменің ішін мұнтаздай етіп тазалап қойдық. Кешкі асқа Алтынай жездемнің үйінен «анау-мынау» әкелемін деген соң, тамақ жасамай оны күтіп отырдық. Айтпақшы, оның әпкесі мен жездесі өте ауқатты тұрады. Бұл қалада бірнеше үйлері, жеке кәсіптері бар. Бір сөзбен айтқанда, бай адамдар. Алтынай апта сайын олардың үйіне барады. Әрі, әпкесі оған үнемі көмектесіп тұрады. Бізге де жексенбі күндері тәтті әкелетін. Көп ұзамай Алтынай да келді. Бірақ, көңілі түсіңкі, жүзі жабырқау көрініп тұр күндегіден. Жүзіне қарасақ, жылаған секілді. Аяқ киімін шешіп ішке кірген соң, өксігі ішіні сыймай дауыстап жылап жіберді ол. Оның мұндайын көрмеген біз, абдырап қалдық. Не болса да, әліптің артын бағып, оны жұбатумен болдық. Бір кезде, Алтынай көзінің жасын сүртіп, не болғанын бізге асықпай баяндай бастады.
Кеше әпкем мен жездемнің үйіне барғанымды білесіңдер. Жатақханадан шыға сала «такси» тоқтатып, бірден сол жаққа тарттым. Үйге барсам, әпкем әлі жұмыста екен. Үйде жездем мен жиен інілерім ғана бар. Әпкем келгенше кеш қараяды. Сондықтан, тіске басар бірдеңе жей тұрайын деп, ас бөлмеге қарай беттедім. Қарным ашқан соң, тоңазытқыштың ішін ақтарып, құтыға құйылған айранға көзім түсті. Қолыма ілінген бір бөтелке ағарғанды ішкім келіп барады. Шұрылдаған қарным шыныдағының «балғын» екенін сезгендей, жылдам қолдарым бөтелкеге бірден жармаса кетті. Үстел үстіне отырып, жаңағы айранды іше бергенімде, ас үйге жездем кіріп қалды. Ол ішіп тұрған айранымды көре сала, «неге ішесің?. Оны мен өзіме арнайы сатып әкелгенмін. Кімнен рұқсат сұрадың?» деп қатқыл дауыста айқайлап тастады. Не істерімді білмеген соң, үнсіз қалдым. Жездем, ас бөлмеден шығып бара жатып, енді біздің үйге келуші болма, жатақханаңда жат деп, әкемнен боқтап шығып кетті. Ал, мен... Әлгіндегі сөздерді бірден көңіліме алып, жылай бастадым. Жездемнің болмашыға шу шығарғанын түсіне алмадым шыны керек? Ол өте қатал адам. Сырт көзге білдірмегенмен, қолындағы барды қызғанатыны бар. Бірақ, дәл айранға бола майда әңгіме айтады деп ойламадым. Бұл жағдайды әпкеме айтар болсам, жездем екеуі ренжісіп қаларын сезіп тұрмын. Сондықтан, үндемеуге тура келді. Бірақ, кешегі оқиға менің көңілімде қалып қойды. Байлардың да жылайтынына сол күні көзім жетті, – деді құрбым Алтынай.
Рас. Байлар да жылайды. Ол туралы айта беретін болсақ, бір дастан жазуға болады. Кейде қалтаның қалыңдығы адам баласын есіртіп жібереді. Несін жасырамыз? Ауқатты адамдар өзінен төмен жандарға менсінбей қарап жататыны тағы бар. Бәлкім, олар дүниенің мәңгі еместігін әлі де білмейтін болар. Күнделікті күйбең тіршіліктің өзінде, жоғарыдағыға ұқсас оқиғаларды жиі кездестіріп жатамыз. Бәрі бір тақырып болғанымен, әр-түрлі оқиғалар. Ендеше жуырда ғана көз алдымда болған тағы бір оқиғаны баяндап берейін.
Қателеспесем, осыдан бір апта бұрын. Дәлірек айтар болсам, сәскей түстің уағы. Бәліш алуға базарға келдік. Гүлекең екеуміз қаптаған адамдардың Әріптесіміз екеуміз бәліш сататын дүңгіршекке келіп, тапсырыс бердік. Сол мезетте біздің көзімізге шамамен бес алты жастағы орыстың сары баласы оттай басылды. Оны аудандағы орыс мектебінде оқитын оқушылардың бірі деп топшыладық. Сабақтан қайтып келе жатқанға ұқсайды. Себебі, үстінде мектеп формасы. Қарнының қатты ашып тұрғанын солғын тартқан жүзінен-ақ аңғаруға болады. Сәлден кейін сөмкесінің түбін ақтара бастады ол. Өзінен де ауыр ала дорбасының ішіне қолын сүңгітіп, тиын-тебенін шықырлата шығарып, саудагерге қарап, «апай, маған бір донер беріңізші» деді орысшалап. Сонда, әлгі баланың қолындағы ұсақ-түйекті жұлмалап алған саудагер оны ішінен санай бастады. Содан-соң, балаға қарап, «мына ақшаң жетпейді» деп ұрыса жөнелді. Мына дөрекі дауыс айналадағы жұртты бірден елең еткізді. Әлгі саудагердің қатқыл дауысынан маңайдағылар да үнсіз қалды. Бәлкім, қаншама жан алдына келіп, олардың әрқайсысына жауап беремін деп шаршаған болар дедік іштей. Оңай емес.
Оң жағыма бұрыла қарап едім, манағы сүйкімді балақай басын салбыратқан күйі әлі тұр. Бала ғой, «донер» жегісі келіп, қайтадан жұмсақ үнмен әлгі саудагерге «қарызға бере аласыз ба?» деді жымыңдаған қалпы. Айтқанынан қайтпайтын саудагер «жоқ» деп, әңгімесін қысқа қайырды. Сол кезде жаңағы сары балапанның жылап тұрғанын байқаған әріптесім қасына барып,
– Балақай атың кім?
– Тимур.
– Жасың нешеде?
– 6-да.
– Ой жарайсың! Жылама. Қазір мен саған «донер» сатып алып беремін. Ақшасын өзім төлеймін жақсы ма?
– Жақсы рақмет!
Ішімнен әріптесімнің бұл әрекетіне риза болдым. Ол бала көрсе, қолындағысын бере салатын жүрегі мейірімге толы жан. Сонысымен де өзгелерден ерекше. Ал, мына саудагердің әрекеті көңіліме аз да болса кірбің салды. Себебі, бұл жердің саудасын күн сайын қаншама адам келіп жүргізеді. Бірақ, оның тым құрығанда бір жанға көмек беріп, ыстық тамағын ұсына алмағаны өкінішті-ақ. Мәселе ақшада емес. Мәселе, пейліндің кеңдігі мен мейрімді жүректе. Ол бұдан кеміп қалмас еді. Хош. Әркім өзі білер. Бірақ, қолда дүние-мүлкің бар кезде, мұқтаж жанға жақсылық жасау, ең ізгі амалдардың бірі.
Жаратушымыз біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін ескертеді. Бұл туралы Құранда былай дейді:
«Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» (51.Зарият-19).
29 қараша 2022 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031