«Тегін» сөзінде тартымдылық бар. Бірақ...
Маңдай терді төкпей тегін дүниені иемдене салу пенденің табиғатына әу бастан сіңген қасиет болса керек-ті. Тегін дүниеге кенелгісі келетіндердің түрі көп. Қарапайым ғана мысал, қараша халықтың қаржысына қақпан құрудан шаршамайтын түрлі алаяқ пирамидалар, соларға сеніп соңғы тиынын санап беретіндер, қоғамдық көліктегі сұғанақтар деп тізіп жаза берсек болады.
Сауда орындарына кіре қалсаңыз, жаңадан ашылған фирмалардың жарнамалап тұрған тәттісінен өзі біреуін алып, екіншісін қиылып тұрып сұрап алып, жолай «кіру тегін» деген афиша көріп қалса, мәз болып оған да бас сұға кететіндерді көз көріп жүр. Адамның өмірі, оның өмір сүру деңгейі санасының тікелей көрсеткіші екенін осы мысалдардың өзі-ақ айқындайды. Бір қарағанда, сынап та, сөгіп те қарауға болмайтын кедейліктің көрінісі іспеттес. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда қарапайым әдеп, мәдениет пен этиканы білмейтін жандар үшін «тегін» сөзі бір батпан құйрық секілді көрінеді.

Өмірде төмендегідей жандар бар. Тегін ас ішіп, тегін дүние тауып, біреудің еңбегін тегін пайдаланып, танысының, туысының есебінен тегін жүріп-тұрғысы келу – бұл да белгілі бір адамдар тобының дүниетанымы. Тіпті өмір сүру салты болып кеткен. «Егер сен шын Құдайға қараған жүрегі жылы, ізгі ниетті адам болсаң, жағдайы төмен маған көмектесуге міндеттісің!». Міне, тегінге үйренген адамның танымы бұл. Оларға бүкіл әлем міндетті. Қала берді тегін болуы керек.
«Тегін» тәтті сөз. Анығында «тегін» деген сөзде тартымдылық бар. Бірақ бұл қанша тәтті болғанымен, жеке адамның өмірін жаңа сапаға көтеруді, өркендеуді тежейді. Мейлі бұл материалдық болсын, мейлі бұл интеллектуалды болсын, әрбір құндылық орасан зор еңбекпен жасалады. Бұл құндылықтардың бәрін күн сайын біз онсыз да тегін пайдаланып жүрміз. Оған жұмсалған, кеткен уақыт пен еңбектің ақша тұратынын есепке алғымыз келмейді.
Айналасынан артық-ауыс дүние табылса, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, тезірек қарпып қалғысы келетіндер оның қайтарымы да болатынын ұмытпаса игі. Тегін тұтыну психологиясының тереңдегені сонша, бүгінде оның ауқымының кеңейіп, бұрынғы мәнінен де басқаша сипат ала бастағанын байқап отырмыз. Біреудің еңбегін лайықты бағалап үйренген жан ешкімнің де оған ешнәрсе үшін міндетті емес екенін ескерер еді. Өзі жұмыс істеп, өзі үй салып, өзі бақша егіп, тіпті үйіндегі бұзылған электр тоғын да өз қолымен жөндеп алатын адам басқаның да еңбегіне құрметпен қарауды біледі. Ұғынғанға, Жаратылыстың жалғыз заңдылығы әзірге өзгере қойған жоқ. Ол – не ексең, соны орасың. Иә, Құдайдан үміт еткен дұрыс та, адамнан күткен бекер. Алғашқы айтылғаны «тегінге» емес, ақ адал еңбекпен сорғалаған терге берілетінін әсте ұмытпаған абзал.
С.МАДИЯРОВА