СЫР ТҰНҒАН СЫҒАНАҚ
Сыр өңірі қашанда өркениеттің ордасы. Осынау өрелі өлкеміз Алашқа ана, жоққа пана бола білген. Өз кезегінде Алаштың анасы атанған өлкеміз төріне төрт бірдей астананы сыйдырған. Солардың бірі – оғыздарға отан болып, Қазақ хандығының алғашқы астанасы саналған Сығанақ қаласы.
Сығанақ атауы көне деректерге «Сунақ» деп кездеседі. Осы қала жайлы Рузбихан өзінің жазбаларында «Сығанақ жер жәннатының ең шегі» деп суреттеген. Ал бұл шаһарда ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Хұсамуддин ас-Сығнақи «Болса тәңір екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар едік қиналмай» деп жырлаған. Дана бабаның бәйіттерінен көне шаһардың көркем болғанын аңғаруға болады.
Сығанақ атауы көне деректерге «Сунақ» деп кездеседі. Осы қала жайлы Рузбихан өзінің жазбаларында «Сығанақ жер жәннатының ең шегі» деп суреттеген. Ал бұл шаһарда ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Хұсамуддин ас-Сығнақи «Болса тәңір екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар едік қиналмай» деп жырлаған. Дана бабаның бәйіттерінен көне шаһардың көркем болғанын аңғаруға болады.
Бұл қала туралы ең алғашқы деректердің бірі Х ғасырға барады. Сол заманда Сунақта болған аты белгілі парсы саяхатшыларының жазбаларын тауып, өзі Сығанақ туралы көлемді еңбек жазған Якубовский. Бізге жеткен көне жазбаларды сөйлетсек, Сығанақ оғыз-қыпшақтардың қаласы. Қаланы салған да, онда тұрған да біздің ата-бабаларымыз.Батыс пен шығысты жалғап жатқан атақты Жібек жолының үстінде орналасқан Сығанақтың орны ерекше болды. Көне шаһар жайлы мағлұматтар Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде де айтылады.
Көк Орда тұсында Сығанақты Сасы Бұқа, оның баласы Ерзен, одан кейін Орыс (Ұрыс) хан билеген. Бірақ кейбір жазбаларға қарағанда Ақсақ Темірдің патшалығы күшейіп, ол Отырар, Сығанақ сынды қалаларға көз тігеді. Кейін ол бұл қалалардың тағдырын Тоқтамысқа береді. Әмірдің әскерін Сығанаққа 2 рет бастап келген Тоқтамыс үсті-үстіне жеңіліп, тек 3-ші мәрте соғысқан кезде барып Сығанақты алады. Сөйтіп, хижраның 778 жылы Сығанаққа хан сайланады. Бұдай кейін Сығанақтың тағдыры бұлыңғыр болып, жазба-деректерде сирек кездескен. Ал ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Сығанақтың тарихы қазақтай дархан халықтың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты болған.
«Өркениет батыста емес, шығыста болғандығын біз өзіміздің көне шаһарларымыздың тарихын, мәдениетін зерттеп-зерделеу арқылы білеміз» деген болатын елімізге белгілі мәдениеттанушы Жақан Молдабеков. Кезінде қимақтар, одан кейін оғыздар орын тепкен бұл көне қаладан археолог мамандар қазба жұмысы барысында моншаның орнын тапты. Негізінен монша мұсылман мәдениетіне тән. Демек, бұл Сығанақ қалашығында ислам өркениеті кең қанат жайған деген сөз. Көне шаһарды қазу барысында археолог мамандар ақбөкеннің бас-сүйектері мен асықтарын көптеп кездестірген. Сығанақтықтар өз кезегінде ақбөкеннің мүйізін аралап, сыртқы қабығын алып тастап, ішіндегі өзегінен дәрі-дәрмектер дайындаған екен. Және де оны «мускус» деп атаған. Бұл деректер өз кезегінде Сығанақта медицина саласының жақсы дамығандығын көрсетеді.
Көне заманның шежіресін тарқатып беруші ғалымдардың сөзіне сенсек, бұл Сығанақ шаһары сан мәрте күйреу мен гүлдеу кезеңін басынан өткерген. Өз кезегінде әлем жұртшылығын шашау шығармай уысында ұстаған Шыңғыс хан Отырарды ойрандаса, Әмір-Темірдің бұйрығымен Тоқтамыс хан Сығанақ жұртшылығын талай мәрте талқандаған. Біз мұны неге жазып отырмыз? Х ғасырларда өмір сүрген араб географы әл-Макдисидің еңбегінде Сығанақты ол кісі Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсетеді. Яғни, екеуінің арасы 160 шақырымды құрайды екен. Өз кезегінде ақыл-ойын жалындатқан, өнер-ғылымның шамын жаққан ұлы ғұламалар осы екі шаһарда дүниеге келген. Ал Сығанақтан шыққан 300-ге жуық әл-Сығнақидің еңбектері қазақ даласын ғана емес, күллі араб жазирасын таңқалдыруда.
Сығанақ қаласының тыныс-тіршілігі ислам мәдениетімен, өркениетімен тығыз байланысты. Қазақ хандығының тұсында Сығанақта мешіт медрессе соғылған. Мамандардың мәліметінше, ол жерде Меккені бағыттайтын михрабтың орны болған екен. Мешіт медрессенің ішінде жергілікті халық «саған» деп атап кеткен қабірстан бар. Оған кіріп көрген жандардың сөзінше, ол жерде бүгінгі таңда 19 адамның сүйегі жатыр екен. Көне көз қариялардың берген мағлұматына сәйкес, бұл жер кезінде көшпенді халықтың арасынан біреу қайтыс болса, осында келіп қойып отырған екен.
Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады. Ол билік еткен кезеңде саяси-экономикалық орналасуына байланысты осы Сығанақ қаласы Қазақ хандығының астанасы етіп бекітілген. Ал кейіннен Есім ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы осы Сығанақтан, Түркістанға көшірілген.
Кешегі аты мәшһүр Мұхаммед Шайбани қазақ-өзбек әскерімен келіп, осы Сығанақты астан етеді. Шайбанидің замандасы Рузбиханның жазбаларында Сығанақтың базарына күніне 500 түйе қурай артылған отын түсіп, кешке дейін сатылып кетеді деп жазған. Уақыт өте келе қала жаугершіліктен қираған екен. Ал қаланың тұрғындарын соғыс әбден титықтатқан. Шаһар тұрғындарының кей бөлігі басқа қалаларға көшіп, ал қалған бөлігі қара аспанды билеген қыпшақтарға қосылған.
Сығанақ өткеннің ізіндей, көненің көзіндей тарихи һәм мәдени орталық. Бұл атыраптың әрбір сайында, әрбір саласында айтылмаған сыр, жазылмаған шежіре жатыр. Ал оны болашаққа айшықтау, дәуірлердің үніндей дәріптеу бүгінгі сіз бен біздің асыл міндетіміз.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ