ҚОРАСАН БАБА ҚОРЫМЫ
«Ніл дариядан табылмаған асыл тас, Сырдариядан табылды» деген көнеден қалған тәмсіл бар. Расында, сырғып аққан дарияны халықтың «Сырлы дария» деп атауы тектен тек емес. Себебі бұл жер қойнауына қаншама құпияны бүгіп жатыр. Өзекті өркениет, мәйекті мәдениет дәл осы Сырдың бойынан бастау алған. Оған тарих куә.
Ұғынғанға, Сырдың шөбі шүйгін, суы шипа. Қазақтың талай әзім-әулиелері осы Сырдың бойына қоныс теуіп, ақырғы деміне дейін сол жерде тұрақтаған. Ұлт рухын асқақтатқан сондай қасиетті орынның бірі – Қорасан баба қорымы.
Ұғынғанға, Сырдың шөбі шүйгін, суы шипа. Қазақтың талай әзім-әулиелері осы Сырдың бойына қоныс теуіп, ақырғы деміне дейін сол жерде тұрақтаған. Ұлт рухын асқақтатқан сондай қасиетті орынның бірі – Қорасан баба қорымы.
Аты әмбеге аян Қорасан ата кесенесі Әбдіғаппар ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Баба басына баратын инфрақұрылым жүйесі толықтай шешілген. 2015 жылы облыстық бюджеттен «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата» автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізуге қаржы қаралып, кесенеге баратын жол толық асфальтталған. Бұрындары баба басын зиярат етушілер жол азабын тартса, енді тақтайдай түзу қара жолмен уақыт қысқартады. Оған қоса кесене аумағын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жыл сайын көктемде ағаш отырғызу үшін арнайы күн белгіленген.
Бабам Қорасан, келдім арасан,
Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.
Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан, – деп Қожа Ахмет Яссауи сан мәрте келіп, зиярат етіп, Құран бағыштаған құтты мекен бұл. Ал Қобыланды батыр жырындағы «Әулиеге ат айтып, Қорасанға қой айтып» деген жыр жолдары осы Әбдіжәлел әулиеге арналған. Жыр желісінде Қобыланды батырдың ата-анасы осы Әбдіжәлел бабтың басына келіп, тәу етіп, Құран бағыштап, Алладан тілек тілеген екен. Арада қанша ғасыр өтсе де, бұл үлгілі үрдіс әлі де үзілген емес. Бүгінде мұнда келушілердің саны артпаса, кемімеген-ді.
Тарихшылардың сөздеріне сенсек, Қорасан баба шежіре жыл санауы бойынша 150 жылдары өмір сүрген. Қорасанды басып алғаннан кейін, Әбдіжәлел баб осы Сырдарияның сол жағалауына жер қайысқан қолмен келіп, осы жерді де өзіне бағындырады. Солай бұл жерді өзіне тұрақты мекен етеді. Осында шәкірт тәрбиелеп, ілім-білімнің шам-шырағын жағады. Бұрнағыда «Тоты құс» аралы деп аталған осы мекеннен бабамыз мәңгілік байыз тапқан.
Әйгілі насабнамадағы деректерге назар аударар болсақ, Әбдіжәлел бабтың арғы тегі Пайғамбар ұрпағынан тарайды-мыс. Оның емшілік қасиеті де болған екен. Егер Әбдіжәлел баб шешек ауруымен ауырған кісінің үстінен аттар болса, онда науқас адам ауруынан құлан таза айығып кеткен деседі.
Кейбір тарихи деректерде Әбдіжәлел бабтың мықты стратек, қарымды қолбасшы болғандығы туралы айтылады. Ол Исфахан, Тебриз қалаларын бір түмен қолмен басып алып, содан кейін Иранның атақты Қорасан қаласын қоршауға алған екен. 3 күн, 3 түн кескілескен айқас жүргізіп, аяғында Қорасан қаласын да өзіне бағындырған. Ол жаулап алған жерлеріне ешқандай жәбір көрсетпеген. Тек жергілікті халыққа ислам дінін уағыздаған. Мешіт, медреселер салып, алыстағы, жақындағы ағайынды арабша сауатын аштырып, игілікті істер жасаған. Бұл да бір Әбдіжәлел бабтың бір ерекшелігі болса керек-ті. Осылайша халықтың ыстық ықыласына бөленген Әбдіжәлел баб ел арасында Қорасан ата аталып кеткен.
Әбдіжәлел баб бауыры Ысқақ бабпен бірге 150 мың әскермен дін жолындағы жорыққа аттанады. Шам қаласындағы Бағдатқа, Исфаханға, одан Мазендеран, Серахс, Бұхара, Самарқанд, Шахрисабз, Өзгент және Ош шаһарларына ислам дінін орнатады. Ферғанаға жеткен кезде үш бағытқа бөлінеді. Олар: Қашқар мен Жаркент, Сырдарияның сол жағасы мен Жетікентке, Отырарға, үшіншісі Сырдарияның оң жағасымен Шаш және Исфиджаб шаһарлары. Ол Сырдың Өзгенті мен қыр Өзгентін қоршау кезінде қаза болған.
Тамырсыз таста тарих бар. Негізінен Қорасан баба кесенесі 5 рет жөндеу, және қайта жаңғырту жұмыстарын басынан өткерген. Бірақ бұл жөндеу жұмыстарының барлығында да баба кесенесінің бастапқы архитектурасы қаперге алынып, сол негізде салынып отырған. Яғни кесененің көлемі, пішіні ешқандай өзгеріске түспеген. 2005 жылы арихтекторлар баба кесенесінің күмбезін қайта салып, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Кесенені көлегейлеп, түстікке қарай таяқ тастам жер жүрсеңіз, сыңсыған қалың сексеуілдің арасынан қағбаның көшірмесін көресіз. Көшірменің жасалуына қатысты жалпақ жұрттың арасында түрлі аңыз-әпсана да бар.
Еуропа жұрты кейінгілерге биік-биік шіркеулер, зәулім-зәулім ғимараттар салып аманаттаса, ұлы даланың Қорасан бабадай даналары кейінгілерге діннің шамшырағын жағып, өлмейтін даналық дәстүрлерді қалдырған. Енді біздің мойнымыздағы парыз осы асыл бабалардан қалған құндылықтарды өскелең ұрпаққа дәріптеу.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ