ТАЛҚЫЛАНДЫ. ТАЛДАНДЫ. ТАҢДАУ ЖАСАЛДЫ
Жер жаһандағы кез келген ұлттың тарихына зер салсаңыз, қоғамның дамуына ықпал еткен айрықша оқиғалар бар. Халықтың санасына серпін жасап, әлеуметті сара жолға салатын дарынды тұлғалардың тарихта із қалдырғаны әмбеге аян.
Егемендікті сыйға тартқан қайраткерлердің еңбекқорлығы, тың бастамалары мен саяси көзқарастары мемлекет кірпішінің берік қалануына бірден-бір ықпал етеді. Тарихтан сабақ алып, өткенге көз жүгірту арқылы кеткен кемшіліктер болса, оны қайталамай, болашаққа бағдар алу да маңызды қадамдардың бірі. Бүгінгі күннің бағытын бағамдамас бұрын өткен күнге назар салсақ. Саяси саралаудың да мәні осы емес пе?!
Егемендікті сыйға тартқан қайраткерлердің еңбекқорлығы, тың бастамалары мен саяси көзқарастары мемлекет кірпішінің берік қалануына бірден-бір ықпал етеді. Тарихтан сабақ алып, өткенге көз жүгірту арқылы кеткен кемшіліктер болса, оны қайталамай, болашаққа бағдар алу да маңызды қадамдардың бірі. Бүгінгі күннің бағытын бағамдамас бұрын өткен күнге назар салсақ. Саяси саралаудың да мәні осы емес пе?!
Кеңес Одағы ыдыраған тұста Қазақстан кеңестік тоталитарлық тәртіптен бас тартты. Түбегейлі нарықтық экономикаға көшіп, жаңа демократиялық жолды таңдады. Саяси жүйені түбегейлі өзгерту үшін бізге өз Конституциямыз қажет болды. 1995 жылы 28 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы саяси билік тармақтарының кейбір қарама-қайшылықтарын шешіп берді. Мысал үшін айта кетейік, президенттік саяси институт кеңестік дәуірде болмады. Тәуелсіздік алған жылдары жетекші рөл Жоғарғы Кеңес қолында сақталды. Президенттің басқа да билік тармақтарын реттейтін механизмнің болмауы саяси жүйенің саябырсып, текетірестер туындауына да алып келді. Республикада партиялардың саны өсіп, олардың саяси мәдениетінің төмендігі, құқықтық негіздердің әлсіздігі – саяси процесті күрделендіріп жіберді.
Конституция азаматтарымызға саяси плюрализм, тұрақтылық пен сөз бостандығын айқындап берді деуге болады. Әрине, сол кездегі Президенттің мәртебесі, оның ауқымының кеңдігі халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен отандық саясаттанушылар және ғалымдар тарапынан сыналды. Бұл заман тудырған талап болатын. Қоса кеткен жөн, елімізде президент институтын қалыптастыра отырып, мемлекеттілігіміздің дамуында жаңа кезең басталған еді. Референдум нәтижесінде қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс жоғарғы орган ретінде анықталды.
Тарихшы Бүркітбай Аяғанның пікірінше, Кеңес Одағының ыдырауы бүгінгі Қазақстан тарихының жаңа бетін ашып, өтпелі кезеңге бастап берді. Осылайша, егемендігін алған еліміз үшін тоталитаризм бұғауынан демократиялық қоғамдық құрылысқа өту басты міндет болды. Сонымен Қазақстандағы жаңарулар негізі – тәуелсіздік және егемендік екенін атап айтқан. «Ал қоғамдық құрылысты модернизациялаудың басты өзегі демократиялық реформалар деп тұжырымдауымызға негіз бар. Еліміздегі өзгерістер ерекшелігі – төңкеріс арқылы емес, бейбіт, эволюциялық жолмен жүзеге асты», – дейді тарихшы.
Бажайлап қарасаңыз, референдум арқылы қабылданған Конституция мемлекетіміздің саяси дамуына жаңаша серпін берді. Парламентаризм институтын дамыта отырып, легитимді демократиялық жолмен саяси билікті жүзеге асыра бастағанына тарих куә.
Қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.
Дәлірек айтқанда, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Конституция Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді.
Ал енді бүгінімізді баяндасақ. Осыдан екі ай бұрын ел тарихында 27 жылдан кейінгі үшінші референдум өтті. Яғни 5 маусым қазақстандықтар үшін маңызды тарихи күн болды. Жыл басында болған қаңтар оқиғасы мемлекеттегі қордаланып қалған мәселелердің ашық көрінісі еді. Отыз жыл бойы қалыптасқан саяси жүйеде әлі де кемшіліктер бар екенін көруге болады. Саяси жүйенің солқылдақ тұстары қоғамға соққы болып тигенін саналы адам көре білуі керек. Мемлекет басшысы барлық жағдайды саралай келе, референдум өткізуге шешім шығарды. Халық Ата Заңның өзгерістерін қалап, дауыс берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың басталғанын хабарлады. Ал біз осы мақсатқа қадымдап қадам басып келеміз.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ