Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰЛПАР ТЕКТІ ҒҰМЫР

ТҰЛПАР ТЕКТІ ҒҰМЫР

Ауылының ғана емес, күллі Сыр аймағының намысын ат жалына түйіп, талай аламанның алдын бермеген Әуезхан Қыдырбаев – қызыл­ордалықтар үшін қадірлі есім.
Кеңес өкіметі жылдары озат жылқышы болып, Шиелі ауданының бірнеше шаруашылықтарының дамуына ерен еңбегі сіңген адам.
Атасы Сарымсақ деген кісі мұрап екен. Бүгінде осы ауданның «Ортақшыл» ауылы маңында «Сарымсақ каналы», «Сарымсақ бауы» деген жер атаулары да бар. Бұрынғы кезде ел тірлігінің қан тамырындай болған каналдар қолдап қазылған. Қара кетпенмен тоң қақыратып, топырағын өткелектеп лақтыратын бұл тірлікті біз темір тісті тракторлардың ғана атқарғанын көрген ұрпақпыз. Ал ол кезде азаннан қара кешке дейін мыңдаған кетпенші қатар тұрып жер қазған. Сарымсақ аталарымыздың сондай еңбегіне бүгінгі күні Еңбек Ері атағын берер ме едік, ол кездегі ең үлкен мадақ «Правда» газетінің мақаласы болған.
Сарымсақ атаның ұлы Қыдыр­бай соғысқа аттанғанда Әуезхан іште қалған бала екен. Әкесін көрмеген, «әкең келеді» деген сөзді ғана естіп өскен Әуезхан кішкентайынан шиірген асықтай ширақ, арманшыл болып ержеткен. Екі ағасы Әләйдар мен Шайхисламның алдына түсіп, су таситын да, отын жаратын да өзі. Үш баланы еңбекпен ер жеткізіп, қатарға қосқан анасы Әуезханды ешқашан қиындықтан қорықпауға, әрнені де ақылмен алуға үйретті. «Әркімді Қыдыр деп біл, әр күнді қадір деп біл» деп тәрбиеледі.
Таңмен таласа тұрған үлкендерге еріп ілбіп, колхоздың күріш отағына бара жататын он жасар баланың белі беріш боп, қолы құрыш боп қатып, арқасы киізденіп, алақаны мүйізденіп ержетті. Әскерге барып келіп, алдымен тракторшы, сосын шопыр болып автобазаға жұмысқа тұрды. Жас­тайынан атқа жайдақ мініп, көкпар шауып өскен жігітті сол бір ағаш қорапты ыңыранған машинаның жүрісі ығыр қылатын. Сосын ара-тұра көкпар дүбірі шыққан жаққа тартып кететін. Ақыры атқұмарлығы жеңіп, машинаны тастап, «Ортақшылдың» Құрманбек атты жылқышысына көмекші болып шыға келді. Тағдыр адамды жасай ма, адам тағдырын таңдай ма, бұл – әлі басы ашылмаған мәселе. Біздің білетініміз, жас Әуезханның жылқышы болуы оның тағдырына айналды. Осы кәсібімен туған еліне пайдасын тигізді. Жылқышыға қойылатын талаптың барлық үдесінен шықты, төрт жүз жылқыны жусатып өргізді. «Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізер» деген мәтелдің мәніне бойлады. «Шабанға мініп жылағанша, асауға мініп құла» демекші, аттың арқасында намысшыл, жігерлі, жүректі болып өмір сүрді. Бір кездері Әукеңнің асауға бұғалық лақтырғандай, тағы қасқырды жіппен буындырып қолмен ұстағаны да аңыз болған.
Әукеңнің айтқан биесі жүйрік туатын, көкпар салған үйдің келіні құрсақ көтеретін бұрынғының Күреңбай сыншысындай аты тарай бастап, ең алғаш бәйгеге қосқан жүйрігі Қарақасқа аты сонау 1968-ші жылы бәйге алған еді. Содан бері жүзі жерге қараған емес. Баптағаны шапты, қосқаны келді.
1972 жылы Әуезхан Қыдырбаевқа «Гигант» совхозы қолқа салды. Осы шаруашылықта көп жыл жылқышы болған ағамыз талай табысқа жетті, тәжірибесі көпке таратылды. Былайғы жұрт жүз жылқы бақса, ол алдына жеті жүз бас қоғам малын салып, бабын тапты. Жалпы, отыз жылдан аса қолынан құрығын тастамады.
Осы жылдарда ат бабын Әукеңдей біліп, жылқы жанын түсінген мұндай біреу болды деп айту қиын. Ол кісінің білгірлігіне көз жеткізгенде жылқы университетін тауысқан шығар деп қаласыз. Тіпті, жылқыға қатысты этнолексика қоры да қызықтырмай қоймайды. Қарапайым біз «ат» немесе «жылқы» деп атайтын жалпылауыш атауды – қылқұйрық, арғымақ, сәйгүлік, жұнт, ылау, тұлпар, құлын, тай, жабағы, құнан, дөнен, бесті, байтал, сойтал, құнажын, дөнежін, айғыр, сәуірік, қысырақ деген сияқты сөздермен жіктегенде таңғалмауға бола ма?!
Енді білгір дегенімізге бір дәлел айтайық.
Сексенінші жылдардың аяғына таман ат спортына ерекше мән берілді, жылқыны асылдандыру жұмысы жолға қойылды. Бұл мәселеге біздің облысымыз да құлшына кірісті. Республикалық бәйгелер бірінен соң бірі дүркіреп өтіп жатты. Дәл осы кезде Шиелі ­ауданы да өзінің жүйріктерін шығаруға бекінді. Бұған дейін Әуезханның Ташкент жақтан әкелген аттары облыстық бәйгелердің алдын бермей жүр еді. Осыған байланысты жаңа тұқым алдырып, үлкен жарыстарға ат қосу мақсаты бар шаруашылық басшыларының таңдауы тағы да Әукеңе түсті. Сөйтіп, ол басшылардың жұмсауымен Алматыдағы республикалық орталық ипподромға маңдай тіреген. Мұнан әрі Алматы ат зауытына келді. Ал, бірақ бұлар ат сату жағына келгенде маңайлатпай қойды. Өйкені, көзі танитын адам болса, жүйріктерімен қоса бұйыратын жүлделерін де сатып алып кетеді деген ойлары бар. Ақырында ауру малды бөлектеп қойған тұрақты аралап көрді, сол жерде бір ақсақ атқа көзі түсті. Сұраса зауыттағылар оны да бергісі жоқ, бірдеңе біліп тұрғандары шамалы, әйтеуір сатпау керек дегенді сақтап тұр. Әукеңмен бірге келген көлік жүргізушісі Махмут жол үстінде осы ауданның ­ауылшар­уа­шылығы бөлімі бастығын танимын дегені есіне түсті. Екеуі әскерде бірге болыпты. Ендеше, сол кісіні табу керек. Сонымен, ­Махмут Алматыдан іздеп жүріп, ескі досымен құшақтасып қауышты. Достың аты – дос, дас­тархан жайылып, буынға түсер сусындар да жұтынып келіп қалды. Әңгіме бастау­ға қолайлы кез. Дегенмен, бастық адам зауыттан ат сатып алу жағын жақтырмай отыр.
– Мен сізден сәйгүлік сұрамаймын, бір ауру атыңызды сатсаңыз жетеді, – деді Әукең.
– Әзілдеп тұрмасаң, ала ғой, – деді бастық. Бұл атқа «Брек» деп есім берген екен. Дәл сол аттан тұқым алып, оны баптап бәйгеге қосып, ол озып келем дегенше кім бар, кім жоқ... әрине, сенбеген кісі солай демегенде қалай десін.
Бректің аяғының арасы кең, тұяғы тік, бауы­ры жазық, көзі алдамаса алдына қара салмас. Алайда, әңгіме ауылға келгесін басталды. Әуезхан ат әкел деген ақшаға ауру мал алып қайтыпты деп жұрт гуледі. Тұлпар емес, тулақ әкеліпті деді.
Ат бапкері талай тәсілді білетін. Жануардың жарасын жазып, аяңдатып, желдіртіп, ащы терін шығарды, аптасына бір мәрте сиырдың шикі сүтімен суарды. Бір уыс шөбін, бір жұтым суын есептеп берді.
Содан күз түсті, сабантой бәйгесі берілетін күн келді. Әукең осы бәйгеге екі атын алып барды. Оның бірі – Брек, бірі Талғардан әкелген «Система» дейтін сәйгүлігі еді. «Ат шаппайды, бала шабады» дегендей, Әукеңнің баласы Қайрат пен Дархан кішкентайынан жайдақ атпен шауып үйренген. Бұл жолы да Брекке Дархан мінген. Жұрттың әңгімесі баяғы, «ақсақ аты аяғын жазғанмен, белін жаза алар ма екен?» дейді. Сол жолы Брек аламанда қырық қаралы атты шаңына көміп, дара келді. Ал, Система тоқ бәйгенің бірінші орнын алды.
Енді, ақсақтан арғымақ шығарған Әукеңді көріпкел дейсіз бе, көреген сыншы дейсіз бе, өзіңіз білерсіз!
Сол оқиғадан кейін жұрт Әукеңе ат бабы туралы ештеңе демейтін болған. Бәрін айт та, бірін айт Брек Сырдың намысын қорғаған сәйгүлікке айналды. Осы Бректен араға жылдар салып – Сұңқар, Сәуле, Кастет, Ызғар деген жүйріктер шықты. Бәйге артынан бәйге келді, ат – Әукеңдікі, атағы – елдікі.
Ызғар демекші, бұл тұлпар 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланған Абайдың 150 жылдығында 20 шақырымдық тоқ бәйгеге түсіп, бірінші болып келген. Татарстан президентінің қолынан «КамАЗ» жүк көлігін ұтып алған. Көп жұрттың әңгімесі осы туралы болғанмен, бұл тойдағы жүрек тебірентерлік оқиға жайында біле бермейтін.
Сол оқиға – мынау.
Облыс бойынша бәйгеге жолдама алған жеті аттың бірі Сұңқар болатын. Қас қылғанда жолай жанындағы ат теуіп, Сұңқар ақсап қалды. Шығысқа жеткенде тұяқ тиген жарасы асқынып, әбден әбігерге салды. Баяғы Брекке айтылғандай әңгіме тағы басталды. «Жұрттың сау атына бермей, Әуезханның ақсақ атына жолдама беріліпті, соңынан санайтын бәйге алмақ па?» деген сөздер «бәйгеге» түсті. Күн бұрын Семей жеріне апарылған аттар бапталып жатыр. Бәйге күні жақын, жануарлар осқырынып, жазық далаға көз тастап тұрады. Ал, Сұңқардың жайы көңіл көншітпей-ақ қойды, жаққан май, ораған шүберек жараны жазбады. «Атыңды өлтіріп аласың, бәйгеге салмай-ақ қой» деген жанашырлар да табылды. Сонда тү-у Сырдан Шыңғыстауға шөп жеуге әкелді ме? Әукеңнің кеудесін намыс буды. Ал, атқа шабатын сегіз жасар Асхан жылап жүр. Оның бар ойы – бәйгеге шабу. Сонымен, бәйге күні келді. Сұңқардың ақсаңдап жүргенін көрген ұйымдастырушылар атты есептен шығарып тастағысы да келген. Әукең оған көнбеді. Кішкентай Асханның таудай талабын жығып, меселін қайтарудың өзі қандай азап еді.
«Ер астында ат өлер, қайғы астында ер өлер», тәуекел, Сұңқар бәйгеге қосылды. Ақсақ ат мінген Асхан кеудесін кере тыныстап, айналасындағыларға маңғаздана қарады. Қорықпады, тым болмаса ә дегенде көптің алдына түсетіні анық, сосын жарыстан шығып қалса да, мейлі. Не деген құштарлық, не деген намыс!
Сөреге шоқалақтап барып, қатарға тұрған атты мыңдаған көз көріп отыр. «Обал-ай» деседі. Күліп жатқандар да жоқ емес. Ақан серінің атын сынға алған көптің: «Осы ма Құлагерің деседі жұрт, жүйрігі жан­уардың қай жағында...» дегені ­сияқ­ты.
Асхан шу дегеннен аттың басын жіберді. Құлағын тіктеп, тәует басын тік ұстаған жануардың сол кезде тұрқы өзгеріп кетті. Текті тұлпар құлағы сүйген қиқуда аяғының ауырсынғанын елемеді, жанының қиналғанына қарамады. Бар күшін сау аяқтарына салып, серпіле созылып, шиырыла жиналып, жолбарысша атылды. Бір айналым емес, шешуші сәтке дейін басқа аттардан оқ бойы озық отырды. Бағанағы аяп отырған жұрт «астапыралла» деп орындарынан тұрып кетті. Ақсақ ат бірінші болып келе жатыр!
Соңғы айналымға шыққанда ғана бар күшін сарыққан Сұңқар сыр берді. Алдыңғы ақсақ аяқтың тұяғынан саулаған қан топырақты илеп келеді. Үш аяқпен шауып келе жатқандай. Сол кезде жанынан бір емес, екі емес, үш ат басып озды. Жануар осы сәтте шырқырап кісінеп жіберді, жалт-жұлт еткен көзінен жас парлады. Хас тұлпардың сол кездегі қорланғанын егесінен басқа сезген біреу болды ма, жоқ па, қайдам... Әйтеуір осы суретті көңілінде сақтап қалғандар көп. Айналымның ақырғы сәтінде жанұшырған Сұңқар үш аяқтап секіріп, мәрені төртінші болып қиды.
Сөйтіп, Сұңқар 40 шықырымдық ұлы аламанда 12 жарым мың долларлық жеңіл көлікті жеңіп алды. Ал осы бәйгеде Бректен туған үш бірдей – Сұңқар, Ызғар, Кастет деген жүйріктердің жүлде алғанын жұрт ұмытқан жоқ. Кастет аламанда 6-шы келіп, шетелдік темір тұлпар ұтты.
Біз неге Әуезхан ағамыз жайын жазамыз деп, жылқыны әңгімелеп кеттік? Себебі, бұл кісінің өмірін тұлпарларсыз елестету қиын. Сол тұлпарлар секілді туымды ұрпақ өсірді. Бисенкүл ана екеуі өмірге бес ұл, үш қыз әкеліп, олардан жиырмадан аса ұрпақ сүйді.
Әуезхан аға 1942 жылы 9 шілдеде Шиелі ауданының Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң 1958-1959 жылдары №97 СПТУ-да білім алған, механизатор, шофер болып жұмыс жасаған. 1966-1972 жылдары Сыр­дария совхозында жылқышыға көмекші, «Гигант» колхозында жылқышы болып еңбек етті. 1975 жылы ­«Қарғалы» совхозына, 1978 жылы Еңбекші совхозына жылқышы болды. 2005 жылы зейнеткерлікке шықты. 2017 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасын алды. Елі дәрпін көтерді, былтыр Шиелі ауданының құрметті азаматы атағын алған атақты атсейіс биыл 80 жасқа толды.
Бүгінде бала-шаға, бау-шарбағымен саялы бәйтерекке айналды, әулеттің ғана емес, аудандағы үлгілі отбасы болып, атағы алысқа кетті. «Ат тұяғын тай басар», Әукеңнің атсейістігі он екі жасар немересі Дамирге қонады дегендер бар. Қазір бәйгеге шауып жүрген сол бала. Малдың жайын алақанының қыртысындай білетін Фархаты қарашаңырақтың абыройын биіктетіп отыр.
Ауылдың ақылгөй ақсақалына алыс-жақыннан жылқының жайын сұрап келетіндер көп. Біреу кіріп, біреу шығып жататын үйінің ауласынан береке мен ырыстың ырғағы тарқамайды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
19 шілде 2022 ж. 780 0