Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕЙНЕТІ МІНЕ, ЗЕЙНЕТІ ҚАНЕ?

БЕЙНЕТІ МІНЕ, ЗЕЙНЕТІ ҚАНЕ?

Елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Биыл қазақстандық әйелдер 60 жас 6 айға жеткенде лайықты еңбек демалысына шыға алады.
Қазақстанда 2018 жылдың қаңтарынан ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру басталды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Осылайша 10 жыл ішінде әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін жеткізу жоспарланған. Соңғы мәлімет бойынша республикада зейнеткерлер саны 2 млн 245 мыңнан асады. Орташа зейнетақы мөлшері – 105 193 теңге. Осы ретте зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі қоғамда қызу талқыға түскені белгілі.
Зейнетке шығу жасын теңестіру туралы заң қабылданған сәтте-ақ қарапайым әйел-аналардың көңілінен шыға қоймады. Қалалық жерде лауазымды қызметте жүрген нәзікжандыларға болмаса, бұл шешім жалпы көпшілікке ұнай қойған жоқ. Тіпті осы күнге дейін бұған қарсы түрлі митингілер өтті. Билік бұл өзгерістерді «зейнет жасы ұзарған сайын зейнетақы қорындағы жинақ қаржы көбейіп, әйелдің «қартайған шағында қамсыз» болуына мүмкіндігі артады» деп түсіндіреді. Ал, ауыр еңбек етіп, жұмыс пен тұрмыс тауқыметін қатар көтеріп жүрген әйелдер үшін зейнет жасының ұлғайғаны емес, дендерінің саулығы керек. Олар жүріп-тұруы әбден қиындаған шақта сонша жылғы бейнетінің зейнетін көре ала ма? Шетелдерді араламақ түгілі, өз еліміздегі шипажайларға барып ем қабылдауға әл-қауқарлары жетер ме екен?
– Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасаймын. Қанша дегенмен жас ұлғайған сайын адамның есте сақтау қабілеті, көздің көруі нашарлайды, жұмыс істеуге деген құлшынысы азаяды. 63 жасқа дейін тәрбиеші болып жұмыс жасауды елестету қиын. Көбірек жұмыс істесең, зейнетақы қорындағы ақшаң көп болады деушілер бар. Қартайған шағымызда рахатын көрмейтін болсақ, ондай жинақтан не үміт, не қайыр?, – дейді Айша есімді аудан тұрғыны.
Рас, елімізде бес және одан көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген аналар 53 жаста зейнетке шыға алады. Ал, Семей ядролық полигонының жоғары радиациялық қаупі бар аймақтарда бес жылдан артық тұрған әйелдерге 45 жас­та, ерлерге 50 жаста зейнетке шығуға рұқсат бар. Дегенмен, жұрттың бәрі Семейде тұрмайды. Әрі бес баланы тууға аналардың барлығының бірдей денсаулығы, тұрмыс ахуалы мүмкіндік бермейтіні тағы белгілі.
Әлем халқының өмір сүру ұзақтығы артып бара жатқанын алға тартып, зейнет жасын ұлғайтып отырған Үкіметке қазақстандық әйелдердің ұсынысын жан-жақты қайта сараптау қажет-ақ. Қарапайым адамдарды Батыс елдерімен, тіпті өзіміздегі депутат, лауазымды қызметтегі ханымдармен салыстыра қарау да ақылға қонымсыз.
Жалпы әйел адамдардың ерлерге қарағанда қоғам алдындағы, отбасындағы жүктемесі басым. Жұмыстан бөлек ас-ауқатын дайындау, балалардың сабақ үлгерімі, үй шаруасы, тағысын тағы бітпейтін тіршілік қажытып-ақ жібереді. Үйге келген соң немере күтіміне қарайласпаса тағы болмайды. Арасында отбасы тауқыметін бір өзі арқалап отырған жалғызбасты аналар да жоқ емес. Мұнан бөлек, мүгедек бала асырап отырған әйелдердің де ерте зейнетке шығуына еш жеңілдік қарастырылмаған.
«Жұмыста құлшыныс, жаңаға ұмтылыс болмаса қиын-ақ. Осы зейнет жасын ұзарту арқылы қаншама жастарды жұмыссыз қалдырып отырғандарын біздің билік қашан түсінер екен» дейді аналар.
Әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізушілер шетелге кетуге құмар жастардың басым бөлігі 19-25 жас аралығындағылар екенін айтады. Ал, оның негізігі себептері ретінде елдегі жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесін алға тартады.
Халықтың жартысына жуығы ауылда тұрады десек, онда әйелдерге ғана емес, еңбекке қабілетті азаматтардың бәріне жұмыс табу қиын екендігі айтпаса да түсінікті. Ата-анасының зейнетақысына масыл болып отырған жастар қаншама?!
Әр адам қарттық дендей бастаған кезден тартқан бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Халқымыз «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп бекер тілемесе керек. Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ­Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып жатқаны туралы айтты. Кеше ғана сенатор Дана Нұржігіт әйелдердің зейнет жасын қысқартуды ұсынып, нақты деректермен бөлісті. Әйтеуір халықтың қалауы қалыс қалмаса игі.

Гүлхан ЯХИЯ
10 маусым 2022 ж. 414 0