Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Қазақстанда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін өнегелі құндылықтарды жаңғырту және үлгісін көрсету, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды.
Аталған конкурс ҚР Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы №250 өкіміне сәйкес елімізде жыл сайын өткізіледі. Мақсаты – отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және кеңінен насихаттау. Конкурс екі кезеңде өтеді. Бірінші – аудандық, (қалалық) кезең, екінші – облыстық кезең.
Конкурсқа әкімдіктердің аудандық (қалалық) комиссияларына 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өтінім беру арқылы, өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша үміткер отбасылар қатыса алады.
Ұлттық байқауға отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылықтағы, зияткерлік және ғылыми саладағы жетістіктері жоғары, сондай-ақ, қоғамдық пайдалы қызметке белсенді қатысатын (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) отбасылар жіберіледі.Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамында қызмет ететін немесе бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды.
Конкурсты ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыруда.Барлық мәліметті аудандық ішкі саясат бөлімінен алуға болады.

«Өскен өңір» ақпарат
04 маусым 2022 ж. 450 0