ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Қазақ тарихының қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық кезеңі деуге болады.
Қуғын-сүргінге ұшырағандардың арасында қазақ зиялылары, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Ал сол қаралы жылдар Сыр өңірі саяси қуғын-сүргінге түскен шешен, кәріс, түрік және этнос өкілдерінің қоныс теуіп, өсіп-өнуіне мүмкіндік берді. Оның бір ғана көрінісін Шиелі ауданынан-ақ байқауға болады. Бұл күнде Шиелі жерінде 2702 диаспора өкілі тұрады. Яғни 18-ге тарта этнос өкілі бар. Сонау қилы заманда қоныс аударып келген ұлт өкілдерін өзекке теппей, өзімсінген қазекемнің қасіретті жылдарды өткергенін осындай тарихтан аңғарамыз.
Қуғын-сүргінге ұшырағандардың арасында қазақ зиялылары, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Ал сол қаралы жылдар Сыр өңірі саяси қуғын-сүргінге түскен шешен, кәріс, түрік және этнос өкілдерінің қоныс теуіп, өсіп-өнуіне мүмкіндік берді. Оның бір ғана көрінісін Шиелі ауданынан-ақ байқауға болады. Бұл күнде Шиелі жерінде 2702 диаспора өкілі тұрады. Яғни 18-ге тарта этнос өкілі бар. Сонау қилы заманда қоныс аударып келген ұлт өкілдерін өзекке теппей, өзімсінген қазекемнің қасіретті жылдарды өткергенін осындай тарихтан аңғарамыз.
1928 жылдың ортасынан бастап Алаш қозғалысына қатысқан зиялылар жаппай тұтқындала бастады. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген жалған айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ал қалғандары түрмеге қамалады. Ұлттық зиялылардың екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек–қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і Орталық, Ресейге жер аударылды. 1936–1938 жылдары Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-іне «халық жауы» немесе «халық жауының сыбайластары» және т.б. айыптар тағылды.
Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді. Соңғы зерттеулер бойынша 1931 жылдан бастап 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде КСРО-да соттан тыс және сот органдары 3 млн 777 мың адамды ату жазасына кесіп, оның 643 мыңына үкім орындалса, ал 2 млн 369 мыңын 25 жылға дейінгі мерзімге түрмелерге қамап, лагерьлерге айдаған. Жалған айып тағылғандардың қатарына 1931–1933 жылдардағы қазақтардың жаппай қырылуына байланысты ашық наразылық білдіріп, Қазақстан халқының мүдделерін қорғағандар да қосылды.
«Халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасының мәжілістерінде, «екілік» пен «үштік» атанғандар мен НКВД-ның ерекше кеңестерінде құпия жағдайда шешіліп жатты. 1930 жылдардың ортасында Ү.Құлымбетов, Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды көрнекті партия және мемлекет қайраткерлері «халық жауы» ретінде тұтқындалды.
31 мамыр – тар жолда тайғақ кешіп, ұлтының қамы үшін азар да безер болып, мұз шайнап, от кешкен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қатал да қасіретке толы бұл күн өткенді еске түсіріп, көзге жас шиырлатады. Ұлы террорлық әрекет қазақ баласын аямай орға жығып, тірідей құздан итерді. А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, О.Жандосов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, С.Асфендияров секілді елім деп емешегі үзілген қазақ интеллегенциясының бетке ұстарлары суық қарудың көзіне ілінді.
Қазақ даласының етегіне сор боп жабысқан ашаршылық, нәубет жылдары халқымызды қынадай қырды. Жалпы ақпаратқа сүйенер болсақ ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көбі аштықтан көз жұмды. Ал індеттен аман қалғандары тау кезіп, шекара асып босып, тозып кетті. Үкіметтің лаң қып салған қатал заңының озбырлығы сол 1933 жылға дейін қазақ даласында болған 40 миллион малдың, 1933 жылдан кейін 15 миллионы ғана қалды. Кей ғалымдар ашаршылықтан 2 миллион қазақ қырылды десе, ал енді бірі 4 миллион дейді. Ал басқалары ашаршылық пен қуғын-сүргіннен 10 миллионға жуық қазақ қырылғанын айтады.
Уақыт бәрін де орны-орнына қояды және өз аттарымен атайды. Өткен ғасырдың 30-жылдарында «халық жаулары» ретінде атылған сталиндік террордың құрбандары тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт батырлары болды, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушылар – «қазақ ұлтшылдары», ал «астыртын дем берушілері» деп айыпталып, көтеріліс жасаған студенттерге көмектескен, қорғаған және сол үшін өздерінің мансабынан айрылғандар – нағыз патриоттар болған.
Қалай дегенмен де, қазақ тарихындағы бұл қасіретке бей-жай қарау, санамыздан өшіру елдігімізге сын. Ащы тарихымызды білмеу – тәуелсіздік қадірін түсінбеумен пара-пар. Ендеше, ұрпақ санасына өткен дәуір тарихын жаңғырту, халық зиялыларын жадымыздан бір сәт те шығармау баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық парызымыз деп білейік!
Г.ЯХИЯ