Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлігі мен еңбегі ел есінде

Ерлігі мен еңбегі ел есінде

Жер шарында екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанып, КСРО құрамындағы одақтас республикалар үшін Ұлы Отан соғысы аталған сұрапыл жылдарды өткергенімізге де 77 жыл болыпты. Қасіретті қырғын шығынсыз болмайтыны аян. Сол кездегі кеңес одағының 20 милилионнан аса адамының өмірін жалмаған соғыстың табы әлі де кетер емес. Осыған орай туындаған «Ер есімі – ел есінде», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Ерді намыс өлтірер», «Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады», «Ер өлсе де, аты өлмейді», «Елін сүйген ер болар», «Отан үшін жан пида» т.б. патриоттық рухты оятатын мақалдар соғыстан кейінгі ұрпақтарымызға үлгі болып келеді. Соғыстағы Ұлы Жеңісімізге осынша жыл өтсе де, сол жеңісті жақындатуға бір кісідей атсалысқан майдангер, соғыс ардагері, сержант, шайқаста сұрмерген атанған Жағыпар Рысманов ағамыз туралы еш жерде оқымаппын, көрмеппін. Өзімше, «неге ұмытылды екен?» деп жүрген едім.
Қазақта «Кімді айтсаң сол келеді» деген қызық сөз бар. Шынында өзі солай. Тірі болса айтқан адамымыз немесе баласы, туысы, досы келеді екен. Менің ойымды растағандай, келген кісі соғыс жылдары түскен сержант Жағыпар Рысмановтың суретін столға қоя салды. Сарғайған сурет ұқыпсыздықтан болар, ортасынан қақ бөлініп, жыртылыпты. Бірақ өрімдей жас жауынгердің көзінен от шашып, «Бөрі соғар жігіт бөркінен белгілі» деп тұрғандай әсерде қалдым.
Менің алдымда соғыс және еңбек ардагері, Шиелі ауданының экономикасы мен мәдениетін, кезінде коммунистік партия мен ауыл шаруашылығын дамытуға және өркендетуге мол үлес қосқан Жағыпар Рысмановтың төртінші ұлы Асылбек Нұртазаев отыр еді. Ол әкемізді кеш те болса еске алып, ұлықтасақ қалай қарайсыз дегендей емеурін танытты. Бірден түсіндім. Соғыс ардагері жайлы неге жазбасқа?
Дерек бойынша осы соғысқа біздің ауданнан 5909 адам аттанған. Майдан даласында 2268 жерлесіміз мерт болды. 1379 бауырымыз хабар-ошарсыз кетті. Ал елге аман-есен оралғандар саны – 1862 адам. Солардың бірі – майдангер, сержант Жағыпар ­Рысманов болатын. Бозбала Жағыпар мектеп бітірген жылы соғыс басталады. 18 жасында әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы жас жігіттер қатарында Отан қорғауға аттанады. Ауылда жас­тайынан аң аулап мерген атанған Жағыпар бірден атқыштар батольонына қабылданады. Оны атқыштар дайындайтын қысқа курсқа жібереді. Мергендігімен көзге түскен жауынгер Жағыпарға сержант дәрежесі беріліп, ол атқыштар бөлімшесінің командирі болып тағайындалды. Ұлы Отан соғысы тарихында «Курск шайқасы» атымен қалған алапат соғыстың ортасында болған Ж.Рысмановтың бөлімшесі де, өзі де асқан ерлік көрсетеді. Курск түбіндегі шайқаста 1943 жылы 29 шілде күні жеңіл жарақат алған Жағыпар ұрыс даласын тастап кетпейді. Бірақ 16 қазан күні жойқын ұрыста оқ сол қолына тиіп, ауыр жараланып госпитальға түседі. Дәрігерлердің шешімімен жауынгердің сол қолы мылтық ұстауға жарамсыз деп танылып, еліне қайтарылады. Соғыстағы ерліктері үшін сержант Ж.Рысманов «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және «Ұлы отан соғысы» орденімен наградталды.
Соғыстан оралған жас майдангер Ж.Рысманов бейбіт өмірдегі еңбек жолын «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы (Қазіргі №45 Ақорда) мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бас­тады. Соғыста шыңдалған комунист жігітті аудандық партия комитеті 1961 жылы «Комунизм» (бүгінгі Нартай ауылы) қолхозы партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындайды. 1963 жылы ауданның кешкі мектебіне директор болып, 1964-1965 жылдары РТС мекемесінде партком қызметін атқарады. Талапшыл жауапкершілігі, адамгершілігі мол Ж.Рысмановты 1965 жылы аудан басшылары өңірдегі іргелі шаруашылықтың бірі В.И.Ленин атындағы қолхоздың партия ұйымын басқаруға жолдайды. Осы жылдары «Алғабас», «Қызылдихан» және Ленин учаскесінің (Бестам) төрағасы менің әкем Әзімхан Исмаиловпен дос-құрдас болып Жағыпар ағай үйге жиі келетін. Сабырлы, салмақты, күле сөйлейтін, толық денелі, жылы шырайлы ағамыз үнемі әзілдей кіріп: «Әзімхан қайда? Үйде ме? Амансың ба, Күлеке? Күлайшаның шәйін емес, айранын ішейін деп келдім» деп анамды күлдіртетін еді. Осылайша қос соғыс ардагері достықта, силастықта жеті жыл бірге қызмет етіп, өмірлерінің соңына дейін хабарласып тұрды.
Бір қызығы ұзақ жылдардан соң жоғарыда айтып өткен баласы осы Алғабас ауылының, яғни, Жуантөбе аулдық округінің әкімі болды. Жағыпар әкесінің ізін басты. Партия бола жүріп, ауыл шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, мол тәжірбие жинақтаған, іскерлігімен, көпшілдігімен танылған Ж.Рысманов 1971-1975 жылдар аралығында күріш егудің құт мекеніне айналған «Қызыл Ту» калхозын (Ы.Жақаев ауылы) басқарады. Оның калхозға сіңірген еңбегі осы уақытқа дейін ауыл ақсақалдары мен тұрғындарының жадында сақталып, халықпен етене жұмыс жүргізгені әлі күнге айтылып келеді. «Халық айтса, қалп айтпайды» дегендей, осында қызмет істеп кеткен басшылардың арасынан Қазбек Оспанов пен Жағыпар Рысмановтың есімдері ойға орала береді екен. Оны партия қай жерге жұмсаса да барған жерінің барлығына жақсылық жасап, өзінің де жақсы адам екендігін дәлелдей түскен екен.
Ж.Рысманов 1975 жылдан 1985 жылға дейін «ПМК-45» деген үлкен мекеменің кадр бөлімінің бастығы болып, осы мекемеден құрметті еңбек демалысына шығады. Қалған өмірін отбасының бақытына арнайды. Зайыбы Ұлбала Бекмұрзаева екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырады. Олардан 32 немере, 41 шөбере өрбіп, өмір сабақтастығын жалғастырып отыр. Олар әкелері Жағыпардың өмірі өнегелі болғанын, соғыс және еңбек ардагері болып қай салада еңбек етсе де, еліне елеулі, халқына қалаулы болғанын мақтаныш тұтады. Мұндай кісілердің есімі ұлықталып, тым болмаса мереке күндері ескеріліп жатуы тиіс.
Ж.Рысманов бейбіт өмірдегі ерен еңбегі үшін кеудесіне «Құрмет белгісі» орденін, «В.И.Лениннің 100 жылдығы» тағы басқа көптеген медальдарды тағып, мақтау грамоталарына ие болған
Бірнеше мәрте жергілікті кеңестерге депутат болып сайланып, халық қалаулысы атанды. Жағыпар ағаның жарқын жүзінен көктемнің көрікті күндері сезіліп тұратын. Ол сол қалпынан тайған жоқ.

Өркен Исмаил,
ҚР журналистер одағының мүшесі

29 сәуір 2022 ж. 369 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930