Мәселелерге маңыз берілді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева «Сыр медиа» ЖШС-на арнайы келіп, облыстың БАҚ өкілдерімен кездесті. Шараға облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев, қаламгерлер қауымы қатысты. Жиында бірқатар ұсыныстар айтты.
Өңірдегі өткір мәселелердің бірі – жер дауы, саладағы шикіліктер. Оны реттеуді заңнамалық тұрғыда шындап қолға алу қажет. Сондай-ақ, журналистер «Көкарал» бөгетінің бұзылып кету қаупі барын, бөгетте жарық пайда болғаны туралы мәселе бес жылдан бері айтылып та келе жатқанын жеткізді. Дегенмен, бүкіл өңірге экологиялық апат қаупін төндіріп тұрған проблемаға аймақ журналистері тарапынан қанша көтерілсе де, жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Қазіргі таңда «Көкаралды» жөндеуден өткізу жобасы жасалғанымен, мемлекеттік сараптамадан өткізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі қажет.Сонымен қатар, су ресурстары бойынша заңнаманы қайта қарау, Су шаруашылығы министрлігін құру, аймақ азаматтары арасында наразылық тудырып отырған оңтүстік аудандардағы ақылы жолдар мәселелері айтылды. Балайым Кесебаева аталған мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын айтып, аймаққа сапары барысында жер дауына қатысты мәселелерді құқықтық тұрғыдан барынша зерделегенін атап өтті.
– Шаруашылық мақсаттағы жер дауына қатысты бірқатар аудандарда болып, азаматтардың талап-тілектерін тыңдадық. Бұл ретте туындап отырған даулар жер саласындағы заңнамаға ғана емес, жерді пайдаланушы шаруашылықтар, серіктестіктердің ішкі жағдайларына да байланысты. Әйтпесе, дау-дамайлар жалпы жиналыс аясында Жер кодексіне сәйкес реттелуі керек еді. Көп жағдайда мәселе әр кезеңде шаруашылық жұмысын жүргізген төрағалардың қарыздарына, қаржылық жағдайларына, есепсіз шығыстарына байланысты. Қазіргі уақытта кей жерлерде аудит жүруде, кей жерлерде сараптама жұмыстары жүргізіліп, тіпті, қылмыстық істер қозғалуда. Сондықтан, әзірге нақты мынадай өзгерістер енгізіледі деп айтуға ерте. Салада өте күрделі құқықтық проблемалар бар. Жер даулары бойынша облыс басшылығы, заң органдарымен кездескеннен кейін Үкімет алдына ұсыныстар енгізу керек, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, қаламгерлер Қызылорда облысының экономикалық тұрғыдан толығымен дотацияланған аймақ екенін, соңғы уақытта орын алып отырған экологиялық апаттар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескерсек, өңірде жалақы мөлшері төмен екенін де атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты жеңілдіктер қарастыру, кәсіпке даярлау, оларға кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы қарама-қайшылықтар да айтылды.
Бұдан бөлек, баға мәселесі де күн тәртібінде тұр. Аймақта сұйытылған газ бағасы 6 ай мерзімге ғана арзандатылғанымен, басқа жанармай түрлері, азық-түлік, тұрмыстық техника, басқа да қажетті тауарлардың барлығының бағасы аспандап тұр.
Жиын соңында БАҚ өкілдерінің статусы, олардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық тұрғыдан қорғалуы мәселелері көтерілді. Әлі күнге дейін «төртінші билік» өкілдеріне қатысты көптеген талаптар, міндеттемелер болғанымен, құқықтарының дұрыс қорғалмауы, құзырлы органдардан қажетті ақпаратты уақытылы ала алмау, басқа да проблемалар жетерлік. Өз кезегінде Балайым Кесебаева мәселені Мәжіліс депутаттары назарға алатынын айтты.
https://aqmeshit-zhastary.kz