Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПІЛДІ ЖЫҚҚАН ПАЛУАН ЖҰРТ ЖАДЫНДА ЖҮРСЕ ИГІ

ПІЛДІ ЖЫҚҚАН ПАЛУАН ЖҰРТ ЖАДЫНДА ЖҮРСЕ ИГІ

Сыр өңірін Қоқан хандығы билеп тұрған заманда өзбек елімен екі арадағы сауда-саттық жайы біршама жолға қойылғаны тарихтан мәлім. Сол кездері жаз ауа, күзгі салым малдың жілігіне май бітіп, толысқан шағында елдің үлкендері Бұхарға мал айдайтын үзілмейтін үрдіс болған. Осы тұста Сыр өңірінде, соның ішінде Шиелі жерінде өмір сүрген Шақа деген шаруаның Алдаберген, Аласүгір, Құдайберген деген үш ұлы болған екен. Алғашқы екеуі шаруаға ыңғайлы болса, кенжесі Құдайберген ұзын бойлы, шымыр денелі, қайратты болып өседі. Осындай саудагерлік сапардың бірінде Есабыз әулиенің шөбересі Құдайберген Шақаұлы да бай кісілердің малын айдасып, Бұхарға барады. Отар-отар қой бірер күнде пұл бола қала ма? Оларға қойын бір мезгіл өріске жайып алып, көбіне қораға қамап, апталап жатуға тура келген.
Бұхарға барғандар бір жағы, сауда жасап, айдап барған малын пұлдап, елдегі бала, әйел, жұрағатына киім, қысқа жетер азық-түлік алады, екінші жағынан, сол заманда батыс пен шығыстан ағылып келіп өнер көрсетіп, шаһардың көркін қыздыратындар да көп болатын.
Осындай бір күні Құдайберген қасындағы кісілермен бірге шаһарды аралап көрмек болып, көше бойлап келе жатса, ду-ду бір дүрмектің үстінен түседі. Сөйтсе, байлар бәйге тігіп, палуан күрестіріп жатыр екен. Құдайберген де тамашалаушылар қатарына қосылады. Ортадағы жаршы «Белдескеннің бәрін жеңген өзбектің бас палуанына қарсы келер кім бар?» деп айқайлайды. Құдайбергеннің өзі де шыдамай тұрса керек, «Мен бармын!» деп сырт киімін шешіп тастап, ортаға шыға келеді. Шаһар хакімі де осы жерде екен, жұрт кеу-кеулеп, шуласып кетеді. Өзбек палуаны Құдайбергенге шекесінен қарап, менсініңкіремей күресуге ыңғайланады. Әуелгіде Құдайберген аңдып біраз жүрермін деп ойлаған, допша домалап өзбек балуаны бірде оң жағынан, келесіде сол жағынан шығады. Үйіріп соғар келсап жұдырыққа түсіп қалмауды ойлады. Әлгі жұдырық тиген жерін қаусатары анық. Есіне құба жонда бәйге атымен қасқыр қуып, тобылға сойылмен соғып алған айласы түсті. Әбден шаршаған арлан ағызып келе жатқан аттың екі жағына кезек аунап, айла жасап, сойыл дарытпайды, сондайда тек алдаусырату қажет. Оң қапталдан зу етіп өте берген қарсыласын қармап әуре болудың қажеті жоқ, шыр айналып, сол қолымен тұзақ жасап бүгіліп қап, үндістің балтырынан шап берді. Шалқасынан түсірді. Әлгі неме іштен перді. Кіндік тұсы түйіліп тізерлеп барып бойын қайта түзеді, қарсыласы жылт етіп шығып кетті. Жамбасына ала алмай қор болды. Ойнақтаған орға түсер дегендей, ойнап жүрген әбжіл неме қайыс білекке қайта қармалды. Құдайбергеннің қара күші жамбасында болатын, ойда жоқта жамбасқа түскен үнді балуаны шырқ үйіріліп, шәңбірек атып аяғы аспаннан келді. Бойын тіктеп түрегелген мезет жойқын жамбасқа түсті және жер құшты, аяқ астынан есеңгіреп қалды. Жеңіс Құдайбергенге бұйырды.
Мұндайды күтпеген көпшілік бір сәт демін ішіне тартып, үнсіз қалады. Шаһар хакімі Құдайбергенге бәйгесін бере салғысы келмей:
– Бір палуанды жеңгенің есеп емес, менің бір қоңыраулы палуаным бар. Ертең сонымен күресесің. Жеңсең, екі жүз қой бәйгеңді аласың, жеңбесең, құлым болып қаласың, – дейді. Маңдайға жазғаны күресу болса – я бел кетер, я белдеу кетер деп палуан жігіт тәуекелге бел буады.
Сол жерден бір бұхарлық қазақ кездесіп, Құдайбергенді үйіне ертіп апарады. Хакімнің қоңыраулы палуан деп отырғаны адам емес, піл екенін айтады.
– Пілмен қалай күресем деп уайымдама. Оның да әдісі бар, – дейді бұхарлық қазақ. – Қол күшің қалай еді? – деп сұрайды сосын.
– Жас сексеуілді алақанға қысып бұрағанда сөлін шығарушы едім, – дейді Құдайберген. Бұған бұхарлық қазақ риза болады.
– Пілдің қолға ілінетін жері тұмсығы ғана, бір мытып ұстап алсаң, бұрай бер, бұрай бер. Әйтпесе, сені табанымен таптап өлтіреді, – деп ақыл береді.
Ертеңіне күрес алаңына жұрт күндегіден көп жиылады. Төрешілер Құдайбергенді ортаға шығарып, қоңыраулы пілді босатып қоя береді. Хайуан шұбатылған тұмсығын жоғары көтеріп алып адамға бірден тап береді. Бұл жағдайда ештеңе істеуге болмайтын. Қозғалмай бір орнында тұрды да, піл бір-екі қадам қалғанда жалт берді. Бұл ақылды да бұхарлық қазақ айтқан еді. Мұны күтпеген піл ебедейсіз кері бұрылып, тұмсығын жерге салбыратты. Осы кезде әбжіл қимылдаған Құдайберген «Иа, Есабыз әулием, қолдай гөр!» деп тұмсықтан шап беріп, бұрай берді, бұрай берді. Тұмсығы ауырып, тынысы тарылған піл сәлден соң қос тізесін бүгіп, жата кетті. Мұны көрген хакімнің тұздай екі көзі ала тақиясынан бір-ақ шықты. Жұрт шулап кетті, төреші амалсыз Құдайбергеннің қолын көтерді.
– Бәйгеңді бүгін кешкілік аласың, – деді намыстан жарыла жаздаған хакім.
Бұхарлық қазақ Құдайбергенді тағы да үйіне апарып:
– Хакім саған бәйге бермейді. Ол бұл намысқа шыдамай сені өлтіртеді. Мына атқа мін де, еліңе қарай шап. Бұл саған менің берген бәйгем, – деп жалғыз атын Құдайбергенге мінгізіп, жанына ас-суын байлап, жолға салып жібереді.
Кейін естіп біледі. Бұхар хакімі қазақ саудагерлерін «сендер қашырдыңдар» деп базарға кіргізбей қойыпты, өзінің артынан қуғыншы салыпты.
Осылайша, Құдайберген палуанның «Пілмен күрескен Құдайберген» деген аты күні бүгінге дейін ел аузында аңыз болып айтылып жүр. «Алып анадан туады» деген, Құдайбергеннің анасы тоғай отынын жіппен теңдеп, иығына салып тасығанда өзі отыннан көрінбей қалады деседі.
Жаңақорған жерінде «Көктөбе», «Қаратөбе», «Қостөбе», «Келінтөбе», «Балапантөбе», «Абызтөбе» деген жер атау­лары бар. Бұл – жоңғар шапқыншылығы кезінде жаудың келе жатқанын хабарлап, төбе үстіне от жағып, түтін арқылы келесі төбедегілерге белгі беру үшін қолдан үйілген төбелер. Ортақ жауға қарсы тұру мақсатында істелген осы төбені Шиелі табанындағы абыздарды бастап барып, Құдайберген палуан үйгізген екен. Сол төбе «Абызтөбе» деп аталады. Халық айтса, қалт айтпаған. Бұл оқиғаның тарихта болғаны ақиқат.

ӘЖЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ
Бала күнімде әжем үнемі шыққан тегіміз жайлы әңгімелеп отыратын. Үлкен аталарымыз қандай болды, қай жерлерді мекен етті, немен айналысты? Естіген, білгендерін айтудан бір жалықпайтын. Сосын балаларының бір жақсы қасиетін байқай қалса, «сенің пәленінші атаң сондай кісі болған, сен соған ұқсағансың» деп отырады әлі күнге. Ал әкем тіліміз шыққаннан жеті атамызды жаттататын. Тек біздің үйде ғана емес, әр шаңырақта осылай болса керек.
Күздің қоңырқай кештерінің бірі, әжемнің әсерлі әңгімесінен кейін:
– Мен де Құдайберген атам сияқты үлкен палуан боламын ба сонда? – деп, інім Саят әжемнің тізесіне басын қойып, өзінің жетінші атасы жайлы айтқан әңгімесін құмарта тыңдап, еркелей, еліктей сұрайды.
- Е, Құдай жеткізсе боласың, құлыным!..
- Бойым анау теректей болып өсе ме, әже?
- О да ғажап емес, тірі жүрсең таудай биік боласың, тау көтерген Толағайдай еліңе пайдалы адам боласың, жарығым..., – деп бес жастағы немересін қанаттандыра түскені бар.
Әжеміз сан қайтара айтса да, еш жалықпай тыңдайтын әңгіме осы үлкен атамыз Құдайберген жайлы хикая еді. Біздің сүйсініп тыңдайтынымызды байқайтын әжем де немерелерім кімнен тарағанын білсін, шыққан тегін ұғынып өссін дей ме, айтудан бір жалықпайтын.
Қазақ «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан» деген сөздерді бекер айтпаса керек. «Тегін білмеген тексіз, жеті атасын білмеген жетесіз» немесе «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деп те баласының арғы тегін, жеті атасын жаттап, ұғынып өсуіне ерекше мән береді. Өйткені өткенді білмей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес.

Түйгеніміз. Қазақ халқы күрес өнеріне бір иығын беріп тұратын халық. Ата-бабамыз жиын-той, наурыз мейрамдары сол сияқты түрлі шараларда арнайы белдесу ұйымдастырған. Соның ішінен Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп Құтпанұлы сынды алыптар елге танылған. Жеңімпаз болғандарын халық көкке көтеріп, әр уақытта құрметке бөлеген. Қазақ тілек айтқанда «балаң батыр, балуан болсын» дейтіні де бар. Күні бүгінге дейін ерліктері ел аузынан түспей, ескерткіш орнатылып, батырлардың есімдері мәдени ошақтар мен көше атауларына берілген. Десе де Құдайберген Шақаұлының палуандық болмысын білетіндер некен-саяқ. Батыр бабаның рухты, қайсар қасиетін бүгінгі ұрпаққа насихаттап, жастарға үлгі ету аға буынға артылар жүк болмақ.

Гүлхан ЯХИЯ

15 ақпан 2022 ж. 585 0