Әдемі қартаю – бір бақыт
Біздің қазақта әдемі қартаю деген ұғым бұрыннан бар. Халқымыз қашанда өз биігін аласартпай, қадірін қашыртпай қартая білуді өнеге санаған. Егде тартқанда елге сіңірген еңбегің еленіп, халқыңның құрметі мен ағайынның сыйына бөленгеннен артық бақыт бар ма? Берем десе, патша Құдайдың пейілі кең. Ақ сақалды ата, ақ жаулықты әже атану алдымен Алланың сыйы болар. Сондай сыйға бөленген қарттар қазақта аз емес.
Бүгінде Талаптан ауылының қадірлі тұрғынына айналған ерлі-зайыптылар Шадман Құдайбергенұлы мен Рәзия Дүйсенбекқызын әдемі қартаюдың үлгісі деуге болады. Сөзімізге дәлел жуырда қос қария қажылық сапарға барды. Бұл сапар пенде біткеннің бәріне арман. Бес парыздың бірі. Маңдай тері төгілген бейнеттің зейнетін көру осы емес пе?
Бүгінде Талаптан ауылының қадірлі тұрғынына айналған ерлі-зайыптылар Шадман Құдайбергенұлы мен Рәзия Дүйсенбекқызын әдемі қартаюдың үлгісі деуге болады. Сөзімізге дәлел жуырда қос қария қажылық сапарға барды. Бұл сапар пенде біткеннің бәріне арман. Бес парыздың бірі. Маңдай тері төгілген бейнеттің зейнетін көру осы емес пе?
– «Алла Тағала сәтін салып жыл басында отанасы екеуміз қажылық сапарды өтеп қайттық. Меккеге барып, Қағбаны айналып, Қара тасты сипап, зәмзәм суынан ауыз тиіп, Арафат тауына табан тіреп, сәждеге бас ұрып құлшылық ету бақыты бұйырғанына Аллаға тәубе деймін. Әрине, жан-дүнием ерекше тазарып, жеңілдеп қалдық. Әр сапар сайын еліме денсаулық-тауфих, халқыма бейбіт өмір мен тыныш түндер тіледім. Мінезі дархан қазақ ұлтының перзенті болғанымды мақтаныш етемін. Құдайға шүкір, перзенттерім өмірден өз орнын тауып, адал еңбек етуде. Немерелерім көз алдымда өсіп келеді, – дейді қажы Шадман ақсақал.
Кейіпкеріміз Шадман Құдайбергенұлы – 1945 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол кішкене кезінен-ақ, әкесі Құдайберген мен асыл анасы Ақшабақтың арқасында еңбекқор болып өскен. Тіпті, мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі зор. Ата-анасымен бірге жастайынан еңбекке араласты, ел басына қиындық түскенде ағайын, ауылдастарымен қоян-қолтық өмір сүрді. Адамдардың қиналғанын, олардың тұрмыс-тіршілігіне қамқорлық дегеннің не екенін өз көзімен көрді. Еңбек еткеннің еңсесі биік болатынын ұқты. Содан орта мектепті бітіре салып колхоз жұмысына кіріседі. Аптап ыстықта, бет қаратпас боз боранда мал соңында жүру қиын шаруа. Бүгінгідей жағдай жоқ, ащы су ішіп, күні бойы мал соңында жүру кімге оңай тисін? Алайда, сол кезде малшыларға қолқанат болатын өзге жан да жоқ еді-ау. Шадман жон арқасына ауыр жүкті осылай арқалаған болатын. Әрине зайыбы да мал бағып, бірге еңбек етеді. Осылайша елімен етене араласып, колхозда қой бағып еңбекті адал атқарған, ағайын-туыстарға қамқоршы, құрбы-құрдастарына шынайы дос, әрдайым ақ сөйлеп, адал жүретін Шадман ақсақалдың жастық шағы өтеді. Ол қандай істі қолға алса да көзін таба білді. Соның арқасында биік белестерге көтерілді. Артына сөз ілестірген жоқ. Біртоға мінезді, сабырлы, салмақты, адалдықты бойына бойтұмардай берік сақтаған Шадман ақсақал айналасындағыларға беделді, сөзі өтімді болды.
Ол асыл жары Рәзия Ысқақовамен 1967 жылы шаңырақ құрды. Жұптары жарасымдылықпен жазылмай келе жатқан Шадман аға мен Рәзия апаның шаңырағында үнемі шаттық есіп тұрады. Аққудай жарасқан жұп жанұяда үш ұл, төрт қыз өсірді. Перзенттері жастайынан еңбекке, білімге ден қойып, белгілі мамандық иелері атанған. Жұбайының бабын жасап, үнемі жанынан табылған Рәзия Дүйсенбекқызы – «Алтын алқа» иегері. Адам баласы өмірді отбасы арқылы тани бастайды, яғни ең маңызды танымды отбасынан алады. Ата-анасы, бауырлары баланың өмірінде үлкен рөл атқарады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтылмаса керек. Еңбекпен өмірі өрілген шаңырақта өскен ұл-қыз ата-ана алдындағы парызын ұмытқан емес. Ұл-қыздары мен бауырлары бірлесе жүріп оларды қажылыққа аттандырды. Міне, осылайша өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі болып отырған Құдайбергеновтер әулетінің отағасы Шадман ақсақал мен отанасы Рәзия апа да мұсылманның бес парызының бірі – қажылықты өтеп қайтқан бақытты жандар. Бүгінде кіндігінен өрбіген жеті ұл-қыздан 30 немере, 12 шөбере сүйіп, бақытқа кенеліп отырған оларды алып бәйтерекке теңеуге болады.
Ш.Тілеубаев