Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Идеология жоқ: Үлкендеріміз ұялмайды, кішілеріміз қызармайды

Идеология жоқ: Үлкендеріміз ұялмайды, кішілеріміз қызармайды

Ия, мақтаншақ халықпыз. Оны қазір айтамын. Сосын бізде ұлттық идеология жоқ. Мемлекеттік ұлттық идеология болмай, тығырыққа тірелетініміз айдан анық. Осыдан отыз жыл бұрын басталуға тиіс идеология­мыз Кеңес заманының құйтырқы саясатымен бірге жұтылып кете барды. Рухани жаңғырамыз деп өз-өзімізді алдап жүргенде, көрші елдердің «шовонистері» аузына келгенін айтып, қазақ ұлтын кемсітіп, білгендерін істеп бақты.
Қазақ елінің ежелгі тарихи жеріне (территориясына) көз тігіп, біз солтүстік облыстарды Қазақстанға сыйға бергенбіз деп бөсті. Оның үстіне қақпамызды (шекарамызды) діни теріс ағымдарға ашып тастадық. Соның әсерінен ислам дініне жат дінсымақтар қаптап, экстремистік дәрежеге жетті. «Көп ұлтты мемлекетпіз» деп айта бердік, айта беріп оларды төбемізге шығардық, олар еркінсіп, жергілікті ұлт өкілдерін сыйламақ түгілі, араздыққа жол беріп қырқысып жатты. Оған да өз жігіттеріміз бен қыздарымызды немесе кемпір-шалдарымызды кінәләдік. Сонда не ұттық? Аз қазақ сонда не істейді? Ол үшін ұлтымыздың бірлігі мықты, тірлігі тиянақты болуы керек. Қазаққа тән тәрбие, өнеге, үлгі-үрдістері, тілі, ділі, діні қалыптасып, ұлттық ­иделогиямыз болуға тиіс. Бұлай етпейінше жастарымыз әр елдің салтына еліктеп, не ойласам, не істесем де өзім білемін деп, көбісі қазақы болмысынан жұрдай бола бермек. Өздерінің ана тілін білмей жатып, ағылшын, орыс тілдеріне құмар тобыр пайда болды. Олар бүйтіп қайда барады?
Қазақ ұлтты ауызға алсақ «ұлтшыл» деп зәремізді ұшырып қойған Кеңес заманы келмеске кетті. Біздің мақсатымыз – өз ұлтымның қадір-қасиетін сақтап, ұлттық мемлекетімізге адал қызмет ету, бұрынғы ұлтшыл деген сөзден жасқанбай, ұлттық идеясы бар жаңашыл, жаңа мемлекетшіл, Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Сосын тәуелсіз елміз деп айтқанымызға да 30 жыл болыпты. Бостандықтан азат елге, тәуелсіз мемлекетке айналғанымыз рас. Енді осы тәуелсіздікті еске сала бергенше, қазақтың дербес деген әдемі сөзін төртінші он жылдықта пайдалана бастасақ деген ой мазалайды мені. Сонда Қазақстан дербес мемлекет, ол тәуелсіздікті осыдан отыз жыл бұрын, әлде қашан алып қойған дегенді ұрпақтарымыз да санасына құя берсе деген жеке пікірім еді. Қазақ елімнің болашағы үшін күрескен Алаш қайраткерлері таза саяси күреспен ғана айналысқан жоқ. Тарихқа үңілсек олар ағартушылықпен де шұғылданды «Оян, қазақ» – деді. Олардың барлығы дерлік қазақ тілі мен ділі, әдебиеті мен мәдениеті, ғылым мен білім жайлы, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлері аясында айтатындарын айтып кетті. Халқымызды иманды болуға, ұлт жанды азамат болуға шақырды. Олар ұлттық сананы жаңғырту үшін аянбай еңбек етті. Сол жолда жандарын пида етіп, шетінен атылып, асқан рухтарын өздерімен бірге жер қойнына тапсырды. Арыстарымыз, алыптарымыз қазақ халқының ертеңі үшін арпалысты. Біз қазір алыптардың денгейінде айналып-толғанып отырғанымыз шамалы, ол биікке жету қайда? Әлі күнге арман болып отыр.
Мемлекеттік тілдің жайы да мәз емес. Қоғамда мемлекеттілік, мемлекетшілдік, ұлтшылдық деген ұғымдар теріс ұғымда, түсініксіз сөздер мағынасында қаралатын секілді. Үкімет, министрлер, мемлекеттік қызметкерлер жаппай көрші елдің, Ресейдің тілінде сөйлесетін болса, онда мемлекеттігіміз қайда қалады? Қазақ халқын толғандыратын басты сұрақ та осы тіл мәселесі. Тілі жоқ мемлекет бола ма? Сая­­сат, саясат деп жүріп, мемлекеттігімізден айырылып қалсақ, ең өкініштісі сол болмақ. Біздің, ардагерлердің ең ұлы мақсаты – қазақ мемлекетін нығайту, дербес мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалу. Ол үшін барша қазақстандықтардың бойында мемлекетшілдік қасиет болуы шарт. Қазақ тілінен шошынғандар, ұшынғандар өздерінің қай мемлекетте жүргенін сезінуі, білулері тиіс. Оның халқын да, тілін де сыйлап, су ішіп отырған құдықтарына түкіріп кетпеулері керек.
Қаңтардағы қанды төгіс мемлекетімізге қауіп төндірді. Бұл қазақ елі үшін тағы бір тәрбие сағатындай болды. Енді жаңылыссақ бізді тарих кешірмейді. Біздің жақсы мен жайсаңдарымыз кешегі оқиға кезінде де үндемей қалды. Әліптің артын баққандай. Бойларында сұмдық, қулық сияқты жат қылықтары барлар жемқорлыққа белшесінен батып, Отандарын сатуға дейін барды. Ізгілік пен ізетті ұмыттық. Адалдық, шыншылдық, туралық, адамгершілік, намысшылдық қазақи мінезімізден аулақтай түскендей. Қазіргі қазақ қоғамындағы ең жаман ауру – мақтану, мақтаншақтық, мансап қуу, мансаптану, ең сорақысы жағымпаздық. Үлкендеріміз ұялмайды, кішілеріміз қызармайды. Мақтаншақ адам байысам дейді. Басқадан алсам дейді. Ал жағымпаздарда тазалық, әділдік болмайды. Жалған сөйлеп, өтірік айтады. Әңгімесін өзгені жамандаудан бастап, күні түскен адамына жағына түседі. Содан ләззат алып, рақаттанып жүреді. Осы мақтаншақтықтың зардабын спорт саласында да көріп келеміз. Кейде олимпияда, дүние жүзілік жарыстарға түсіп жатқан боксшы, палуан жігіттерімізді теледидардағы коментаторлар мақтай береді. Мақтап отырған спортшысы ұтылып қалады. Жеңімпаз атанғаннан соң мақтасақ та үлгереміз емес пе?
Қоғамдағы мақтаншақтығымыз өз алдына бір төбе. Анқаулығымызды сезе ме, қазақтарды өзге ұлт өкілдері қонақжай, кіші пейіл, қолы ашық, бауырмал, кісілік жасамайды деп мақтап жатады. Құрғақ сөзге жан семіртіп отыратынымыз тағы бар. Дұрыс та шығар. Бірақ Абай Құнанбайұлы ол нәрсенің барлығын, «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ – бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз» деп айтып кетті емес пе? Тағы да ұлы ойшылдарымызды жағалап, кітаптарын шолимыз. Осы ұлы Абайдың бауыры Шәкәрім Құдайбердіұлы 1932 жылдары, «менің өскен айналам қандай? Көргенім не? Осыны сендер білмейсіңдер. Айналам – дау-жанжал, өтірік, ұрлық, қанау, талау, надандық, жуандық-зорлық, мақтан, мансап құмарлық, партия, озбырлық, қорқаулық, жалқаулық, ұрыс-төбелес, міне, менің көрген-сүрген өмірім. Мен осылармен жағаласып, араласып өмірімді өткіздім. Олармен жеке басым үшін алысқаным жоқ. Өз басымның тыныштығын ойлаған болсам, байлық, мақтан, мансапқа ие болып, мықты жуан деген атаққа қолым жетіп, шалқып өмір өткізер едім. Арым, адамшылығым мені оған апармады» деген екен. Міне, сол Шәкәрім заманында қазақ қоғамын жайлаған жат мінездермен озбыр қисықтар араға ғасыр салып жалғасып келеді. Аллаға шүкіршілік жасаймыз. Қазіргі оқыған, сауатты, білімді, ақылды деп жүрген мемлекеттік қызметшілер не істеп жүр? Арамдықпен, айла-тәсілмен, қиянатшылдықпен, ар ұяттан безіп, халақтың несібесін ұрлап, мемлекеттің қаржысын тонап, сыбайлас жемқорлық індетінен арыла алмай, жазыла алмай келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа Қазақстан құрып, қоғамды түбірімен өзгертуді қолына алды. Өте орынды. Біздің ұлттың болмысы бойындағы өжеттілік пен қайсарлық, төзімділік пен мейірімділік, табандылық пен сенімділік намысшылдық пен ызақорлық қасиеттерімен ерекшеленеді. Қазақтың осындай керемет қасиеттерімен ұрпағымыз жаңа серпіліске түсіп, Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанның, өркениетті елміздің нағыз қолдаушы, жасампаз азаматтары болып шығар еді.
Қазақ халқының қамын қазақтардан бетер ойлап кеткен, неміс ұлтының өкілі, жазушы Герольд Бельгер ақсақал кезінде, «... қазақ айталық америкалық, ағылшын немесе француз, тіпті іргедегі орыс болуға ұмтылмаулары керек. Қазақ болып қалу жағын көбірек ойлау керек. Егер мұны істемесең, туған тіліңнен, тарихыңнан, мәдениетіңнен, дініңнен бір жолата айырылып, дүбәрә күйге түсесің...», депті. Бұл неміс атамыздың қазақтарға айтқан көптеген аталы сөздерінің бірі ғана. Оқисыңда ұяласың, қынжыласың. Ұлттың қамын ойлауға мәжіліс депутаттары мен сенаттағы халық қалаулыларының бірең-сараңы болмаса, сайлаудан кейін халықты ұмытып, білседе-білмеседе орысша сөйлеп, не айтса соған бастарын шұлғып отыратынын қайтерсің. Қазақ тілі қазақ ауылдарына ғана керек, шаруалар ғана қолданылатын тілге айналып кеткелі қашан. Тәртіпсіздік, жүгенсіздік, өз ұлтының тілін менсінбеу, қорлауы, біздің ұлттық тәрбиенің әлсіреуінен, ұлттық идеологияның дұрыс жүргізілмеуінен деп ойлаймын. Жалпы жастар тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі бүгінгі күні қоғамда орын алып жатқан түрлі қолайсыз жағдайлардың азаюына септігін тигізіп, азаматтарымыздың Отансүйгіштік қасиеттерін нығайта түседі. Олардың мемлекетімізге мемлекеттік көз қарастары артады. Қара халыққа көзжұмбайлық жасамайды. Ұлттық тәрбиенің, ұлттық иделогияның да күші, қажеттілігі сонда жатыр.

Өркен Исмаил,
ҚР журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
04 ақпан 2022 ж. 302 0