Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар неге әскерден жалтарады?

Жастар неге әскерден жалтарады?

«Қаңтар қасіреті» қоғамда қордаланып қалған біраз түйіткілдің бетін ашып берді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қорғанысымызды қамтамасыз етеді деген әскердің әлеуетіне Президент тарапынан біраз сын-ескертпелер айтылды. Қорғаныс саласының қызметін қайта жүйелеп, кешегідей бүлік кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендігімізді сақтап қалуға барынша жұмыла жұмыс істеуі тиіс екендігін күштік құрылым басшыларының қаперіне салды. Әсіресе, жастарды әскерге тарту мәселесіне ерекше назар аударып, әскер қатарында қызмет ету айрықша миссия екенін алға тартты.
«Көптеген жас азаматтарымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деп аға буынды жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге шақырды. Сайып келгенде, мұның бәрі кешегі өтпелі кезеңде экономиканы көтереміз деп жүріп, идеологиялық жұмыстарды ысырып қойғанымыздан туындап отырған жағдай. Енді осы олқылықтың орнын қалай толтырамыз? Жастардың әскерге деген ынтасын қалай арттыруға болады?
Тәуелсіз ел үшін ең маңызды нәрсе – ол қауіпсіздік. Әлемдік аренада мемлекеттердің мықтылығы ғылым, мәдениет, экономикамен қатар, әскери күшпен де өлшенетіні мәлім. ҚР Қарулы Күштері жүйесінде 18 жас­тан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген. Алайда, соған қарамастан еліміз әскер саны бойынша 133 елдің ішінен 57 орында тұр. Мұны елдегі адам санының аздығымен түсіндіруге болады, онымен қоса әскерге барушылар саны азаюда. Жыл сайын міндетті қызметке 16000 адам шақыртылса да, шақыртумен барушылар әскердің тек 30%-ын құрайды екен. Яғни, жоспарланған жасақ құрамына жетпей келеді.
Жастардың көпшілігі әскерге барғысы келмейді. Оның орнына 40 күндік ақылы әскери қызмет түрін оқып алады. Тіпті бармау мақсатында түрлі жемқорлық әрекеттерге барып, өтірік анықтама жаздырып алу фактілері өршіп тұр. Алдымен қазіргі жастар азаматтық борыш деп есептелетін әскери қызметтен неге қашады? Бірге жауап іздеп көрелік.
Жас жігіттер әскерге барған кезеңде көптеген мүмкіндіктерді жоғалтамыз деп ойлайды. Мұны бір деп қоялық. Яғни, қатарластары оқу-білім, мансап құрып жүргенде, әскерде жүргендер құр қалады деген ой көп кездеседі. Бірақ көптеген жұмысқа кіру кезінде әскер билеті міндетті екенін ұмытпаған жөн. Білім алу немесе отбасының жалғыз асыраушы болғанда, т.б. төтенше жағдайларда қызметті өтеу мерзімін кейінге қалдыра тұруға болады.
Әскерден жалтарудың екінші себебі – көпшілік қазіргі заманда әскердің маңыздылығы жоқ екенін айтады. Америкадағыдай еркіндікті, тек өз еріктерімен баратын келісімшарт негізіндегі әскери қызметті қалайды. Оның үстіне әскери жасақталуы мықты 10 мемлекеттің 8-інде әскери қызмет міндеттелмеген екен. Солай болған күннің өзінде де әскери база қалыптастыру керек. Кеше ғана ел басына қауіп төндірген террорлық оқиға орын алды. Осындай төтенше жағдайларда әскери жасақ өте маңызды. Әскер тапшылығы орын алып, көп адамдар бармай жүрген қоғамда әскерді міндеттемесек, халіміз тіптен мүшкіл болады. Қазақстанның ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) құрамында болғандықтан, осы ұйымның құрамындағы өзге елдерде келеңсіз жайттар орын алған кезде, ол мемлекет Қазақстаннан белгілі бір мөлшерде әскер алдыруға құқылы. Осы жайтты да ескерген абзал.
Ал әскерден жалтарудың ең басты себебі – жас жігіттер әскери қатаң өмірден қорқады. Еркін қоғамда өскен бала бұндай қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткергеннен гөрі әскери кафедраларға барып қайтқанды мақұл көреді. Бірақ жастарды кінәлай беру орынсыз. Қазіргі таңда қоғамда әскердегі қысым, зорлық, қылмыс жиі айтылады. Әскерге сап-сау аттанған азаматтың мүгедек не мерт болып оралғанын да көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Мемлекет тарапынан жастарды әскерге үгіттеу, жігерлендіру, әскери өмір зорлық емес, нағыз азамат болып, шыңдалатын орта екеніне сендіретіндей шаралар да жоқтың қасы. Осы орайда елімізде әскерден келушілерге өзгелерге қарағанда белгілі бір үстемділік қарастыратын идеология қалыптасса деген ұсыныс та бар. Сонда жастар көптеп баруға бел буар ма еді? Содан соң сарбаздарды қара күш немесе «дедавшинаның құрбаны» ретінде пайдалану емес, кәсіби деңгейде өсіру маңызды. Мылтық ұстап, оны шашып-жинауды мектептегі алғашқы әскери дайындық сабақтарында да үйретеді. Сондықтан кәсібилікке көңіл бөлген абзал. Бір жыл бойы қара жұмыс ретінде жүрген адамда міндетті түрде рухани құлдырау байқалады, қазіргі таңдағы «дедавшинаның» өршуі де осыдан. Жыл сайын әскер саласына елімізде бірнеше миллиардтап ақша құйылады. Ендеше Қазақстанның бұл өзгерістерді жүзеге асыруға жағдайы жетеді.
Үлкендер «әскер – өмір мектебі» деп жатады. Ардагер Ағайдар Жұмағұловтың айтуынша, әскерге бару әрбір қазақстандық азамат үшін абыройлы міндетке айналуы тиіс.
– Біздің заманымызда жігіттер әскерге бармаса, қыздар менсінбей, тұрмысқа шықпайтын. Әскерден қашу деген әңгіме болған емес. Ал біз бала күнімізден солдат болып ойнап өскен ұрпақпыз. Отан қорғау ұлы мақсаттарымыздың бірі болды. Кеңес Одағының кезінде әскерге шақыру идеологиясы да мықты еді. Заман өзгергенімен де, еліміздің Қарулы күштері, Ұлттық ұланы бар.
Әскери міндетті өтеу мерзімі де 1 жылға қысқарды. Қазір мектептерде кадет сыныптары ақсап тұр, әскери-патриоттық тәрбие беру жоқтың қасы. Балалар денсаулығының медициналық тексеру кезінде ақсап жатқанына күнделікті тұтынатын тағамдардың да әсері бар. Соның бәрі денсаулықты құртады. Одан кейін балалар кішкентай кездерінен смартфонға шұқшиып, көзінен айырылып жатыр. Бұл да қоғамымыздағы ең түйткілді мәселелердің бірі, – дейді ардагер. Иә, дәрігерлер де әскерге шақырылғандардың тең жартысының денсаулығы дімкәс екенін айтады. Бұрындары майтабан, белдің қисаюы сынды ауру белгілері белең алса, қазір көбінің көру қабілеті кеміген.
«Қара бет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық» дейді Бауыржан Момышұлы. Ата Заңымыздың 34-бабында «ҚР қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті» екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз.

Гүлхан ЯХИЯ

01 ақпан 2022 ж. 973 0