Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрманғазы домбырасының көшірмесі музейге табыс етілді

Құрманғазы домбырасының көшірмесі музейге табыс етілді


Дәулескер күйші Құрманғазы домбырасының көшірмесі  Алматы музейіне табыс етілді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Екі ғасырға жуық тарихы бар  аса құнды жәдігер Астрахань облысындағы Құрманғазы атындағы мәдени орталықта сақталып тұр.  Бүгін Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне сол домбыраның көшірмесі сыйға тартылды. Одан бөлек Атырау және БҚО өңірлік өлкетану музейлерінен Дина Нұрпейісованың камзолы мен белдігі, Құрманғазының шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасының түпнұсқасы берілді. Салтанатты шараға қатысқан Бауыржан Байбек құнды жәдігерлерді өз қолымен қабылдап алды. Айтулы шара Құрманғазының 200 жылдығына орай ЮНЕСКО шеңберінде өткізілді.
"Қазақ мәдениетіне өлшеусіз мұра қалдырған Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай ҚР МСМ мен Алматы әкімдігі маңызды шара ұйымдастырып отыр.  Құрманғазы бабамыз өзі жатқан Астрахань облысынан,  БҚО, Атырау облысынан делегация келіп жатыр. Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі  мен Ықылас атындағы халық аспаптары музейінің арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды", - деді оркестрдің  директоры Нұрғиса Дәуешев.
Мәдени шара күй кешіне жалғасты. Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің домбырашылар құрамы Құрманғазының бірнеше күйін орындады.
  «Құрманғазы - тек біздің ғана рухани мұрамыз емес, бүкіл әлемге танылған тұлға. Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтуде. Осыған орай Астраханьдағы Құрманғазы атындағы мәдени орталық пен Орал, Атырау өңірлерінен тарихи өлкетану музейлерінің ұжымын шақырып отырмыз. Біздің мақсатымыз  осындай мәдени шаралар арқылы Құрманғазының 200 жылдық мерейтойының мазмұнын аша түсу. Біздің басты міндетіміз Құрманғазы шығармашылығын, домбырасын, шәкірттерінің мұрасын, халыққа қалдырған күй мұрасын жиынтықтай отыра насихаттау, дәріптеу, жаңғырту ұрпақ санасында сақтауға барынша үлесімізді қосу болып табылады», - деді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынова.
inform.kz
05 сәуір 2018 ж. 3 037 0