Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің өңірлерінде газ бағасы қандай?

Еліміздің өңірлерінде газ бағасы қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Global Petrol Prices зерттеу орталығы Қазақстан сұйытылған газ бағасы арзан ел екенін айтты. Осыған орай еліміздің өңірлеріндегі газ бағасын зерттедік. Сондай-ақ өзге мемлекеттермен бағасын салыстырдық.

Қазір Қазақстанда сұйытылған газдың литрі 110 теңге. Әзербайжанда 166, ал Ресейде 182 теңгеден асады. Қырғызстанда - 202,29 тг/л, Беларусьте - 211,77 тг/л, Грузияда - 274,96 тг/ л, Украинада - 302,97 тг/л. Ал газы әлдеқайда қымбат мемлекет – Украина. Мұнда сұйық отынның әр литрі 303 теңгеге жуық.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев АИ-92 бензинінің бағасы литріне 182 теңге болса, ТМД елдерінде нарықтық құны литріне 127 теңгені құрауға тиіс екенін айтты. 
2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары митингке шығып, үкіметке бейнеүндеу жолдады. Олар өңірде газ бағасы 120 теңгеге дейін қымбаттағанына наразылық білдірді. Жаңаөзендіктер ең төменгі жалақы мөлшеріне сәйкес бағаны 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етті.
Маңғыстау облысына сұйылтылған газ жеткізудің қаңтардағы орташа көтерме бағасы 133 126 теңге/тонна немесе 78 теңге/литр құрады. Бұл ретте Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында бөлшек сауда бағасы 100-120 теңге/литр болды. Атырау облысында - 115 теңгені, Оралда - 120 теңгені құрайды.
Қарағанды облысында ортақ тариф әр текше метріне 40 теңге 94 тиын болып бекітілген. Айта кету керек, 2035 жылға дейін облыстағы 145 елді мекенінде тұратын 1 миллион 200 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен толық қамтылмақ. Ал сұйытылған газ өндіретін заңды тұлғаларға шекті баға бір текше метріне 46 теңге.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары келесі жылдың шілдесіне дейін  көгілдір отынның әр текше метріне 31 теңге 56 тиыннан төлейді. Бұл осы уақытқа дейінгі тарифтен 3 тиынға төмен.
2021 жылдың 1 шілдесінде өзгерген газ тарифы:
* Нұр-Сұлтан – мың куб метрге 34 187,63 теңге (10,6%-ға өсті);

* Алматы – мың куб метрге 28 326,66 теңге  (7,76%—ға қымбаттады);

* Шымкент – мың куб метрге 28 181,32 тенңге (0,09%-ға арзандады);

* Алматы облысы – мың куб метрге 28 321,1 теңге (7,36%-ға өсті);
*  Ақтөбе облысы– мың куб метрге 9 736,01 теңге (8,67%-ға өсті);

* Атырау облысы – мың куб метрге 7 963,34 теңге (9,54%-ға өсті);

* ШҚО – мың куб метрге 10 020 теңге (тариф өзгерген жоқ);

* Жамбыл облысы – мың куб метрге 24 592,6 теңге (7,81%-ға өсті);
* БҚО – мың куб метрге  17 218,8 теңге (11,85%-ға өсті);

* Қостанай облысы – мың куб метрге 22 317,99 теңге (7,97%-ға өсті);
* Қызылорда облысы – мың куб метрге 17 558,83 теңге (5,92%-ға арзандады);

* Маңғыстау облысы – мың куб метрге 9 964,13 теңге (12%-ға өсті);

* Түркістан облысы– мың куб метрге 28 181,31 теңге (0,09%-ға арзандады).
Соңғы 5 жылда елді мекендерді газдандыруға бөлінген қаражат көлемі 5,4 есеге ұлғайды. Бұл елді газдандыру деңгейін 8%-ға арттыруға мүмкіндік берді. 2021 жылы Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен 146 жобаны іске асыруға 51,3 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Бөлінген қаражатқа биыл 46 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 1,8 мың км газ желілерін салу жоспарлануда.  Бұл елді газдандыру деңгейін 55 пайызға  жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша 10 388 мың адам газға қол жеткізетін болады.
Бүгінгі таңда еліміздің солтүстік және шығыс өңірлері газсыз қалып отыр. Қазіргі уақытта аталған өңірлерді газдандыру мәселесін шешу үшін - «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыру, Ресей Федерациясынан магистральдық газ құбырларын салу жұмыстары қолға алынады.
04 қаңтар 2022 ж. 557 0