Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Барыс жылына болжам

Барыс жылына болжам


Алдан үміт пен жаңалық күтетін халқымыз қашанда жақсылыққа сенеді. Сол себепті «өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп өткенге салауат айтып, келешекке жарқын үміт артады. Алдағы Барыс жылы еліміз үшін қандай жыл болмақ? Көпті алаңдататын сауалға ғаламтор беттерінен жауап іздеп көрген едік.
Тарихқа сүйенсек, Барыс жылы халықтың басынан бірқатар қиындық өткен. Қазақ халқының күнтізбелік білімінде бұл жыл жайлы болып есептеледі. «Халық Барыс жылында қоғамда үлкен өзгерістер болады деп күткен» – дейді тарихшылар. Бұл орайда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске түсірсек те жетеді. Тәуелсіздікке апарған батыл қадам екенін ешкім жоққа шығармас.
Барыс жылы еліміз үшін табысты, берекелі болады. Нумерологтардың болжамы осыған саяды. Әсіресе логистика, туризмнің дамуына оңтайлы жыл. Нумеролог Құралай Бақытқызы Барыс жылын жақсылыққа жорып отыр. Оның айтуынша, алдағы келе жатқан жылы қазақстандықтардың кірісі көбейеді. Елімізге инвестиция тартуға еш кедергі болмайды. Импорт пен экспорт еселенеді, яғни әлеуметтік-экономикалық әлеует артады. Алайда, нумеролог су апаты болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Әйгілі көріпкел Ванганың болжамында 2022 жылы әлемдік экономика жақсарып кетпейді. Ресей мен Еуропа арасындағы дау күшейе түсіп, Ресей батыстық қаржылық технологиялардан толығымен бас тартуы мүмкін. Ванганың айтуынша, адамдар ақшасыз-ақ байып кетеді. Бұл жерде қағаз ақшаның орнын толығымен электронды  ақша басатынын болжаса керек-ті. Әлемді жайлаған пандемия адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, байланысқа, сенімге де әсер ететінін айтып кеткен екен. Оның болжамынша Барыс жылында кейбір елдер арасындағы дау-дамай ушығуы мүмкін.
Жалпы жылдың саны – «6». Демек, бойдақтардың бас құрауына, халықтың мүлік иеленуіне және ақша жинауға қолайлы кезең. Айтпақшы, су барысы көк түсті жақсы көреді. Жаңа жылды қою көк киіммен қарсы алсаңыз, молшылыққа кенелесіз. Сондай-ақ, болжамшылардың сөзінше 2022 жыл көп адамды төзімділікке, шыдамдылыққа сынайды.
Нумерологияда «6» – бұл күшті сан. Негізгі сипаттамалары – қаржы, әл-ауқат. Сонымен қатар бұл санды еңбекқорлықпен байланыстырады. Ақылға қонымды шешімдер қабылдап, сенімділік пен батылдық танытатындар үшін сәтті жыл. Әсіресе жұмысқа және кез келген бастамаларға күш салу керек. Сәттілікке немесе кездейсоқтыққа сенуге болмайды. Экономикалық құлдырау мен тоқыраудың орын алуы да мүмкін. Сондықтан шығындардан сақ болуға және нақты талдауға сәйкес әрекет етуге шақырады.
Барыс өжеттілік пен қайсарлықтың символы болғандықтан құр қиялдауды ұнатпайды, жалқаулықты кешірмейді. Агрессия мен немқұрайлылықтан аулақ болуды да ескерген жөн.

«Сыр бойы»
01 қаңтар 2022 ж. 205 0