Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтық ажарына елі сүйсінген тұлға еді

Азаматтық ажарына елі сүйсінген тұлға еді

Жуырда, қарашаның қара суығында, аздап науқастанып жатқан мені орнымнан тұрғызған қаралы хабардың бір тәуліктің ішінде үдеп кеткені сонша, сағымды сындырмаса да, едәуір есеңгіретіп тастады.
Таңертең «бауырыңыз Биғанша апа дүние салды» деген хабар жетісімен, жеңіл машинамен жолға шықтық. Тараздан өте бере «Апа, ағаңыз Жұмағали аға қайтыс болды» деп тағы да телефон шалынды. «Алла алдарынан жарылқап, имандарын жолдас етсін» деп көз жасымызға ерік беріп, Түркістаннан да астық. Тағы да телефон безілдеп қоя берді.
Артта отырған балалар у-шу боды. Бір кезде олар: «Сіңліңіз Мәрия да кетіп қалыпты. Қан қысымы көтеріліп, «Жедел жәрдем» келгенмен үлгермепті»,- деді. Менің екі құлағым шыңылдап, көзім бұлдырай берді. Есеңгіреп үйлеріне жеткенде, «Жедел жәрдем» апамның еікніш келіні Маржанды алып кетті. Есіктің алдында жүрген үлкен-кішісі бар, 30-40 шақты адам - апамның балалары, келіндері, немерелері әбден шошып, үрпиісіп қалған. Алматыдан Шиеліге жеткенше көзім құрғамаған маған мына жағдай қатты әсер етіп, аяқтарымды басуға шамам келмей қалды. Ішімнен «Фатиха», «Ықылас» сүрелерін қайталап тұрып:
«Бұл менің нағыз қасіретнамам шығар» деп ойладым.
Ертеректе дана билеріміз:
Өлім - асусыз тау,
Кімнің бауыры сау?
Пұлсыз берді,
Құнсыз алды,
Оған не дау?
Бізге аяулы,
Алушыға да қалаулы, - деп елді жұбатса, «Өмір сүруге лайықтының бәрі – өлімге де лайық», - деп Ф.Энгельс ой түйіндеген екен.
Дана халқымыз:
Жылқыда да жылқы бар,
Қазанаты бір бөлек.
Жігітте де жігіт бар,
Азаматы бір бөлек, - демеуші ме еді. Сондай-ақ, тай-құлындай тебісіп, балалық шақт арында бірге ойнап, бірге өскен қарындасы Биғаншамен бір күнде дүние салған менің Жұмағали ағам бітім-болмысы ерекше, адамгершілік пайым-парасаты биік, азаматтық ажарына дақ түсірмей кеткен ардақты тұлға болатын.
Халық арасында ежелден келе жатқан қара өлеңнің бірінде:
Күнде алшы түсірсең де асығыңды,
Көрмейді жат жер сені тасы құрлы.
Шеңгел де өз жерінде дүркірейді,
Әркімнің өз елінде басы құнды, -
деген өлең жолдары сақталған екен.
Бүкіл өмірін, білім-білігін, қажыр-қайратын туған жеріне арнап, елінің көркейіп-өркендеуіне еңбек сіңірген беделді азамат Жұмағали Оралбайұлының жарқын бейнесі Тартоғай тұрғындарының жүрегінде сақталары анық.
Өйткені, ол алтын бесігінен алшақтамай, тұғырлы елінен тамырын үзбей, күллі тыныс-тіршілігінің мәні де, сәні де елінде екенін жүрегіне түйіп өскен. «Қабырғалы елің болғай, қара нардай жерің болғай» деген бабалар өсиетін ту етіп есейген ауылдың ардақты азаматы еді.
Жұмағали Оралбайұлы 1937 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданы Тартоғай елді мекенінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебін бітіріп, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетін ойдағыдай аяқтаған соң, арнайы жолдамамен Павлодар облысында математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Отан алдындағы борышын Новосибирскіде өтеп қайтқан жас маман елге оралып, сексеннің сеңгіріне шыққанша туған жеріне тер төккен.
Ол орта мектепте пән мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, совхоздың кәсіподақ ұйымының председателі, партия комитетінің секретары сияқты өте жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, атамекенінің өркендеуіне зор үлес қоса білді. Оның ауданның білім беру саласы мен ауыл шаруашылығы, экономикасы мен мәдениетін дамытудағы еңбегі әр жылдары үкімет, облыс, аудан тарапынан бағаланып, түрлі марапаттар мен мадақтауларға ие болды.
Табиғатынан алғыр Жұмағали аға зейнеткерлікке шығысымен өз бетінше араб тілін үйреніп, ауылдағы мешітте имам болып бірнеше жыл еңбек етеді. Өзінің әкесі Оралбай әкеміз өз заманында діни сауатты, өте ұқыпты, адал жан болатын. «Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтпаса керек, араб тіліне деген қызығушылығы, дінге деген адалдығы сол өз жанұясынан басталса керек. Ол кісі мешітте имам болып жүргенде, біз сыртынан қуандық. Өйткені, Жұмағали аға бүкіл болмысымен, мінез байлығымен, парасаттылығымен осы іске өте лайықты еді. «Ақсақалдық жасына жетіп, ақиқатты айтпасаң, абыройлымын деме» дегенпікір бар ел ішінде. Жұмағали аға ақсақалдық жасына әдемі болып жетіп, әлбетте ақиқатын айта білетін еді. Өмірлік серігі Тұрғанкүл жеңгемізбен екеуі ел ішінде, өз орталарында жанұя мәдениеті мен әдебін үлгі-өнеге еткен жандар.
Ол Оралбай мен Нысанбай әулетінен тараған бүкіл ағайынның бетке ұстар асыл азаматы, шын мәніндегі қамқоры, өмір жолы өнеге, елін, жерін сүйген өрелі ақсақалы болып дүниеден озды.
Асқар таудай аға орны бөлек екен,
Жан еді тектілігі төремен тең.
Көркем мінез, көрікті Жұмағали,
Халқына қалаулы еді жөні бөтен.

Оралбайдың үш ұлы – үш бәйтерек,
Тартоғайдың перзенттері еді зерек.
Қалмағамбет, Палмағамбет, Жұмағали,
Кетті олар ізгілікке елін бөлеп.

«Кенжетайым» деп әжем еркелеткен,
Жұмағали білім қуды ерте көктеп.
Ағаның жан дүниесі, тазалығы
Еліне ерекше оны сүйкімді еткен.

Қайда оны үкімет жұмсамады?
Дөңгелентті тірлігін әр саланың.
Тұрғанкүлмен шуақты өміріне,
Ұрпағына ел-жұрты тамсанады.

Қош бол, Үмбет, Сырымбайдың ұрпағы,
Оралбай мен Нысанбайдың ортағы.
Ұл өсірген ұлықты, қыз өсірген қылықты,
Қош бол, аға – Асхатым мен Мақсатымның қалқаны!

«Туыс» деген кім десе, сені ойладым,
«Бауыр» деген кім десе, сені ойладым.
«Аға» деген кім десе, сені ойладым,
Қош бол, аға, баға жетпес саңлағым!

Қарындасы Гүлқадиша
Нысанбаева,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Республикалық тұңғыш «Жыл директоры» байқауының жүлдегері,
Ы.Алтынсарин, М.Шоқай медальдарының иегері

21 желтоқсан 2021 ж. 975 0