Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз берерде қолхатты қалай жаздырған дұрыс?

Қарыз берерде қолхатты қалай жаздырған дұрыс?

Қарыз беру кімге болсын сауапты іс. Жақын туысынан, дос-жаранынан қолдағы барын аяп қалатын ағайын жоқ. Бірақ қарыз берудің де өзінің мәдениеті, жауапкершілігі мен арқалар жүгі барын ұмытып кетеміз. Соның кесірінен қарыз беруші жапа шегіп жатады. Қарыз берген адамы аяқ астынан жоғалып, алған ақшасының кейде толық бермей, түрлі сылтау тауып, қоян ізін салып кетеді.
Ендеше қарыз беруші өз құқығын қорғау үшін не істеуі керек? Әрине, ең алдымен қолхат жаздырып алуы қажет. Ең тиімдісі – нотаруиске барып тұрып қолхат жаздырған. Бірақ оған кез келгеннің уақыты, жағдайы мен мүмкіндігі келе бермейді. Сондықтан қолхатты жазбаша жаздыруға бекінеді.
Қолхатты жазарда заңгерлер ұсынған басты 4 кеңесті есте ұстаңыз.
1. Қарыз беруші мен қарыз алушының төлқұжаты мәліметтері қолхатта толық жазылуы тиіс. Оны екі тарап та тексеріп алсын. Төлқұжаттың көшірмесін алып алған да жөн.
2. Қарыздың берілгені күні мен қайтарылар уақыты нақты жазылуы тиіс. Бұл міндетті.
3. Қарыздың сомасы теңге валютасымен жазылғаны жақсы. Өйткені Қазақстан Республикасы аумағында негізгі төлем құралы теңге валютасы қабылданған. Бірақ қарызды шетелдік валютамен де беруге болады. Басқа амал болмаса. Бір ескерер жайт, соттасқан жағдайда қарыздың сомасы шетелдік валютадан теңге валютасына алмастырылып есептеледі.
4. Қарыз алған адам қолын қоюы керек.
Міне, осы төрт пунктіні толық орындаған абзал. Қолхаттың қалай жазылғаны маңызды емес. Ішінде әріптік қателер кетуі, заңдық терминдерсіз қарапайым тілмен жазылуы мүмкін. Белгілі бір формаға салынып жазылмауы да мүмкін. Мұнда тұрған еш әбестік жоқ. Өйткені қолхатты жазған да, жаздырған да – қарапайым азамат. Оның заңдық білімі жоқ. Бұл заң алдында кешірімді.
Айта кеткен жөн, қолхатты жаздыруға ұялмаңыз. Бұл заңда да, дінде де бар шарт. Соны ұмытпаңыз. 
Қарыз алған адам да қарызын бергеннен кейін дәл осылай қолхат жаздырып алғаны абзал. 

Қ.Слямбеков
21 қараша 2021 ж. 331 0