Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұғыры биік Тәуелсіздік

Тұғыры биік Тәуелсіздік

Қалықтаған бүркіт, кең дала, көсіле шапқан жылқылар, көк ту – Тәуелсіздікті осылай ғана жырлаппыз! Бірақ сол Тәуелсіздікті қалай алғанымыз, қандай тәуекелдерге барғанымызды көпшілігі білмей жүр. Содан келіп, «Тәуелсіздік өз-өзінен келді, 1986 жылы болған қырғыннан кейін күреспедік, Совет Одағынан ең соңғы болып шығуымыз шарсыздықтан болды» деген ой қалыптасып жатыр кейінгілерде. Шындығында солай ма?!
Сөз басын аздаған мысалдан бастағанды жөн көрдік. Мысалымыз көбелектің өмірге келуі жайында болмақ. Себебі, оның өмірге келуі Тәуелсіз Қазақстанның құрылуын еске түсіреді. Мәселен, піллəдан көбелек жарып шығар кезде, əлгінің іші 70-80° градусқа дейін ысып-күйе бастайды екен. Қабыршақтың ішіндегі осы тозаққа шыдас бергенде ғана өмірге əдемі көбелек келеді.
Мұнымен не айтайын деп отырмыз? Қазақ ұлты бүгінгідей тəуелсіз күнге жету үшін, тура көбелек сияқты жан төзгісіз сынаққа шыдауға тура келді. Көбелек піллəда ары кетсе 2-3 күн күйіп-жанады, ал біз өзгенің қыспағында, 70 жыл өмір сүріппіз. Әйтсе де жарты ғасырлық сынақтан кейін еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сол жылдарға тоқталайық.
Қазақстан және біз секілді 14 рес­публика өзінің тәуелсіздігіне КСРО тарағаннан кейін ғана қол жеткізе алды. Дегенмен КСРО-ның ыдырауын зерттеушілер түрлі экономикалық жағдайлармен байланыстырады. Мәселен, 1991-1992 жылдары РФ қаржы министрі болған Егор Гайдар КСРО-ның ыдырау себептері туралы «Империяның күйреуі» атты кітапта былай депті: «КСРО-ның» күйреген нақты уақыты ешқандай Беловеж келісімдері, тіпті ГКЧП да емес. Ол – 1985 жылдың 13 тамызы еді. Дәл осы күні Сауд Арабиясы қара алтын өндірісін 10 есе ұлғайтып жіберді. Негізгі табысын мұнайдан тауып отырған Совет Одағының экономикасы құлады, одан кейін есін қайта жинай алған жоқ».
Мәселе былай болған, 1974 жылы Сауд Арабиясы Еуропа мен АҚШ-қа бір тамшы да мұнай өндірмей қояды. Араб мұнайының айналымға шықпай қалуы КСРО мұнайының өте көп мөлшерде және өте қымбатқа пұлдануына жол ашады. Арада жылдар өтеді Коммунистер шалқыған заман 1985 жылға дейін созылып, сол 1985 жылы әлгі эмбарга жариялаушы король өлтіріліп, жаңа ханзада Еуропа мен АҚШ-қа мұнай экспортын 10-есеге ұлғайтады. Салдарынан 40 долларға сатылып жатқан мұнайдың 10 долларға түсіп кетуімен, КСРО-да қиын кезеңдер басталады. Дүкен сөрелері бос қалып, ең қажет нанның өзі жоғалды. Бір айналдырғанды шыр айналдырады дегендей 1986 жылы Чернобль атом станциясы жарылды, сол жылдың соңында Алматыда қазақ жастары толқыды. Басқаларға сабақ болсын деп бұл толқуды Мәскеудегілер басып, жаншыды. Бірақ бұл әрекет оларға кері әсерін берді.
Алматы оқиғасынан көп өтпей Эстония, Литва, Латвия жұртшылығы өздерінің ұлттық әндерін шырқап, егемендік, тәуелсіздік туралы айта бастады. 1988 жылы Горбачев Эстонияға барғанда жұртшылығы «Біз СССР-ге өз еркімізбен кіргеніміз жоқ, саяси тұрғыдан әділ болуы үшін Одақтас Республикалар өз Тәуелсіздігін жариялап, одаққа қайтадан енсе» деген ұсыныс айтты. КСРО орнына жаңадан одақ құру туралы пікірлерді Михаил Горбачев тұншықтырумен болса да, ешқандай саяси реформа жасалмағандықтан жағдай ушығып, саясат бетімен кетті. Газет беттерінде 1932 жылдардағы ашаршылық, 1937 жылдардағы репрессия еркін талқылана бастады.
Бірақ бұрын соңды парасатты пікірталасты көрмеген халық өз эмоциясына ие бола алмай қалды. Соның кесірінен 1987 жылы Карабахта этносаяси соғыс басталды, Ферғанада ұлтаралық жанжал болып, Кавказда Грузин-Осетин соғысы орын алды. Осындай қым қуыт жағдайда бір оқ атпастан Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялай алды. Десе де егемендік алғанға дейінгі осы аралықта қандай оқиғалар өрбіді? Саралап көрдік.
Сонымен жер-жерлерде қантөгіс, ұлтаралық қақтығыс өршіп бара жатты. Керек десеңіз, 1990 жылы 10 наурызда Мәскеуде 300 мың адам жиналған үлкен митинг өтті. Көтерген ұрандары «Коммунистік партия биліктен кетсін» деген талап еді. Әлгіндей шерулер көбейіп кеткеннен кейін 1990 жылдың 12 наурыз күні СССР Халықтық депутаттарының III-ші съезі өткізіледі. Күн тәртібінде «Коммунистік партия одақтағы билеуші күш» деген бапты алып тастау ұсынылып, компартия биліктен аластатылады. Дәл осы жерде Михаил Горбачев бүкіл билікті өзінің қолына жинап беретін, СССР Президенті деген лауазымды ұсынады. Әлбетте залдың барлығы бұл ұсынысқа қарсы шығады. Айқай-шу орнаған залдың ортасынан мінберге ҚАЗ ССР басшысы Н.Назарбаев көтеріліп, КСРО-дағы күллі билікті қолына жинап беретін лауазымға ­Михаил Горбачевтың лайық екендігін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп, парламентті көндіреді. Нәтижесінде Горбачев ­Совет Одағының президентіне айналып шығады. Дәл осы кезде Халық депутаттарына қарап тұрып, Нұрсұлтан Әбішұлы «Бас хатшы президент болды екен, онда республикадағы хат­шы­ларда президент лауазымын алуы керек» дегенді ұсынады. Өңір-өңірден келген депутаттар бұл ұсынысты қуана-қуана қолдайды. Бұл сәтті Михаил Горбачев өз естеліктерінде былай жеткізеді: «Менің жоспарымда Одақтық Республика басшыларына президенттік лауазым беру деген ой болған жоқ. Президенттік басқару формасы КСРО-дағы күллі билікті менің қолыма жинап беруі керек еді. Әккі Назарбаев, мені қолдаған болып, үстімнен ойнап кетті. Сөйтті де Республикалардың егемендігін ұлғайтып жіберді».
Осылайша Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысының арқасында Республика хатшылары әп сәтте президенттерге айналып шыға келді. Президент лауазымы Горбачевтан тәуелсізденуге мүдделі Борис Ельциннің қол аяғын шешіп берді десек те болады. Ол РФСР Президенті қызметіне кірісе сала Ресейдің Егемендік декларациясын жариялап жібереді. Артынша біздің еліміз «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын» 1990 жылдың 25 қазанында қабылдайды. Құжатта қазақ елінің қалыптасқан аумағына қол сұғылмайтыны, өз ішкі әскері, мемлекет және қоғам қауіпсіздігі органдарын ұстауға құқылы екендігі жарияланды.
1991 жылдың тамызында Горбачевтың Қырымда, Ельцинның Қазақстанда демалып жатқанын пайдаланған Коммунистік Партия өкілдері, ГКЧП (Государственный комитет по чрезвычайному положению) дейтін ұйым құрды. Сөйтті де билікке келе сала ұйымның заңдары республикалардың заңынан жоғары тұрады деген заң шығарады. Дегенмен, ұйымның билікке заңсыз келгені туралы тілшілер ақпар таратқанының арқасында халық алаңға шығады. Осылайша толқулардан кейін коммунистер бар болғаны 4 күнде биліктен кетіп, Борис Ельцин коммунистік партияны таратып жіберді. Биліктен алыстап бара жатқанын түсінген ­Горбачев жиындарда ССГ (Союз Суверенных Государств) құруды ұсынып, Тәуелсіз елдер конфедерациясы шартына 1991 жылдың 9 желтоқсанында қол қойылатыны туралы келісімге келеді.
Әлгі шарт әзірленетін болса, Борис Ельцин одақтағы көп президенттің бірі болып қалар еді. Сөйтіп 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беловеж орманында Ресей, Беларусь, Украина президенттері кездесіп, КСРО-ны таратып, орнына ТМД-ны құруға келісті. 1 желтоқсан күні ел президенті болып сайланған мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев бұл құпия кездесуге шақырту алғанына қарамастан, саяси сауаттылығын көрсетіп, Беловежге емес, тура Мәскеуге бет алады. Одақтың онсызда құрып бітетіні белгілі болғанын ескерсек, Нұрсұлтан Әбішұлының бұл әрекетін әккі саяси жүріс деп бағалауға болады. Жиын өтіп, одақ ыдырайды. Міне осы оқиғадан кейін ол Мәскеуден Алматыға ұшып келіп, 10 желтоқсан күні ел атауынан «Советтік Социалистік» дегенді алып тастап, Қазақстан Республикасы етеді. 16 желтоқсан күні мемлекеттің тәуелсіздігін жариялап, 5 күннен кейін КСРО-ның мәңгіге күйрегенін бекіттіріп алу үшін Алматыда жиын өткізеді. Ресей, Беларусь, Украина басшылары ­Беловеж орманын­да Кеңес Одағын күйретуге келіскеніме­н оны ел алдында ашық айтуға қымсынып жүрген болатын. 1991 жылдың 21 желтоқсанында біздің елімізде өткен конференцияда Кеңес Одағының күйрегенін анықтайтын құжат берілді. Сондай-ақ, конференцияда ТМД-ға қатысушы 11 мемлекеттің тең құқылы екендігі жарияланды.

ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ ОДАҚТАН ШЫҒЫП КЕТУГЕ АСЫҚПАДЫ?
«Осы одақтан неге кеш шықтық, неге тамыздың соңында қырғыз, өзбек ағайындармен ілесіп тәуелсіздікті жариялап жібермедік?» деген сауалдар бар ел ішінде. Бірге шығып кетуге болар еді, бірақ олардың ахуалы бөлек, ал біздің жағдай басқаша болатын.
Демографиялық статистикаға қарасаңыз, елімізде 1991 жылы қазақтардың үлесі бар болғаны 39 процент, астанамыз Алматыда 14-15 процент, ал солтүстік облыстардағы қазақтың үлесі 5 проценттен де аз еді. Дәл осындай жағдайда, яғни Кеңес үкіметі бар кезде біз бөлініп Тәуелсіздік алып кетсек, онда солтүстік облыстағы тұрғындар біз совет одағында қаламыз деп шу көтеруі ғажап емес. Себебі, мұндай жағдай Грузияда орын алып оңтүстік өңірлері шу шығарды, ал Молдавияда орыс ұлты өкілдерінің үлесі басым бір облысы осындай талаптармен бас көтерді. Бұндай мысалдар бізде де болғандықтан, бүліктің алдын алу үшін күтуге тура келді.
КСРО құрамынан ертерек шығып кетпеуіміздің тағы бір себебі – экономика еді. 1991 жылы еліміздің экономикасының 93 проценті одақтық министрліктерге бағынатын. Яғни, Мәскеу елдегі зауыт, фабрикаларда не өндіріп, кімге сататынын тек өздері шешіп отыратын. Егер СССР бар кезде біздер бөлініп шықсақ, зауыт пен фабриканың түгелін одақтың еншісіне қалдыруға мәжбүр болдық. Асығыстық жасамаудың бір себебі осы болатын. Елбасы тамыз оқиғасынан, 16 желтоқсанға дейін КСРО меншігіндегі бүкіл дүниелерді Қазақстанның еншісіне өткізді. Ең бірінші болып Байқоңырды меншігімізге өткіздік. Тағы бір айта кетерлігі, еліміз Кеңес Одағының мүшелігінде бола тұра ең үлкен ядролық полигонды жабу туралы батыл шешім шығара білді. Одақтан кеш шығуымыздың пайдалы тұстары да болды. Мәселен 1991 жылы ­Бауыржан Момышұлына КСРО Батыры атағы берілді, сондай-ақ, одақ тарап жатқанда КСРО-ның мәртебесін пайдаланып 1986 жылдың боздақтарын ақтап алдық.
Елестетіңізші: 1900 жылы туылған қазақ, бозбала шаққа енді жеткенде 1916-шы жылғы бұлғаққа тап болды. Бұл бəлекеттен аман қалып еді, 1917-де ауылын ақ пен қызыл шапты. Одан тірі қалып еді, 1922-де аштыққа ұрынды. Содан кейін, 1932-де тағы аштық болды. Сүйегін сүйретіп тірі қалғанын қайтейік, 1937-де сотталып кете барды. Ақталып, ауылына келгені сол еді, 1941-де соғысқа алынды... Айналдырған жарты ғасырда міне осылай 5-6 нəубетті қатар көріпті. Егер, қазақтың орнында басқа халық болғанда мұншама сынаққа шыдай алмас еді. Кім біледі, осыншама нəубет-зұлымдықтан аман алып қалғанына қарағанда, Жаратқанның қазаққа үлкен бір жоспары болған шығар? Расында, пілләдан шыққан көбелек секілді түрлі сынаққа шыдас берген елімізге Жаратқанның сыйы дәл осы Тәуелсіздік болады. Дегенмен елімізге әдемі көбелектің қысқа ғұмыры емес, мәңгілік бейбіт өмір бұйырса дейміз.

Рамазан ӘНӘПИЯ
20 қараша 2021 ж. 440 0