МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУСІЗ ЖАН
Қазан айының екінші жексенбісі мүмкіндігі шектеулі жандар күні. Бұл айрықша датаны Біріккен ұлттар ұйымы 1992 жылы бекіткен. Ондағы мақсат – тағдыр тәлкегіне ұшырап, өмірдің азабын тартқан адамдарға мүмкіндік сыйлау. Иә, мұндай жандардың құқығын қорғауымыз қажет. Олардың да қоғамның бір мүшесі ретінде дөңгеленген дүниеде өмір сүруге хақысы бар. Сау адам мен сал адамды бөліп жаруға болмайды. Себебі, олар он екі мүшесі сау жандарға қарағанда өмірдің тәттірек екенін әлдеқайда жақсы біледі. Шынын айтар болсақ, оларға «мүмкіндігі шектеулі» емес, «өмірге құштар» деген теңеу беру керек секілді. Неге дейсіз ғой? Өйткені, олар расымен өмірге құштар. Ал, ауданда арбаға таңылып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да, ел қатарлы жұмыс істеп, қоғам алдында жүргендері қаншама. Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған осындай жандардың бірі Асылбек Ерғалиұлы.
«Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып хақың бар жүгіруге» деген өлең жолдары Асылбек Смайловқа арналғандай. Расымен, ол ешқашан сынған жоқ. Оның өмір жолында қанша қиындықтар тұрса да, берілген жоқ. Құлады, қайта тұрды. Түсінікті болу үшін әңгімемізді басынан бастайық.
«Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып хақың бар жүгіруге» деген өлең жолдары Асылбек Смайловқа арналғандай. Расымен, ол ешқашан сынған жоқ. Оның өмір жолында қанша қиындықтар тұрса да, берілген жоқ. Құлады, қайта тұрды. Түсінікті болу үшін әңгімемізді басынан бастайық.
1976 жылы дүние дидарына келген бүгінгі кейіпкеріміз еш алаңсыз бақытты өмірін сүріп жүрген жан еді. Ойнады, күлді. Өзге балалар секілді 1983 жылдан бастап мектеп табалдырығын аттап, ел қатарлы білім алды. Оқуда озат болған ол түрлі жарыстардан жүлделі орындар алып, ауданымыздың мәртебесін асқақтатты. 1993 жылы білім ордасын тәмамдағаннан кейін, 1995 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің «дене шынықтыру» факультетін тәмамдап, аудандағы үздік мектептердің бірінде ұстаздық етуден бастады. Бірақ, алма-ғайып дүние өз дегенін жасап, оның өмірі бір-ақ күнде күрт өзгереді. Дәлірек айтсақ, 2000 жылдың мамырында Асылбек Смайлов кенеттен келген жол апатына ұшырады. Қас пен көздің арасында оның бел омыртқасы сынып, екі аяғы бірдей жансызданып қалады. Он күндей жансақтау бөлімінде жатқан кейіпкеріміздің өмірін қаладағы білікті дәрігерлер аман алып қалады. Бірақ, жаны аман қалғанымен, қос аяғын қалпына келтіру ақ халаттылардың қолынан келген жоқ. Бәлкім, бұл да бір тағдырдың ісі шығар. Не болса да, Асылбек аға оған еш мойымады. Алладан келген сынаққа сынбады. Керісінше, алға қарай ұмтылып, ағысқа қарсы жүзді.
– Менің бақытсыз болуыма хақым жоқ. Қиындықтың тырнағына ілінсем де, әрбір күніме шікіршілік етемін. Тағдыр мені қанша сынаса да, еш мойыған емеспін. Қайта керісінше, көпке үлгі болып, қолымнан келгенді жасағым келеді. Аллаға шүкір, менің жанымда достарым, бауырларым, мені қашанда қолдайтын асыл жарым мен екі қызым бар. Сондықтан мен бақыттымын,– дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Асылбек Ерғалиұлы «Үміт» қоғамдық қорының төрағасы. Өзі басшылық ететін мекемеде аянбай еңбек етіп жүрген оның ауданға сіңірген еңбегі зор. Ол арбаға таңылса да, өзі сияқты жандардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, мықты болуға бағыт-бағдар беріп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандармен бірлесіп, жаңа мүмкіндік іздеген оның өмірге деген құштарлығы қос жанарынан анық байқалады. Жастарға үлгі болып жүрген осындай азаматымыздың ауданның абыройын асқақтатуға барын салғанын өңір тұрғындарының бәрі біледі. Ол түрлі спорттық сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп, жүлделі орындарды қанжығасына байлап келеді. Оның оңашада өлең жазатыны тағы бар. Қағаз бен қалам кемірген өмірге құштар жанның жүрек түкпірінен орын алар жауһар жырлары жетерлік. Мақаламыздың соңын Асылбек ағамыздың анасына арнаған әдемі жыр шумағымен аяқтауды жөн көрдік:
Анашым сәл көрмесем
сағынамын өзіңді,
Асығам көруге жылы жүзіңді.
Асыл ана өзіңсің, қуат нәр
берген,
Қуанамын естісем жылы сөзіңді.
Сымбат СҰЛТАН