Бар кітапқа бас болған
«Білім – теңіз, мектеп – кеме» демекші адам баласына ең бірінші әріпті үйретіп, білімге деген көзқарасын қалыптастыратын әрине, мектеп. Ал, мектеп табалдырығын аттаған балалардың қолына ең әуелі табысталатын кітап – әліппе. Демек, әліппені біз бар кітапқа бас болған деп айта аламыз.
Қайбір жылдары әліппенің оқу бағдарламасынан шығып қалғаны бәрімізге мәлім. Әрине, ол кезде оқушылар мен мұғалімдерге де оңай болған жоқ. Себебі, білім атаулының бастауында тұрған әліппе қай заманда болсын қазақ қоғамының ерекше назарында еді. Ұлы педагог Ахмет Байтұрсынов әуелі 1912 жылы «Оқу құралы» деп ұсынып, кейін ұдайы толықтыру, жетілдіру нәтижесінде 1927 жылы «Жаңа әліпби» деген атпен мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің бас кітабы бұдан кейінгі кезеңде жарық көрген барлық әліппелерге берік іргетас болды.

Міне, байқағанымыздай әліппе сонау уақыттан бері өз маңыздылығын жойған емес. Оның маңыздылығы сонша, еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін жарық көрген жаңа буын әліппесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі алғыс хат жазып, мектеп табалдырығын аттаған жас буынды құттықтаған еді. Енді араға уақыт салып, кезінде оқу бағдарламасынан алынып, ата-ана мен оқушының, мұғалімдердің наразылығын тудырған әліппе оқу бағдарламасына қайта оралды. Оған мұрындық болған – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Ол бұл жөнінде «Бірінші қыркүйекте өтетін іс-шарада біз алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппе» оқулығын табыс етуіміз керек. Бұл – игі дәстүр. Аталған бағыттағы жұмысты уақытылы ұйымдастыруымыз керек. «Әліппе» – бүлдіршіндердің алғашқы оқулығы. «Әліппе» оқулығы әзірленіп, өңірлерге жеткізіліп жатыр. «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалды», – деген еді.
Білім және ғылым министрі мәлімдегендей, биыл бірінші қыркүйектен бастап оқушылар әліппемен қайта қауышты. Әрине мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалар үшін барлығын үйреніп кету оңай емес. Бұл орайда әліппенің берер көмегі көп. Ондағы әр өлең, әр әріп тайға таңба басқандай түсінікті етіп жазылып, мағынасы мен мәнері де бір-біріне сай келеді. Ал, өлеңдер шағын әрі шымыр, жатталуы оңай. Сондай-ақ, әліппе әріп үйретіп, сөз, сөйлем құрауға баулитын оқулық қана емес, ұлттық тәлім-тәрбиеге, ғылым-білімге, өнерге, түрлі мамандыққа шақырып, спортқа да баулиды. Жалпы айтқанда әліппе баланы жан-жақты дамытатын әмбебап оқулық. Бала білім ордасын осындай оқу құралымен бастаса, әрмен қарай оқуда озат, білімге құштар болып өсетіні ақиқат. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағын білім биігіне бастайтын әліппе енді қайтіп оқу бағдарламасынан алынбаса екен деп тілейміз.
Гүлжайна ИСАКОВА