Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА АЙФОН ӘПЕРШІ...

ЖАҢА АЙФОН ӘПЕРШІ...

-Әкешім?
-ау, балам?
-Менің қолымдағы айфон ескіріп бара жатыр. Жаңасын алып беріңізші.
- Анаң екеуміз кеше ғана алып берген жоқпыз ба?
-Түу, әке! Сыныптастарымның барлығы дерлік жаңа айфон сатып алған. Туған күнімде маған да алып беріңіздерші. Оған дейін «айфон 13» те шығып қалар. Жарай ма?
-Тағы да несие төлеп жүреміз бе? жаңасын қайтпексің?
-Қатарымнан қалғым келмейді...
Иә, мұны бүгінгі жасөспірімдердің күнделікті диалогы дерсің. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың ата-аналарына жиі айтатын әңгімелері бұл. Жасыратыны жоқ, бүгінде қолында гаджеті жоқ баланы сирек кездестіретін болдық. Ұялы телефон атаулы балабақшаға баратын бүлдіршіндерден бастап, жоғары сынып оқушыларына дейін бар. Одан кейінгі жас­тар туралы жақ ашпай-ақ қояйын. Қазіргі таңда білімімен жарысатын жастар емес, ұялы телефонының жаңа маркасымен мақтанатындардың қатары көбейген. Хат алысып, хат жазысуға болатын қарапайым смартфон ұстағандардың қатары аз. Көгілдір экранның көк бетін сыйпағандардың денінде айфонның түр-түрі бар бүгінде. Себебі, қазіргі таңда сенің тұрмыс-жағдайыңның өзі қолыңдағы смартфонмен өлшенетін болған. Қарапайым гаджет ұстасаң, мазақ етіп күледі-мыс. Үлкендерді былай қойғанда, мектеп жасындағылардың өзі ата-аналары сатып алып берген телефонмен мақтанғысы келеді. Тістелген алмасы бар айфонның жаңа түрі шыға қалса, сатып алуға асық, олар. Ал, мұндай телефондардың арзан тұрмасы анық. Құны кем дегенде 500 мыңнан басталатын қымбат құрылғыны сатып алуға оқушылардың қалтасы әрине көтермейді. Алайда, «балам қатарынан қалмасын» дейтін ата-аналардың басым көпшілігі амалдың жоғынан қалағанын сатып алып беруге мәжбүр. Бірі тиыннан тиын құраса, енді бірі несиенің көмегіне жүгінеді. Баласы айфон ұстап жүрген біршама ата-аналардың тұрмыс-жағдайлары керемет деп айту қиын. Бірақ, «балам жыламасын» дейтіндер аталған соманы жерден қазса да табады. Ал, арманындағы телефонды ала алмай, әке-шешем айфон алып бермеді деп, өз-өздеріне қол жұмсағандар да бар арада. Мұндай факттың біреуі былтыр Алматы қаласында тіркеліп, соңы өліммен аяқталған болатын. Естімек түгіл, көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Сенбеске амал жоқ. Мұндай жағдайға кімді, тіпті нені кінәларыңды білмей дал боласың. Барлығы сол «жұрттан қалмаудың» кесірі. Оның үстіне экранның арғы жағындағы дүниелердің бүгінгі жастарға үйретері аз. Достары қымбат телефон сатып алса, соған қызығып тұратын балалардың психологиясы расында бұзылып бара жатыр.
«Apple» компаниясының жасап шығарған тістелген алмасы бар смартфондары бүгінгі заманның басты трендіне айналған. Ең алғаш Америка құрама Штатының Колифорния қаласында «apple» компаниясы «iphone» ұялы маркасын жасап шығарған болатын. Содан бері бұл компанияның кәсібі алға басып, тасы өрге домалады. Содан кейін дәл мұндай телефондарды Қытай мемлекеті де жасап шығаратын болды.
Қазіргінің бренді болған гаджедтерге әлем елдерінің назары ауып, қызығушылығы артып, айтарлықтай сұранысқа ие болды. Дәл осы батырмасыз құрылғылар он жыл бұрын біздің елге де жетіп үлгерді. Сол уақыттың ішінде «айфон» ұялы телефоны мың құбылып, жыл сайын жаңарып отырды. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып бара жатқан оның жаңа үлгісі шығамын дегенше, көпшілік оның соңынан қуып жете алмай әлекке түсті. Айтарлықтай танымалдыққа ие бұл смартфондардың бағасы да арзан емес. Бірінің қалтасы көтерсе, енді бірінің сатып алуға шамасы жетпейді. Бірақ, «apple» өнімін кімнің болса да сатып алғысы келетіні рас. Сауда үйлерінде қаптаған телефондар тұрса да, қос жанарың әлгіндегі қымбат Смартфонға бірден түседі. Бала түгіл, кейде өзіміздің сатып алғымыз кеп кетеді. Алайда, құны бүгінде бір қыздың қалың мал бағасымен бірдей. Ал, енді өзіңіз бағасын жобалай беріңіз. Айтпағым, айфонның жаңа маркасы жайында. Дәлірек айтсам, «айфон 13». Гаджет қарапайым біз түгіл, бай-шенділердің қолына енді тиіп жатыр. Жақында ғана қолданысқа енген 13-ші маркалы айфонның құны 1000000 теңгеден басталады. Оның басқалардан ерекшелігі жаңа қолданбасы мен әдемі камерасында ғана. Артық ештеңесі жоқ. Тек бағасы аспандап, цифры өзгеріп жатқаны болмаса, аты да заты да өзгермеген. Алайда, оның жаңа маркасын сатып алуға бүгінгі жастарымыз құмар.
– Мен тоғызыншы сыныпта оқимын. Шиелі ауданында тұрамын. Достарымның біршамасы жаңа маркалы айфон ұстайды. Оның көмегімен сапалы суретке түсіп, өз контенттерін дамытып отыр. Сондай-ақ жаңа айфонмен суретке түсу қазіргінің сәніне айналған. Тіпті, су жаңа телефоны барлар өздігінше бөлініп, топтасып жүреді. Мектепте кім айфон ұстаса, сол оқушы ең бай және ең замануи адам болып саналады. Менің де бұл телефонды сатып алғым келеді. Маған оның жаңа қолданбалары және сапасы қатты ұнайды. Алайда, ата-анамның маған айфон алып бермейтіні анық дейді,– Әдемі Мусаева.
Расында, бүгінгі жастардың дені заманның көшімен жүргісі келеді. Телефонға телміріп, бірінен бірі қалмай ойындағы дүниеге қол жеткізуді арман етеді. Әңгіме смартфон жайлы басталған соң, мұны да айтпай кетпесек болмас. Әлеуметтік желі пайда болып, түрлі ұялы-телефондар шыққалы кітапханаға барып, газет-журнал оқитындарды сирек кездестіретін болдық. Ақиқатында газетке емес, гаджетке құмар жастарымыз көп бүгінде. Әтеген-ай деп қаласың...

Сымбат СҰЛТАН
21 қыркүйек 2021 ж. 350 0