Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық ғалымдар Альцгеймер ауруына қарсы дәрі жасап жатыр

Қазақстандық ғалымдар Альцгеймер ауруына қарсы дәрі жасап жатыр

Қазақстандық ғалымдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасап жатыр. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Еуропалық Одақ грантын жеңіп алды. Олар Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп, әзірлеушілер тобына кірді.
Дәрілік препаратты дайындау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін түйе тікенегі пайдаланылады.
Отандық зерттеушілер өсімдіктен атеросклероздың бастапқы формаларын емдеуде тиімді биологиялық белсенді заттарды алды.
Біз дәрілік өсімдік – түйе тікенегіне зерттеу жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің грантын алдық. Содан кейін біз оның құнды қасиеттерін анықтадық. Біз өзіміз ашқан жаңалықты Португалияда таныстырдық. Олар біздің ғылыми әзірлемелерімізге қызығушылық танытып, ынтымақтастық ұсынды. Жобаны орындау кезінде флавоноидтардың суда еритін формаларын аламыз, оларды көміртекті наноматериалдармен модификациялаймыз. Шетелдік ғалымдар жедел тест өткізіп, біз анықтаған наноматериалдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларының дамуына кедергі келтіретінін және пациенттерді аурудың алғашқы кезеңдерінде емдеуге көмектесетінін растады. Сонымен қатар түйе тікенегінен алынған модификацияланған биологиялық белсенді заттардың жанама әсерлері жоқ және адам денсаулығы үшін қауіпсіз болып танылды, – деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов.Қызылордалық ғалымдар шетелдік әріптестерімен бірге байқауға қатысу үшін өтініш беріп, Horizon-2020 бағдарламасы бойынша Еуропалық Одақтың грантын жеңіп алды. Енді ғылыми топ клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдарында басқа да көптеген инновациялық жоба бар, олардың бір бөлігі коммерцияландырылған. Мәселен, химик ғалым, профессор Нұрбол Аппазов қара алтынды мұнай шламынан өңдеудің тиімді әдісін ойлап тапты. Жоба Құмкөлдің ірі мұнай-газ кен орындарының бірінде енгізілді. Қазақстандық ғалымның жобасы көптеген шетелдік жоба арасынан топ жарып, ең үнемді жобалардың бірі ретінде танылды.
Ғалымдардың күріш сабанынан целлюлоза алу жобасы қағаз өндірісінде қолданысқа енгізілді. Бұрын астық жинап, өңдегеннен кейін мыңдаған тонна күріш сабаны мен қауызы қолданылмай өртелетін. Ғалымдардың жұмысының арқасында экологияға таза шешім табылды. Қазір күріш сабанының дәндері мен қабығынан қағаз, белсендірілген көмір және тыңайтқыш - биочар жасалады.
Соңғы үш жылда қызылордалық ғалымдар 60 бірегей ғылыми әзірлемені патенттеді. 10-нан астам инновациялық жобаны коммерцияландыру жоспарда бар.

https://baq.kz​​​
20 қыркүйек 2021 ж. 284 0