Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі ауданның берері көп

Берекелі ауданның берері көп

Бірінші қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда әр саланы қамтып, Қазақстанның өсіп-өркендеу жолындағы түрлі бағыт бағдарды ұсынды. Соның ішінде ел экономикасының тірегі ауыл шаруашылық саласы екенін айтты.
Халқымыз ежелден төскейінде өрген төрт түлігімен тірлігін түзеп, «малым жанымның садағасы» деп ғұмыр кешкен. Сондықтан да көнеден тамыр тартқан тұрмыс үрдісінен ажырамай, қазір де қора-қора малын өрбітіп отыр. Биыл қуаңшылық пен құрғақшылықтың кесірінен батыс аймақтарда және Арал ауданында малдың қырылуы, жем-шөптің жетіспеушілігі сынды мәселелер белең алды. Тірлігін түзбен байланыстырған шаруалар үшін бұл ауыр соққы болды. Осы ретте Президент мұндай түйткілді дүниелердің қайталанбауы үшін жем-шөп алқабын молайту, шабындық жерлердің күтімін арттыру, малдың қыстық азығын дайындау ісіне баса назар аудару керектігін айтып өтті. Расымен де, Абайша айтсақ, қолымызды мезгілінен кеш сермемей, әр нәрсені уақытылы қадағалаған жөн. Жауын-шашын аз болып, мал азығы кеміген батыстағы жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Ел болып көмек қолымызды сол шаруаларға соза отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы игеруді қолға алғанымыз дұрыс-ақ.
Осындай ахуалды ескерген облыс әкімі Г.Наушақызы қысқа түсетін ауыл шаруашылығы малдарын жем-шөп қорымен қамтамасыз ету бағыты бойынша біршама жұмыстарды жүйеледі. Мәселен, қазіргі уақытта қыстық малдың жем-шөбін әзірлеу мақсатында аудан бойынша 112 900 тонна шөп жиналды. Мал азығын жинау үшін арнайы жұмысшы тобы құрылып, қысқа түсетін төрт түлік малдың есебі нақтыланды. Оларға қажетті дайындалатын жем-шөптің көлемі анықталып, Шиелі ауданы бойынша қысқы мал азығын жинау туралы жоспар бекітілді. Айта кетейік, ауданда 2021 жылдың 1 тамызындағы санақ бойынша 74 503 ірі қара, 119 197 қой мен ешкі, 1630 түйе, 21441 жылқы, 31 793 бас құс бар. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 115,6%-ке, қой мен ешкі 118,0%-ке, түйе 108,3%-ке, жылқы 115,7%-ке өсті. Ал, осы төрт түлікке қажетті 133 400 тонна шөп, (оның ішінде 93 400 тонна табиғи шөп, 40 000 тонна жоңышқа шөбі), 28 000 тонна сабан, 49 400 тонна жем дайындау жоспарлануда.
Мал шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылатын агроөнеркәсіп секторының ең әлеуетті бағыты. Шиелі ауданында ауқымды жайылым жерлер мен қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар аталған саланың ойдағыдай дамуына айтарлықтай септігін тигізуде. Сондай-ақ, төрт түлік малдан 2888,0 тонна ет (тірілей салмақта), 10956,8 тонна сүт, 1570,7 мың дана жұмыртқа өндірілді.
«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей тек мал шаруашылығын күйттеумен іс бітпейді. Оған қоса егіннің де ебін тауып, биылғы су тапшылығына қарамастан қамбаны толтыруды көздеп отырмыз. Ең бастысы ала жаздай маңдайын күнге күйдіріп, егістік басында жүрген шаруалардың еңбегін еш қылмау қажет. Қазіргі уақытта бітік шыққан егінді шашпай-төкпей дер кезінде жинап алу жұмыстары басталды. Биылғы жылы 30 189,5 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ал, негізгі дақыл күріштің үлесі 12039 гектарды құрайды. Күзгі жиым-терім басталғалы күріш дақылының 3628 гектары орылды. Орта өнім гектарына 55-60 центнерді көрсетеді. Сонымен қатар, егілген 1 166,6 гектар картоптан 150 центнерден, 1570,9 гектар көкөністен 200 центнерден, 2312 гектар бақша дақылдарынан 200 центнерден, 60 гектар дән жүгеріден 30 центнерден, 150 гектар тарыдан 25 центнерден, 992 гектар жерге мақсарыдан 10 центнерден өнім алынады деп күтілуде.
Биыл даңқты күрішші, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы. Осындай мерейлі жылда қамбамыз қызылға толып, ақ күріштен тау тұрғызуға бар күш жігерімізді саламыз. Ал, піскен дәнді-дақыл ұшқан құстың тісінде, соққан желдің өтінде кетпеуі үшін 100 процент техникамен жабдықталу қажет. Бұл бағытта 342 дана трактор, 51 дана автокөлік және 165 дана трактор тіркемесі дайын тұр. Жалпы, соңғы 5 жылда 5,5 млрд теңгеге 120 дана жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, машина-трактор паркі 55%-ке жаңарды. Сондай-ақ, Шиелі ауданы бойынша күзгі егін жинауға мемлекет тарапынан 1 809,5 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Одан бөлек қосымша арзандатылған 564,5 тонна дизель отыны жем-шөп дайындауға берілді. Бүгінде оператор анықталып, литрі 177 тенге болып бекітілді.
Міне, отыз жылдың бедерінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласы алшаң басып, кейбір тұста рекордттық көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Әрине, бұл баянды болашақ пен кемел келешекке бастаған нұрлы қадам екені даусыз. Алдағы уақытта да аграрлық сала алған бағытынан таймай, толайым табыстарға қол жеткізетініне сенім мол.
Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған іс-шаралардың нәтижесі ауылдағы ең басты сала болып табылатын ауыл шаруашылығының өнімдерін молайту және мал шаруашылығын дамыту, оның сапасын арттыру, жерді тоздырмай, ұтымды пайдалану, суландыру көздерін реттеу, жердің меншік иесін толық анықтау арқылы несие жүйесін азаматтарға қызмет етуіне қол жеткізу, шаруаларды қажетті мерзімде қаржыландыру, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру – еліміздің басты міндетіне айналып отыр. Ел болашағы үшін ауыл шаруашылығын дамыту маңыздылығын қоғам санасымен сезінсе, жалпымыз болып, ауылды жандандырудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру жолында мақсатты қызмет етсек, төгілген тердің тәтті дәмін тататын боламыз.

Ерсұлтан Апетов,
аудан әкімінің орынбасары
18 қыркүйек 2021 ж. 424 0