ТІЛІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
«Таңдамалы тәтті тіл – Абай тілі,
Ақынға дос, жаныңа тиеді жылы.
Шымырлатып денеңді, сүйсіндіріп,
Шертіледі жүректің нәзік қылы», – деп ақын Иса Байзақов жырлағандай, бұл – қазақ халқын әлемге танытқан ұлы Абайдың, қазақ әліпбиінің атасы Ахметтің, сырлы да сұлу шығармаларды тудырған Мұхтардың тілі. Ана тілі арқылы адамдар өз қуанышы мен толғанысын жеткізеді. Сондықтан, тіл – қадірлі, қасиетті. Әркімнің ана тіліне деген құрметін анасына, ұлтына, Отанына көрсетілген құрмет деп білуіміз керек.
Тіл – ұлттың жан-жүрегі, басты қадір-қасиеті. Өз алдына өркениет тудыратын да, экономика жасайтын да ұлттың тілі екен. Мәселен, біреуге ол түсінетін басқа тілде сөйлесең, санасына әсер ететін көрінеді. Ал, ана тілінде үн қатсаң, әсерді жүрегіне алатыны дәлелденген. Сонда ең әуелгі дүние – тілде деген сөз. Мемлекеттік сана мен ту содан кейін барып бой көтерсе керек. Мемлекеттік тіл үшін әр қазақ жауапкершілікті өз мойнына алмайынша, іс оңалмайды. Басқа этностарды былай қойғанда, әр қазақ ана тілінде сөйлеп, қазақ болуға талпынса, істің басы – сол. Сонда бәрі бірте-бірте орнына келе бастайды. «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін немістер өздерін неміс деуге ұялған. Неміс сөзі «фашист» деп естілетіндей қабылданған да, өздерін жек көріп кеткен. Сонда олардың оқымыстылары «шетелден келіп жатқан ұғым-түсінік атаулыны немісше атамай, ағылшынша атай беріңдер» деген. Ағылшынша жаза бастаған. Нәтижесінде неміс терминологиясының басым көпшілігі ағылшын сөзімен толыққан. Сөйтсе, неміс экономикасы құлдыраған үстіне құлдырай берген. Берекесіздік белең алған елде ойлана келе, немістің тілтанушы ғалымдары «терминологиямызды қайтадан ұлттық тілімізге аударып, барлығын неміс тілінде жасау керек» деген мәселе көтерген. Соңында, немістер осындай әрекетке барғанда, тұралаған экономикасы аяғынан тік тұрып, өркендеп шыға келеді. Сол кезден бастап әлемдік экономикада «лингва экономика» деген сала орныққан. Оны қалыптастырған да немістер. «Лингва экономика» теориясының формуласы былай: «Тілі дамыған ұлттың экономикасы дамиды. Дамыған экономика тілді күшейтеді». Бұл үрдісті Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жапондықтар да жүргізген. Ал, осы неміс пен жапонның ұлттық ар-намысы мен мемлекеттік рәміздері қорланды дегенді естігендеріңіз бар ма?!
Ұлт болашағын ойлайтын әр қазақ – тіл мәселесін өзінің отбасынан бастауы керек. «Отан – отбасынан басталады» демекші, ана тілі де отбасынан басталады дегенді айтқым келеді.
Әр ата-ана отбасында ана тілінде сөйлеп, бала бойына ана тілін сіңіріп тәрбиелесе, өз тілінің дәмін сезіп-біліп өскен бала ешқашан тілін шұбарландырып, опасыздық жасамас еді. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» деп бекер айтпаған.
Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті. Сондықтан, бала тәрбиелеуде тіл аса маңызды роль атқарады. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» деп білуге тиіспіз.
Қазақ халқының біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген. Ендеше, тілімізді құрметтеп, сүйе білейік. Бүгінгі ұрпақ ана тілінде жетік сөйлеп, білімді, мәдениетті болуы керек. Сол себепті, тәуелсіздікті баянды еткіміз келсе, тіліміздің туын биік ұстайық!
Айнұр НАЗАРОВА