Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе – індетпен күресуге қауқарлы

Екпе – індетпен күресуге қауқарлы


Өңірлік коммуникация қызметінің орталығында өткен брифингте облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов пен №3 қалалық емхананың инфекционист дәрігері Лаура Мүсірепова аймақ тұрғындарын індеттен сақтануға шақырды.
Өткен жылы қауіпті дертке жасы үлкен кісілер көп шалдыққанын байқадық. Биыл коронавирус індеті жас азаматтардан көп анықталуда. Әсіресе, екпе қабылдамаған жерлестеріміз ауыр жағдайда орталыққа жеткізіліп жатты. Яғни, бұл ретте әрбір азамат өзінің денсаулығы үшін вакцина салдыру қажет екенін еске салғымыз келеді. Екпе қабылдаған адамның ағзасы індетпен күресуге қауқарлы, өмірге қауіп төндірмейді.
– Былтыр жаз мезгілінде індеттің алғашқы толқыны кезінде «Сейхун» провизорлық орталығы ашылып, емдеу мекемесінде облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары екі ауысым негізінде еңбек еткен болатын. Бір айдан астам уақыт ішінде мыңға жуық науқасқа медициналық көмек көрсетіліп, дертті азаматтар сауыққан еді. Өкінішке қарай, биыл да санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты «Сейхун» инфекциялық стационарын қайтадан ашуға мәжбүр болдық. Облыс әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының тікелей қолдауының арқасында орталық санаулы күннің ішінде толықтай жасақталып, науқастарды қабылдады. 500 орынға лайықталған стационар 30 шілде күні ашылып, 16 тамыз күні соңғы науқасты үйіне шығарды. Екі аптадан астам уақытта коронавирус індетіне шалдыққан 200-ге жуық науқасқа ем-дом шаралары көрсетілді. Облыстық психикалық денсаулық орталығының 70 қызметкері стационар жұмысына жұмылдырылды. Оның ішінде 11-і біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол дәрігерлер болды, – деді Аман Бөкенбайұлы.
Жасыратыны жоқ, өткен жылы дәрі-дәрмек және тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі сезілген болатын. Керек препараттарды науқастардың жақындары жеткізіп, көмек берген еді. Биылғы жылы бұл мәселеге қатысты ешқандай мәселе болған жоқ. Бір реттік қорғаныш киімдері де жеткілікті. Стационарда жұмыс жасаған мамандарымыз физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да күшейтілген кесте бойынша жұмыс жасауға дайын екендерін көрсете білді. Ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жасалынып, науқастарға тиісті көмек көрсетілгенін де тілге тиек етті сала мамандары.
Лаура Құрманбекқызының айтуынша, екпе салар алдында дәрігер дене қызуын, сатуратциясын, қан қысымын, жүрек соғысын тексереді. Егер адамның жағдайы жақсы болса екпе салынады. Вакцина алған соң 30 минут медициналық мекемеде, екпеден кейін бақылау бөлмесінде болады. Екпе салынған жерді жылы ұстап, салқыннан сақтанып, су тигізбеу керектігі түсіндіріледі. Вакцина алған соң екпенің кері әсері болып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз қайда хабарласуға болатыны жайлы ақпарат жазылған түсіндірме парағы беріледі.

Ақбота Баянбай
28 тамыз 2021 ж. 330 0